Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақованың әлем ұлттарының ІІІ республикалық би фестиваліне қатысушылар сұлулық пен сырбаздықтың тамаша үлгісін паш етті. Әр қимылын әсемдікпен әдіптеген бекзат өнер байқауы Атырау атырабын шын мәнінде өнердің үлкен думанына айналдырды.
Қазақ би өнеріндегі жеке орындауды насихаттау, ұлтаралық мәдени-шығармашылық байланыстарды нығайту, хореография өнері саласында кәсіби тәжірибе алмасу, дарынды бишілерді, хореографтарды, балетмейстерлерді анықтауды мақсат еткен өнер мерекесі Атырау облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалысты ұйымдастыру ғылыми-әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Алтай мен Атырау арасын жалғаған ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 22 орындаушы қатысты. Байқау шарты бойынша бишілер І кезеңде әлем халықтары биінің хореографиялық композицияларын ұсынса, ІІ кезеңде міндетті бағдарлама – Е.Брусиловскийдің музыкасына халық биі «Алтынайды» биледі.
Екі күнге созылған фестивальда бишілердің орындаушылық шеберлігін қазылар алқасының төрағасы – ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова, мүшелері – Қазақстан мәдениетінің қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, өнертану ғылымдарының профессоры, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Айгүл Күлбекова, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымдарының профессоры, Тойған Ізім, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Қазына» халық би ансамблінің бас балетмейстері және көркемдік жетекшісі Зәуре Әжібекова бастаған би өнерінің нағыз майталман мамандары бағалады.
Гүлжан Талпақова – қазақтың көрнекті бишісі. Жоғары орындау техникасымен және бейнені мәнерлі жеткізуімен ерекшеленетін дара дарын әлемнің 52 мемлекетінде өнер көрсетіп, ұлттық би өнерін жаһанға танытты. Биші репертуарындағы «Айжан қыз», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», өзбектің «Хорезм биі» және ұйғыр, корей, вьетнам, моңғол, үнді, мысыр, малай халықтарының билері көрерменін бір сәт те бейжай қалдырып көрген емес. Гастрольдік сапармен АҚШ, Германия, Моңғолия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Бирма, Малайзия, Сингапур, Шри- Ланка), Үндістан, Жапония, Иран, Таиланд, Финляндия сынды елдерді аралап, өнерімен жұртшылықты тәнті етті. Ал Болгария астанасы София қаласында жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ІХ фестиваліне қатысып, «Айжан қыз» биімен айтулы фестивальдің лауреаты атанып, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Американың тоғыз штатында болып, теңдессіз талантымен шартарапты мойындатты. Дәл осы сапарынан кейін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев арнайы қабылдап, «Халық әртісі» атағымен марапаттады.
Ал бұл байқау бишінің өнер жолында жинаған сол мол тәжірибесін өскелең ұрпаққа паш етуді мұрат тұтады. Яғни Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақованың әлем халықтарының ІІІ республикалық байқауын ұлттық мәдениеттің хореографиялық кеңістігіндегі бірегей оқиға десек те болады. Шараның басты ерекшелігі сол – мұнда жеке орындаушылардың шеберлігі сынға түседі. Осы арқылы халық билерін жеке орындауда насихаттау көзделген. Байқаудың шарты да ерекше. Екінші кезеңінде Гүлжан Талпақованың репертуарынан би ұсынылады. Бұған дейінгі байқауларда «Ерке бала», «Қос алқа» билері көрермен көзайымына айналса, биыл «Алтынай» биін сан түрлі сараптауда тамашалауға мүмкіндік туды. Таңдаудың дәл осы туындыға түсуінің себебі – Е.Брусиловскийдің музыкасы ізденушісін хореографиялық композицияға бағыттайды. Онда орындаушы жоғары техниканы, динамиканы, қазақ қызының жарқын бейнесін, тұтастай алғанда өзінің шығармашылық әлеуетін көрсетуі қажет.
– Биші болу үлкен қажырды талап етеді. Әсіресе балет өнерінің жүгі ауыр. Сондықтан да екінің бірі бұл саланы таңдай бермейді. Би – нағыз фанттардың, өз ісін шын сүйетін жанкештілердің жұмысы. Дайындық уақытында қанша қиналсаң, сол азаптың барлығы сахнаға шығып билеп, көрерменнің шексіз қошеметін сезінген бірнеше минуттың ішінде ұмытылып кетеді. Өнер адамының бақыты осы ғой! Яғни би дегеніміз – еңбек. Көрермен ықыласына лайық бола білу үлкен бақыт. Жас буын осыны сезінсе, білсе екен деймін. Қазір жас келді, әне-міне дегенше жетпіс бестің де белесіне келіп қалыппыз. Жастардың билегенін көріп ерекше шабыттанамын. Кейде сахнада жүрген жылдарымды сағынып жылап та аламын. Қазір жастарда мүмкіндік көп. Жалпы, жастарды қолдайтын осындай байқаулардың өткізіліп тұрғаны ерекше қуантады. Жақсы бастамаларға қолдау білдіріп, үнемі игі істердің қасынан табылатын жанашыр азаматтарға алғысым шексіз, – деді айтулы би фестивалінің иесі Гүлжан Талпақова.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынды Зерде Таңнұрқызы (Алматы) мен Әсем Асхатова (Маңғыстау облысы) теңдей бөліссе, ІІ орынды Іңкәр Айдарханқызы (Астана. Қазақ Ұлттық хореография академиясы) алды. І орын астаналық Айсұлу Мұратқалиеваға бұйырды. Ал бас жүлдеге Астана қаласы Қазақ Ұлттық хореография академиясының студенті Ғазиза Молдахмет лайық деп танылды. Гүлжан Талпақованың арнайы жүлдесі Мұрат Қаракөзге (Атырау) берілді. Сонымен қатар «Алтынай» үздік хореографиялық қойылымы үшін А.Күлбекова, А.Шәмшиев және Д.Оразымбетов, «Үздік костюм» аталымы бойынша А.Лұкпанова, «Үздік суретші» аталымында А.Ермұхан марапатталды. Байқаудың барлық қатысушыларына алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Сондай-ақ сахнаны сұлулыққа толтырған би мерекесі аясында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, өнертану кандидаты Анвара Садықованың «Гүлжан Талпақованың өнербаян өрнегі» кітабының тұсаукесері өтті. Фотоальбом-кітап бишінің 75 жылдық мерейтойына арналған. 1970-1980 жылдары халық билерінің бірегей орындаушысы әлемнің елуден астам елінде өзінің шығармашылығы мен қазақ өнерін абыроймен таныстырды. Оның стилі, мәнері, техникасы мен эстетикасы көбінесе отандық өнерге тән бидің жеке орындаушыларының даму жолын анықтады. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбек Гүлжан Талпақованың өмірі мен шығармашылығының қыр-сырын бейнелейтін бірегей архивтік фотосуреттерден тұрады.