Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапханада «Әдебиеттің кемел тұлғасы» атты әдеби кешпен аталып өтті.
Әдеби кеште баяндама жасағандар жазушының өмірі мен шығармашылығына тереңнен тоқталды. Тағдырдың тауқыметімен зұлмат жылдарда басқа қазақтармен бірге ауып барған Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында әкесі мен шешесінен, жалғыз қарындасынан аса ауыр трагедиялық жағдайда айырылған Кемел ағасы Қасыммен бірге балалар үйінде өседі. Ол жылдардағы Балалар үйінің тұрмысы да қоғамдағы жалпы жағдайдан артық болмаған, сондықтан өздерінің ендігі сүйенері тек білім екенін сезген балалар сабақты бас алмай оқып, жақсы азамат болып шығады. Өзінен бір-екі жас қана үлкендігі бар Қасым ағасы Кемелге ендігі өмірінде арқа сүйер панасына айналады. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1942 жылы Ржев түбінде қаза табады. Қиын күндерде өзіне қорған болған ағасын Кемел Тоқаев өмір-бақи ұмытпай, мәңгі есінен шығармаған екен.
Кемел Тоқаевтың өзі де 1942 жылы әскерге алынып, 2,5 жыл соғысып, ауыр жарақат алған соң Гомель, Омбы госпитальдарында емделіп, әскери саптан босатылады. 1945 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсіп, оны 1948 жылы аяқтап, Жамбыл облыстық газетіне жіберіледі. Осыдан әрі оның қызығы мен шыжығы мол қаламгерлік өмірі басталады. Жамбыл облысында бір жыл істеген соң Алматыға оралып, «Лениншіл жас», Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде қалам тербейді. Алғашқы кітабы «Қазақстан пионері» газетінде бас редактор болып жүргенде «Жұлдызды жорық» деген атпен жарық көрген. Қызықты әңгімелерден тұратын бұл кітап жас оқырмандардың жүрегіне жол тауып, еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген хат келеді.
Жазушының 17 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен жұмыс орны – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысы» басылымы. Осыған дейін және осы басылымның бас редакторы бола жүріп оның детектив жанрында жазған «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» атты кітаптары қазақ және орыс тілдерінде бірнеше реттен жарық көреді. Осы тақырыпқа жазылған жазушының соңғы романы – «Соңғы соққы». Бұл еңбегінде жазушы Жетісу чекистерінің атаман Дутовтың көзін жоюды қалай ұйымдастырғаны туралы архив материалдарын көркем әдебиетке айналдырған. Өмірінің соңғы жылдарында ол «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдарын жазды.
Баяндама жасағандардың ішінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Жазира Көкбас қазіргі мектеп бағдарламасына Кемел Тоқаевтың енгізілмегеніне өкініш білдірді. «Оның кітаптары тіпті біздің университеттің кітапханасында да жоқ», деді ол.
Кешке жиналғандар кітапхана қорынан алынған кітаптар мен материалдардан тұратын «Қаламы қарымды қаламгер» атты көрмені де тамашалады.
ПЕТРОПАВЛ