Тау-тасынан тарихы тіл қатып, топырағынан тұлғалар толғанысы төгіліп тұратын Шыңғыстау қойнауы руханияттың қайнар көзі іспетті. Әсіресе көнекөздерден қалған әңгімелердің ақиқатын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, келешегінің керегіне жаратуды ниет еткен ақылман ақсақалдары қандай десеңізші. Ұстаздық қызметін қалың ел таныған, сан шәкірті әлі күнге дейін өнегесін өмірлік азығы еткен сондай қарттың қатарында жазушы-ұстаз, білім беру ісінің үздігі Досымхан Тоққарин де бар.
Алдымен айтайық, бар ғұмырын Шыңғыстау өңірінде өткізіп-ақ аты аңызға айналған «Абай ауылына саяхат» кітабының, «Абайдан соң» тетралогиясының авторы, «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының негізін салған Кәмен Оразалин, күллі Абай жұртының, Құнанбай әулетінің ата-тегіне қатысты құнды деректер жинап, «Ұлылар мекені» атты танымдық мол мұра қалдырған Бекен Исабаев ұстаздық пен шығармашылықты тең ұстаған болмысы бөлек тұлғалар еді. Абай еліне жолы түскен ұлық болсын, кішік болсын, алдымен осындай ел ақсақалдарына сәлем беруі сан жылдан бері дәстүрге айналғалы қашан. Сол тұрғыдан алғанда, қазіргі күнде Семей қаласында тұрғанымен, туған жерінің тарихын түгендеп, әсіресе ұлылар еліндегі білім ордаларының қалыптасу кезеңін қамтитын құнды дүние жазуды мұрат еткен Досымхан Тоққариннің қажырлы еңбегі кімді болсын сүйсінтеріне күмән жоқ. Білім беру саласында 40 жыл еңбек еткен қазыналы қарт ұстаз жақында «Шыңғыстау – шежірелі білім ордасы» атты тарихи құнды кітабын шығарды. Семей қаласындағы «Zhardem» баспасынан жарық көрген кітапта Құнанбай Өскенбайұлы 1851 жылы негізін салған «Ескі там» мектебінен (қазіргі күнде Қарауыл орта мектебінің бастау көзі болып саналады) бастап, Шыңғыстау қойнауында әр кезеңде ашылған мектептер туралы қызықты деректерді баяндайды.
Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен және ұстаз шәкірттерінің, мектеп түлектерінің бірлесе атсалысуымен оқырман қауымға жол тартқан кітаптың Қарауылдағы Жастар үйінде тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесеріне зор ықыласпен қатысқан 97 жастағы абыз ата, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай еліне келгенде бата берген тыл және еңбек ардагері Әбдеш Имаханов, Абай ауданының құрметті азаматы, қазыналы қария Манатай Балтақайұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Төлеген Жанғалиев жұртшылыққа ізгі тілегін арнап, сүбелі еңбек туралы ойларын ортаға салды.
Маңызды басқосуда сөз алған Абай облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің басшысы Мәкия Көбентайқызы аталған кітаптың ұрпақ тәрбиесінде алатын орны айрықша екендігін айтып, Д.Тоққаринге Алғысхат табыс етсе, Абай аудандық мәслихатының депутаты Мақсат Нұрсұлтанұлы аудан басшылығының атынан «Ел алғысы» медалін тағып, жазушы-ұстазға құрмет көрсетті. Сонымен қатар мұндай еселі еңбектің облыстың өзге де мектептерінің тарихын жүйелеу үшін әдістемелік тәжірибе ретінде тарату жөнінде тамаша ұсыныстар айтылды.
«Мен Көкпекті ауданында туып-өскеніммен, бір жылдай Абай жеріндегі мектепте оқығаным бар. Яғни Абай атындағы кеңшарда 1961-1962 жылдары білім алдым. Ұрпақ буыны ауысқан сайын әр кезеңнің білім беру ерекшеліктері болады ғой. Біз өз мектебімізден бөлек, ауданға аты әйгілі мұғалімдерге ерекше құрметпен қарайтынбыз. Мен үшін әлі күнге дейін сондай асыл ағалардың бірі Досымхан аға», деді Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті Өмірзақ Сұлтанов.
Түйіндей айтқанда, «Шыңғыстау – шежірелі білім ордасы» атты кітапта қадірлі ұстаздың қажырлы еңбегі айқын көрініс тапқан. Білім берген шәкірттерінің көшін қазақ әдебиетінің классигі Роллан Сейсенбаев, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова, жазушы Айгүл Кемелбаева бастап тұрғанын айтсақ та, Досымхан ақсақалдың өз дәуірінде ұстаздық қызметін қалай атқарғаны түсінікті болар. Сексен жастың бел ортасын бағындырса да, сергек қалпынан айнымаған жазушы-ұстаз жайындағы бір үзік сыр осындай.
Абай облысы