• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 09 Қазан, 2023

Батыс Қазақстан облысы: Түсім неге төмен?

235 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында егін орағы 91,2 пайыз аяқталды. Өңірде барлығы 421,6 мың га алқаптың 384,6 мың гектары орылып, дәні қамбаға құйылды.

Батыс Қазақстан ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтың айтуынша, дәнді дақыл түгелге жуық жиналған. Егіннің шығымдылығы облыс бойынша орта есеппен гектарына 10 центнерден келді. Ал ежел­ден диқаншылығы басым Бәй­терек ауданында 11,7 центнерден жиналып­ты. Осылайша, облыс биыл дәнді дақыл­дан 300 мың тоннаға жуық өнім алды.

Кейінгі жылдары өңір диқандары майлы дақыл өсіруге де маманданып алған еді. 112,15 га алқаптағы бұл өнімнің 80 пайызы жиналған, оның шығымы гектарына 6,4 центнерден айналған.

Жайық бойын жайлаған жұрт 9,6 мың га жерге картоп пен бақша дақылдарын еккен еді. Оның да 65 пайызы жиналып қалды.

Биыл 6,24 мың га алқаптың егіні мүлдем пайдасыз деп есептен шығарылды. Оның 1,3 мың гектары қыстан шыға алмаған күздік егін болса, қалған шығынға өңірде тым көбейіп кеткен киіктің де үлесі бар.

Биыл Батыс Қазақстанда, әсіресе оңтүстік аудандарда шөп шығымы нашар. Оның үстіне жоғарыда айтыл­ған Орал өңірінде киікте­р­дің тым көбеюі шаруалардың қыс­тық мал азығын жинауына кедергі келтіріп тұр. Облыс бойынша 2 қа­занға дейін өңірде 4 156,0 мың га жердің шөбі шабылып, одан небәрі 1 708,9 тонна өнім алыныпты. Бұл қажетті жоспардың 80 пайызын ғана қамтиды. Шөптің шығымдылығы былтырғымен салыстырғанда едәуір төмен. Қазір өңірде бір бау шөптің бағасы 3-8,5 мың теңге аралығында құбылып тұр. Ең қымбат шөп Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында оның құны 8000-8500 теңгеге дейін көтерілген екен.