• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2023

Медицинаның ақпараттық жүйесінде байланыс жоқ - депутат

321 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «Үкімет сағатында» медицина саласындағы қордаланған мәселені қозғап, емханаларды қаржыландырудағы келеңсіздікті айтты, деп хабарлайды  Egemen.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үкімет сағатында» депутат еліміздегі ауруханалар ай сайын квота арқылы қаражат алатынын айтты.

«Бір айға КТ, МРТ жасауға белгілі бір квота беріледі. Ал егер науқастар саны бұдан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайынғы қаржыландыруды әр емхана өздері шешу керек. Медициналық ақпараттық жүйелер (КМИС, Дамумед, РБиЖФВ, ХПН-портал, гепатит-портал, НРБТ, НРБСД) арасында байланыс жоқ. Дәрігерлер науқастардың деректерін түрлі медициналық ақпараттық жүйеге енгізуге мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыттары да жоқ. Бір науқасты тексеруге берілетін стандартты уақыт компьютер толтыруға кетіп отыр. Сондықтан, дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу керек немесе жоғарыда аталған медициналық ақпараттық жүйелер арасында байланыс орнату керек. Жылдың басында тариф белгісіз болады, ауруханалар, емханалар ай сайын науқастарға болжалды шамамен емдеу шараларын жүргізеді. Бірақ жыл басында белгіленген тариф нарықтағы бағамен сәйкес келмейді. Ал медициналық ұйымдардың қызмет көрсетуі әр айға белгіленген мөлшерден асып кетсе, қосымша қаржыландырылмайды. Ал жетпей қалса, артылған қаржыны қайтарып алады. Бұл медициналық мекемеге үлкен зиян әкеледі. Сондықтан медициналық ұйымдарға жалпы жасалған қызметіне қарай төлену керек. Емханаларды қаржыландыру жүйесі тіркелген азаматтар санына байланысты болу керек. Егер азамат бір емханадан басқа емханаға ауысқан жағдайда сол азаматқа бөлінетін ақшасы ауысқан емханасына аударылуы тиіс. Азаматтарда «сақтандырылған» мәртебесі болмаған жағдайда онымен медициналық қызметкерлері емес, азаматтарды қолдау орталығы немесе әлеуметтік қызметкерлер айналысу керек», деді Ж.Әшімжан.

Депутат медицинадағы түйткілді мәселенің бірі - сызықтық шкаланың қолданудағы келеңсіздікті де атап өтті. Ж.Әшімжан сызықтық шкала әр емхана мен аурухананың емдейтін сырқаттарының санын квоталап, шектейтінін айтты. Осының салдарынан медициналық ұйымдар науқас қанша жерден медициналық сақтандырылған болса да бетін қайтаруға мәжбүр болатынын жеткізді. Бұндай мәселеде МӘМС ақша төлемейтіндіктен, сызықтық шкаланы алып тастауды ұсынды.