• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Қазан, 2023

Ауғанстандағы зілзала: Қазақстан қолдау көрсетеді

367 рет
көрсетілді

Ауғанстанда магнитудасы 6,3 балдық жер сілкінісі болып, апаттан 2 445 тұрғын қаза болды. Зілзала 7 қазанда елдің батысындағы Герат қаласынан 40 шақырым жерде анықталған. Табиғи апат салдарынан 13 ауыл толығымен қирап қалған. Ал 10 мыңға жуық адам жарақат алған.

Жерасты дүмпулері көр­шілес Бадғис және Фа­рах провинцияларын­да да сезілген. Тіпті мұ­ны Түрікменстан  астанасы Аш­хабад тұрғындары да аң­ғарған. АҚШ геоло­гия­лық қызметінің мәліметінше, Гератта жойқын сілкініс бірнеше рет 8 минуттық жиілікпен қайталанған. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы 4,6-дан 6,3 балға дейін тіркелген. Ал те­реңдігі шамамен 10 шақы­рым болған. Соңғы дерек бойынша апат салдарынан 1300-ден аса үй қираған.

Табиғи апаттарға қарсы күрес министрлігінің өкіл­дері соңғы афтершок 70 мың халқы бар Зинда Жан қаласының солтүстік-шы­ғысынан 30 шақырым жер­де тіркелгенін айтты. Зілзаладан аудандағы төрт елді мекен қатты зардап шеккен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өңірге жарақаттанғандарды ауруханаға эвакуа­циялау үшін 12 жәрдем көлігін жіберген. Марқұмдар медициналық мекемелер мен әскери бөлімдерге жеткізіліп жатыр.

Қазір провинцияда телефон байланысы үзі­ліп, зардап шеккен аудандар­дан толық ақпарат алу қиын­ға соғып тұр. Талай тұр­ғын үйінділердің астынан әлі шығарылған жоқ. Өңірде әлі іздестіру-құт­қа­ру жұмыстары жүріп жа­тыр. Осы орайда Ауғанс­тан билігі өзге мемлекет­тер мен халықаралық ұйым­дардан көмек сұра­ды. Бұл туралы табиғи апат­­тарға қарсы күрес ми­нис­трлігінің ресми өкілі Жа­нан Саик мәлімдеді.

«Зардап шеккендерге дәрі-дәрмектер, қажетті зат­тар, шатырлар әлі де же­­тіс­пей жатыр. Біз жой­қын жер сілкінісінің зарда­бын мейлінше азайту үшін ұлттық және халықара­лық ұйымдардан, өзге мемлекеттерден қолдан келгенше көмек көрсетуді сұраймыз. Әр елді қабыл­дап, қарсы аламыз», деді Жанан Саик.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәйкес Қазақстан алапат жер сілкінісі болған Ауғанстанға шұғыл гума­ни­тарлық көмек жіберуді ұйғарды. Бұл мәселе үкі­меттік комиссияның отырысында талқыланды. Зіл­заладан зардап шеккендерге азық-түлік тауарлары, шатырлар, дәрі-дәрмектер, киім-кешек және басқа да қажетті заттар жіберіледі. Жүктер жақын арада әуе және теміржол көлігімен жөнелтіледі. Сондай-ақ үйін­ділер астында қал­ған адамдарды құт­қа­ру үшін Төтенше жағ­дай ми­нистрлігінің құтқару­шы­лары, соның ішінде ки­но­лог мамандар да бармақ­шы.

Сейсмикалық оқиғалар­дың ошағы Гератта 272 мың халық бар. Ел билігі бұл зілзаланы кейінгі 20 жылдағы ең қауіптісі дейді. Жергілікті билік аймақта іздеу-құтқару жұмыстары әлі аяқталмағанын айта­ды. Сондықтан Герат ден­саулық сақтау депар­та­менті өкілі қаза тапқан­дардың саны артуы мүмкін деп болжап отыр. Жалпы, Ауғанстан халқы жер сілкі­нісінен жиі зардап шегеді. Өткен жылдың маусым айында Пактика аймағында 5,9 балдық зілзаладан мыңнан астам адам қаза тауып, ондаған мың халық бас­панасыз қалған еді.

Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Бұл туралы брифингте Сыртқы істер минис­трлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Дипломаттарымыз зар­­дап шеккен жоқ. Ел­ші­­лік Ау­ғанстан астанасы Кабул қаласында орналасқан. Ас­танасында айтарлықтай тер­беліс бола қоймады. Зар­дап шеккендер мен қаза болғандар арасындағы Қазақстан азаматтары туралы ақпарат та келіп түспеді. Ешқандай өтініш болмады. Егер қандай да бір өтініш болса, жедел хабарлаймыз. Осы қиын сәтте қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, сонымен қа­тар бүкіл ауған халқына шын жүректен көңіл айтамыз. Ауғанстанның жарақат алған барлық азаматына тезірек сауығып кетуін тілейміз», деді Айбек Смадияров.