Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасында екінші санаттағы ITF Juniors - J300 WANJU турнирі мәресіне жетіп, жарыста Қазақстан теннисшісі жеңімпаз атанды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан теннис федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше Әмір Омарханов (200 ITF Juniors) үшінші айналымда жасөспірімдер арасында әлемнің 45-інші, доданың екінші ракеткасы, оңтүстіккореялық Джангжун Кимнен (6:7, 7:6, 6:3) басым түсті.
Ширек финалда тағы бір оңтүстіккореялық Юн Сун Йонгты (6:3, 6:3) ұтты.
Жартылай финалда жасөспірімдер арасында әлемнің 41-ракеткасы, аустралиялық Хайден Джонесті (6:1, 6:0) ойсырата жеңді.
Титул үшін бәсекеде рейтингте 61-орындағы үндістандық Юван Нандалды (6:2, 6:2) қапы қалдырды.
Осылайша, Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов ITF Juniors жарысында төртінші титулына қол жеткізді.