Өткен апта бекзат өнер көрермендері үшін тамашаға толы болды. Себеп – «Астана Опера» театрындағы әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова қойған Г.Левенскольдтің «Сильфида» балетінің айтулы премьерасы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахна көрген бұл қойылымды екі ғасыр бойы өзінің қайталанбас тарихы мен романтикалық эстетика рухын сақтап келген көне балет дәуіріне қайта оралу болды десек, қателеспейміз. Өйткені көрермен әйгілі шотланд аңызының заманауи сахнада қайта жандануына куә болды.
Өткенге сәл шегініс жасап, таңғажайып туындының тарихы турасында толғансақ, француз хореографы Филиппо Тальони өзінің қызы Марияның бірегей би машықтарын паш ету үшін бұл балетті 1832 жылы арнайы қойған. Түр әлпеті көз қызығатындай болмаса да, Мария тамаша биші болатын. Осылайша, хореограф әке қызының кемшіліктерін артықшылыққа айналдырды. Өзінің техникасы мен харизмасының арқасында Мария Сильфиданы жеңіл, денесіз тіршілік иесі ретінде бейнелеп, бишілердің бірнеше буынын шабыттандырған тамаша образ тудырды. «Сильфиданың» тағы бір таңғалдырарлық тұсы – ол кордебалеттің бидегі көрінісі кейбір үзінділерде балеринаның па қимылын толықтай қайталаған тұңғыш балет болды.
Өзі де, сахналық тарихы да таңғажайыпқа толы орман перілері туралы шотланд аңызы арқау болған айтулы спектакльді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова жаңаша сараптады. Ал төрт құрамда ойнаған әртістердің барлығы да өз биігінен көрінді. Әсіресе бұл бейненің Мәдина Өнербаева үшін орны бөлек. Себебі балерина үшін Сильфида жаңа партия емес. Жетекші солист ауа перісінің бейнесін бұған дейін де түрлі қазақстандық театр сахналарында жүзеге асырған. «Астана Операда» ол көрермендерді өзінің техникасымен кезекті мәрте таңғалдырды. Әртіс өнерінің керемет болғаны сонша, ол шынымен әуеде қалықтап жүр деген ой туды. Бишілік және актерлік шеберлігінің арқасында Мәдина мінсіз отандық прималардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Ал Мәдинаның сахнадағы сәтті тәжірибесін келесі құрамдарда өнер көрсеткен Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская мен София Әділханова да табысты жалғады. Балет бикештері Сильфида партиясында сахнаға алғаш рет шыққанына қарамастан, көрерменін сұлу қимылымен сүйсінтті. Әсерлі өрілген әрекет пен көркем қимыл көрушісін тамсантпай қоймады. Әртістер түрлі техникалық жай-жапсарға толы хореографиялық суретке мүлтіксіз ілесіп, ең бастысы ауадай жеңілдік идеясын сәтті жеткізді.
Джеймс партиясына тоқталар болсақ, бұл бейне барлық уақытта өте күрделі рөл саналып келді. Соған қарамастан «Астана Опера» солистері алдарына қойылған тапсырманы табысты еңсерді. Олар орындаудың тамаша техникасын паш етіп, өз кейіпкерінің уайымы мен сезімдерін барынша анық көрсетті. Атап айтсақ, Джеймс партиясында жарқыраған Еркін Рахматуллаев, Серік Нақыспеков, Диас Құрманғазы, Данияр Жұматаев көрермендерге жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сезіндірді. Кейіпкер жер мен тылсым қатынастар алдында таңдау жасауға қиналады. Олардың биікке секіруі, аяқтың ұсақ техникасы, денені дұрыс ұстай алуы – мұның барлығы солистердің жоғары кәсіби шеберлігін паш етті. Сондай-ақ балет әртістері Сұлтанбек Ғұмар, Қуат Кәрібаев, Сұңғат Қыдырбай орындаған Мэдж сиқыршы рөлінің жарқындығы да қойылымға ғажайып өрнек қосты.
Сөз жоқ, әртістер тұтас спектакль тоғыстырылған шым-шытырық оқиға желісін сәтті жеткізе білді. Сахнаның безендірілуі көрермендердің ойын бөлген жоқ, керісінше естен кетпес эстетикалық әсер сыйлады. Әлбетте, бұл – сценографтың еңбегі. Көңілге құрмет орнықтырғаны – қоюшы суретші Вячеслав Окунев декорациялардың кескінін жасау кезінде заманауи бейне мен 3D шешімдерді емес, спектакльдің тарихи безендірілуін негізге алыпты. Сөйтіп Шотландияның табиғатын көз алдыңызға әкелетін қолдан салынған жұмсақ декорацияларды пайдалануды, сондай-ақ ескі заманның атмосферасын сақтау үшін шаруа қыз Аннаның үйін (қатты декорациялар) көрсетуді ұйғарыпты. Ал жарық бойынша суретші Сергей Шевченконың арқасында жарық эффектілері осынау қиял-ғажайып хикаяның құпиялылығы мен көркемдігін одан сайын арттырып, қойлым атмосферасын керемет құлпыртты.
Осы тұрғыда «Астана Опера» симфониялық оркестрінің жанға шуақ сыйлаған тыңғылықты ізденісін де атап өтпеске болмайды. Еркін әрі мәнерлі орындау әрбір сахнаның көңіл күйін дәл жеткізіп отырды. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен музыканттар партитураның әсемдігі мен нәзік ерекшеліктерін тұшымды бейнелеп, көпшілікті қайталанбас әсерге бөледі.
«Астана Операдағы» премьера – «Сильфиданың» қайта жаңғыруы ғана емес, сонымен қатар балет тарихына жасалған тамаша саяхат болды десек, титтей артық айтқандығымыз емес. Тоқетерін түйгенде, бұл «Сильфида» шығармашылық ұжымның үздік ізденісін паш еткен, шотланд аңызының заманауи сахнада қалай жанданғанын көрсеткен театрдың тамаша табысы болғаны анық. Қойылым көркемдік талғам үдесінен шығып қана қоймай, көрермендерге жүректе ұзақ сақталатын ғажайып көңіл күй сыйлады.