• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 11 Қазан, 2023

Ғылымның мәртебесі қайткенде артады?

303 рет
көрсетілді

Өткен аптаның соңында ғы­лымды дамытудың 2024-2026 жыл­дарға арналған жаңа басым бағыттары бекітілді. Ал ғылыми қауымдастықта белсенділік танытып жүретін ғалымдар алдағы уақытта қаржыландыруға негіз болатын басым бағыттардың ғылыми ортада әбден талқыланбай, ес­кер­­тулер ескерілмей қабыл­дан­ғанына, басым бағыттар қата­рының қысқартылып кеткеніне қын­жылады. Тіпті мұндай ма­ңызды шешімді шығаруда кейбір заңнамалық норма бұзылғанын айтады. Мәселенің мәнісі неде?

Оқырмандарға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық. 28 қыр­күйек­те Премьер-министр Әли­хан Смайыловтың төрағалығымен өт­кен Жоғары ғылыми-техникалық комис­сия отырысында ғы­лымды дамы­тудың 2024-2026 жылдарға арналған ба­сым бағыттары айқындал­ды. Аталған салаға жауапты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек отырыста: «Алдағы жылдарға арналған ғылымды дамытудың алты басым бағыты халықаралық тәжірибені, атап айтқанда, Еуропалық одақ елдері, Канада, Аус­тралия, Малайзия, Испания, бас­қа да мемлекеттерді, сондай-ақ ел Прези­дентінің халыққа Жолдауында және басқа да бағдарламалық құжаттар­да белгі­ленген стратегиялық мінде­т­тер­ді ескере отырып әзірленді. Ұлттық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету бағыты жеке қа­рас­тырылады. Бұл тізімге «Экология, қор­шаған орта және табиғатты ұтымды пай­далану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифр­лық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агро­өнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді. Өз кезегінде ба­ғыттардың әрқайсысы 8-ден 18-ге дейінгі бөліктен тұрады», деді.

Үкімет таратқан ақпаратқа сүйен­сек, белгіленген басымдықтар шеңбе­рінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, топырақ сапасын сақтау, энерге­тикалық қауіпсіздікті (соның ішінде жылу энергия­сын) қамтамасыз ету, пар­никтік газдар шығарындыларын азай­ту және жаңартылатын көздерді дамыту мәселелеріне назар аударылады. Сонымен қатар құрылыс, машина жасау, өнеркәсіп, көлік технологиялары, роботтехника, жасанды интеллект, жаңа материалдар жасау, телекоммуникация, медицина, фармацевтика, мал шаруашылығы, егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдеу және сақтау, тамақ өнімдерін өндіру және тағы да басқа салаларда зерттеулерді қолдау жоспарланып отыр. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы іргелі және қолданбалы зерт­теулер де қарастырылған.

Міне, осы өзгеріске қатысты ғалым­дар­ тарапынан сын көп айтылды. Ұлттық құ­рылтай мүшесі, Ұлттық биотехноло­гия орта­лығы зертханасының меңгерушісі Мақ­сат Жабағин де пікірін білдірді.

«Комиссия отырысында мақұлданған жаңа басым бағыттарға қатысты ғылы­ми ортада, талқылауларда, чаттарда, әлеу­меттік желілерде аз айтылған жоқ. Әріп­тестерімнің көп келтірген дәлелдемелерін қай­таламаймын. Бұл жағдайды бір тезис­пен бағалауға болады: Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми қоғам­дастықтың сенімін сарқып алды, ал Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылымдағы нақты жағдайдан қан­шалықты алыс екенін көрсетті. Осы жерде қабылданған шешімге қайшы келетін бірнеше маңызды дүниені ғана атап өтейін. Ең алдымен «Ғылым туралы» заңның «Ұлттық ғылыми кеңестер» деп аталатын 19-бабының 2-тармағында Ұлттық ғылыми кеңестердің негізгі міндеттерінің бірі ретінде еліміздің жаңа ғылыми бағ­ыттардағы қажеттіліктерін бағалау ісі көр­сетілген. 2023 жылдың мамыр айында Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ғылымның 2024-2026 жыл­дарға арналған басым бағыттарын пысықтау тапсырмасы берілгеннен кейін, жауапты министрлік «Ғылым туралы» заңға сәйкес мәселені талқылау үшін Ұлттық ғылыми кеңеске жолдаудың орнына кезекті жұмыс тобын құрды. Оның жұмыс нәтижелерімен Ұлттық ғылыми кеңес те, ғылыми қа­уымдастық та тиісті түрде таныспады және талқыламады. Аталған Заңға сай Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Ұлттық ғылыми кеңестің ұсыныстарын қарауға міндетті. Осылайша, ғылымды басқарудың қазіргі моделінде бұл ше­шім­ді қабылдаудағы Ұлттық ғылыми кеңес пен Жоғары ғы­лы­ми-техникалық ко­миссияның байланысы бұзылды», деді жас ғалым.

Генетик ғалымның пікірінше, бекі­тіліп қойған басым бағыттар тағы бір маңызды құжаттағы талапқа қай­шы жасалған. Елі­мізде 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжы­рымдамасына сәйкес (Үкіметтің №248 қаулысы) Жоғары ғылыми-техникалық комиссия арқылы 2023-2025 жылдарға арналған ғылымды дамытудың 10 ба­сым бағыты бекітілген. Логикаға сал­сақ, Жоғары ғылыми-техникалық ко­мис­сия 2023 жылдың мамыр айында 2026 жылдан бастап ғылымның басым бағыттарын пысықтауды тапсыруға құ­қылы болды. Сол тұжырымдаманың «Ғылымды дамыту» деп аталатын 3-тарауы «Ғылымды әкімшілендірудің жаңа мо­делін енгізу» атты 1-параграфында «Ұлт­тық ғылым академиясының қызметі ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеуге шоғырланады» делінген. Демек мұндай маңызды шешім­­дерді шығаруда ғылымның даму тұжырымдамасы еш­кімге қажет емес.

«Бұдан болашақта Қазақстанда ғы­лым­ның дамуы үшін ең нашар нәти­жені күтсек те таңғалуға болмайды. Түптеп кел­генде, ғылыми бағыттарды басым және басым емес бағыттарға бөлу тәсілі мүлдем дұрыс емес. Ғылыми әдіс арқылы алған барлық білім мен ақпарат қандай да бір жағдайда қажет болады. Кез келген ғылыми бағыт шеңберінде алынған кез келген құзырет ертең тікелей немесе жанама түрде пайдасын тигізеді. Сондықтан бәрін мүмкіндігінше дамыту керек. Ал министрлік керісінше бағыттарды қыс­қартып тастады. Осы ақ­паратты естіген соң, күн тәртібінде мәселе ретінде көтер­дік. Қысқарту дұрыс емес деп хат та жаз­дық. Бірақ комиссия сол күні өтіп кетті, Ұлттық ғылыми кеңесті, ға­лым­дар­дың ойын және тәжірибесін елемеді», дейді М.Жабағин.

Осы мәселе бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарластық. Ғы­лым комитеті басшысының орынбасары Асылхан Жәнібекұлы бізге берген жауа­бында ешқандай заңбұзушылық жоқ екенін айтты.

«Ғалымдар көбіне осы шешім еш келісімсіз, ақылдасусыз қабылданып кетті деп наразылық білдіріп жатыр. Бұл жұмыс 4 ай бұрын, нақтырақ айтқанда, мамыр айында басталған болатын. Жұмыс тобы да сол кезде құрылды. «Ғылым туралы» заң бойынша Үкімет іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды. Жоғары ғылыми-техни­калық комиссия – Премьер-министр басқаратын, Үкімет жанындағы алқалы орган. Ғылым бойынша уәкілетті органның құзыретіне іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеу кіреді. Ұлттық ғылым академиясы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды. Ал Жоғары ғылыми-техникалық комис­сия айқындаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалып­тастыру Ұлттық ғылыми кеңес­тердің негізгі міндетіне жатады. Жұмыс тобының мүшелері бірнеше ай бойы басым бағыттарды айқындауда зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізді. Та­мыз айында барлық мемлекет­тік ұйымға ғылымды дамытудың басым бағыт­тарына ұсыныс жіберуін сұрап арнайы хат жаздық. Елімізде үш жүзден аса ғылыми ұйым бар, әрқайсысы әртүрлі министр­лікке, мемлекеттік ұйымға немесе университетке қарайды. Жүйе бойынша біз хат жіберген ұйымдар өздерінің мамандарына, сол ведомствоға қарасты ғылыми ұйымдарына өздері жолдауы керек. Нәтижесінде, ұсыныстың жоқтығы туралы хаттар ғана келді. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми кеңестерден де, Ұлт­тық ғылым академиясынан да ұсыныстар келмеді. Сол себепті құрамына мемле­кеттік органдардың қызметкерлері, ға­лымдар кірген жұмыс тобының зерттеу-зерделеу жұмыстарымен осындай ба­сым бағыттар әзірленіп шықты. Бұл ретте заң нормалары да, Ұлттық ғылыми кеңес пен Жоғары ғылыми-техникалық комис­сия­ның байланысы да бұзылған жоқ», деді Ғылым комитеті басшысының орынбасары Асылхан Жәнібекұлы.

Оның айтуынша, түрлі түсінбеу­шілік көбейіп кеткендіктен, Ғылым комитетінің өкілдері Zoom арқылы 200-ден аса ғылыми қызметкерге жаңа басым ба­ғыттарды түсіндіріп, олардың сұ­рақтарына жауап берген. Сонда көбі басым бағыттардың қатары бұрынғыдан азайып кеткеніне наразылық білдіріпті.

«Отандық ғылымның барлық саласын бірдей дамыту, бәріне бірдей көңіл бөлу – біздің де міндетіміз, біздің де қалауымыз. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның 2023 жылғы 18 мамырдағы соңғы отырысының нәтижелері бойынша бізге халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғылымның 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын пысықтау және басым бағыттардың тізбесін қайта қарау тапсырылды. Мәселен, бірқатар Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мүшесінің пікірінше, ғылымды да­мы­тудың кейбір басым бағыттары экономика салаларының атауы саналады. Нәтижесінде, ғылыми қоғамдастық өкіл­дері мен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мүшелері құрамында жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының қоры­тындысы бойынша ғылымды дамытудың ғылыми-технологиялық басымдықтарын айқындаудың әлемдік тәжірибесі (Канада, Аустралия, Мажарстан, Малайзия, Ис­пания, Еуроодақ елдері) талданды. Негізгі бағдарлар ретінде әлемдік ғылым­ның, технологияның және инновацияның жаһандық және ұлттық дамуының жаңа сын-тегеуріндері назарға алынды. Го­ризонт бағдарламасын іске асыру тә­жірибесі Еуропалық Одақта ғылым­ның басым бағыттары ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің күрделілігі еске­ріле­­тінін көрсетеді. Экономикасы біз­ді­кіне ұқсас көптеген елде ғылымның бар­лық саласын жан-жақты қамтитын бағыттардың саны алтыдан аспайды. Бұл ретте ғылымның, технологияның және ин­новацияның пәнаралық сипаты бай­­қалады. Осылайша, халықаралық тә­жі­рибені, елдің стратегиялық және бағ­дарламалық құжаттарында қойылған стратегиялық міндеттерін ескере отырып, жұмыс тобы ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағытын мақұлдауға ұсынды», дейді Асылхан Жәнібекұлы.

Оның сөзіне қарағанда, ешбір ғы­лыми салада қаржыландыру көлемі қыс­­­­қартылмайды. Бәріне кө­ңіл бөлінеді. Басым бағыттар азай­тыл­ғанымен, бұрынғы бағыттар жай ғана біріктірілген. Мысалы, көбі шағым­данып жатқан «Елдің зияткерлік әлеуеті» деген басым бағытта екі тармақ бар: әлеуметтік-гуманитарлық және жара­тылыстану-техникалық ғылым­дары. Осы екі тармақ бойынша енді екі Ұлттық ғылыми кеңес құрылады. Сонда әр ғы­лыми салаға бөлінетін қаражат та бір-біріне ара­лас­пайды. Сондықтан алаң­дауға негіз жоқ.