• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сауда 12 Қазан, 2023

Таңбалау жүйесінің табысы

187 рет
көрсетілді

Көлеңкелі импорттың күні жақындап келеді. Контрабандалық өнімнен көз аша алмай қалған көлеңкелі аяқкиім нарығын тазартуға мемлекет шындап кіріскен сыңайлы. Өйткені бұл көптен бері орайы келмей жүрген оңтайлы іс еді. Тұтынар өнімнің табанына цифрлап таңба басу «солақай» табыс тапқан талайдың жолын тұсаулады. Соның арқасында мемлекет қазынасына да азды-көпті қаржы құйыла бастағандай...

Ресми деректерге сүйенсек, елге әкелінген аяқкиім пар­тия­сының жартысына жуығы жалған, яғни сегменттегі өнімнің 48,5 пайызы контрафактіге жататын болып шықты. Сонда ша­мамен әрбір екінші тұр­ғын­ның киіп жүрген аяқкиімі  контрафактілік. Ал бизнестің өзі, шын мәнінде, цифрлардың әлдеқайда жоғары екенін айтып көрсетеді. Мәселен, «Glasman» дүкенінің директоры Анвар Хилажев бұған дейінгі 20 жылдан астам уақыт бойы шекара арқылы жүк­терді килограмдап тасымалдау жүйе­сі қалыптасқандықтан, на­рықтағы контрабанда мен контра­фактілік тауарлардың 95 пайызын басқа елдерден әкеліне­тін жеңіл өнеркәсіп тауарлары құ­рай­тынын баса айтқан болатын.

Бұл мәселені шешу үшін мемлекет 2021 жылы аяқкиім өнімдерін цифрлық таңбалау мен қадағалауды енгізді. Жү­йенің мақсаты – тауарларды жеткізу және сату тізбегін барынша ашық ету. Осылайша, елдегі аяқкиім өнімдерінің кө­леңкелі импорты мен айналымын тоқтату.

Сандық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде ресми аяқкиім импорты 13 млн жұпқа немесе 30%-ға (37,2 млн жұптан 53,1 млн жұпқа дейін) өсті. Таңбалау енгізілгенге дейін 2018-2020 жылдар аралығында аяқкиім импорты 35-39 миллион жұпты құраған.

Бір таңбалау коды 2,6 теңге тұрады. Кәсіпкерлердің, соның ішінде импорттаушылардың айтуынша, таңбалау құны бір аяқкиімге орташа есеппен 1%-ды құрады. Аяқкиім өндірушілері құнға таңбалау шығындарын енгізіп, маржаларын 2-4% қысқартса да, бизнесті адал жүргізудің бәсекелестік артықшылығына ие болады.

«Өндірісте барлық қажетті таңбалауда күрделі ештеңе жоқ, оны енгізуде қиындықтар болған жоқ. Таңбаланбаған аяқ­киім­ді сатуға тыйым салуға да­йынбыз, өйткені біз таңбалаудың қажет екенін түсінеміз және нарықтағы ашықтық пен салауат­ты бәсекелестікті қолдаймыз. Тауар бағасының өсуі байқалды, бірақ ол мардымсыз болды, таңбалауды енгізу тауардың өзін­дік құнына түбегейлі әсер еткен жоқ», деп бөлісті «Qaz­Tex­tileIndustry» Жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындарының ұлттық қауым­­дастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағының бас­қарма төрайымы Гүлмира Уахитова.

Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйе­сінің мәліметі бойынша өткен жылы елімізде таңбаланған тауар­лар­дың көлемі шамамен 32 миллион аяқкиім бірлігін құрады. Биылғы жылдың 8 айында ғана таңбаланған тауар көлемі – 34 548 757 дана аяқкиім. Егер таңбалау кодтары­на тапсырыстардың аталған ди­намикасы сақталса, 2023 жыл­дың соңына қарай аяқкиім та­уарларының көлеңкелі на­ры­ғын ағарту өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58%-ды құрап, одан түсетін кірістің көлемі 38 287 097 200-ден 1 044 193 560 000 теңгеге дейін артуы мүмкін.