• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 13 Қазан, 2023

Алқаптағы арпалыс аяқталмай тұр

217 рет
көрсетілді

Ауа райы қолайлы жылдары шаруалар қазан айының алғашқы онкүндігіне дейін алқаптағы астығын қамбаға құйып бітіп, ендігі майлы дақыл – мақсары мен зығырын жинап алудың қамына кірісіп кететін. Биыл оған күзгі жауын-шашын кедергі болып, науқан созылыңқырап кетті.

Жалпы, облыс көлемінде 4 млн 376 мың гектардан астам дәнді алқап бар. Бүгінге дейін соның 3 млн 312 мың гектары, яғни 75 пайызы ғана жиналды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы астықтың орташа түсімі 9,2 центнер деп отыр.

– Күзгі жиын-терім науқанын Жан­гелдин ауданы ғана аяқтады, қалған аудандарда қауырт жұмыс жүріп жатыр. Қыркүйекте алқапқа мол ылғал түскенін білесіздер. Қазан айы да жаңбырмен басталды. Осының салдарынан  жұмыс қарқыны едәуір бәсеңдеп қалды, дейді Басқарма басшысының орынбасары Дмитрий Евстафьев.

Бүгінде облыста үлкенді-кішілі 318 кептіргіш тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бұл құрылғылардың бәрі қосылып саға­тына 12 жарым мың тонна бидай кепті­ріп жатыр. Бидай кептіргіштердің жұмы­сы тоқтап қалмау үшін мемлекет литрі 250 теңгеден аспайтын 11 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлген. 

Өкінішке қарай, қыркүйекте толассыз жауған жаңбыр биылғы өнімнің сапасын мүлде төмендетіп жіберді. Сала мамандарының айтуынша, осы науқанда қамбаға түскен бидайдың 10-ақ пайызы үшінші сұрыпқа жарамды. Бұл – жауын-шашын басталмай тұрып жиналған өнім. Ал одан кейінгі кезеңде алынған өнімнің бәрі төртінші, бесінші сұрыпқа жатады.  

Шаруалардың дені алдағы көктем науқанына бір түйір тұқым таппай қалуы­мыз мүмкін дейді. Алайда облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары бұл мәселе­нің біртіндеп шешім тауып жатқанын айт­ты. «Облыс шаруашылықтарының қойма­сында былтырдан артылып қалған 85 мың тоннадай тұқым бар. Биыл ша­­ма­­мен 200 мың тоннадай тұқым дайын­­­­далды. Сондай-ақ «Азық-түлік кор­по­ра­циясының» меншігіндегі  азық­тық бидай қорынан 304 мың тонна тұ­қым­дыққа алынады. Келесі жылғы көк­тем науқанына осының бәрі жетіп қалуға тиіс», дейді Дмитрий Евстафьев.

Биылғы науқанның ауыртпалығын диқаннан асып ешкім дәл ашып айтып бере алмайды. Осындай оймен бірнеше шаруашылыққа хабарласып көргенбіз. Қамысты ауданында егін егіп, ұн шығаратын ірі шаруашылықты басқарып отырған Қайрат Өтепов биыл 17 мың гектар алқапқа бидай еккен. Соның он мыңын жинап үлгеріпті. Қал­ған жеті мыңды орып алуға күздің қара жаңбыры мұрсат бермей тұрған көрінеді.

– Кеше ғана жаңбыр жауды. Жұмыс тоқтап тұр. Өнім сапасы өте төмен. Былтыр негізінен үшінші сұрыпты бидай алып едік, биылғы өнім – кілең 4-сұрып пен 5-сұрып. Мұндай сапасыз бидай тұқымға жарамайды. Осы мәселе үлкен қиындық тудырайын деп тұр. Алып жатқан өнімнің көбі мал азығына ғана жарайды. Қазір бидайдың тоннасы – 55-60 мың теңге. Мұндай бағамен еңбек өтелмек түгілі, өнімнің өзіндік құны да ақталмайды. Қолда бар шағын бидай кептіргішіміз күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Сонда да үлгерте алмай жатырмыз. 25 тоннаны үш сағатта әрең кептіреді. Әупірімдеп жүріп тәулігіне 75-80 тонна бидай кептіріп алып жатырмыз, деді шаруашылық басшысы.

Қазір қыркүйектегі толассыз жаңбыр­дың салдарынан өніп кеткен дәннің көбі қауызынан ажырап жел шайқаған сайын саудырап жерге түсіп жатыр.  Мысалы, Науырзым ауданына қарасты Өлеңді ауылындағы шаруа қожалығының басшысы  Дмитрий Исаев тамызда бір гектардан 22 центнер бидай аламын деп бол­жаған екен. Бірақ өнім көлемі бір айдың ішінде 8 центнерге дейін түсіп кеткен.

– Науқанды аяқтап қалдық. Биыл мез­гілсіз жауған ұзақ жаңбырдан соң, дәннің көбі жерге түсіп қалды. Нәтижесінде, шығынымыз болжамды табыс көлемінен үш есе асып кетті. Қазір қалада бидайды тоннасына 45 мың теңгеден қабылдап жатыр. Оған жол шығынын қоссақ, баға 35 мың теңгеге түседі. Қазір 1 млн тонна бидай өткізсем, қолыма 35 млн теңге тиеді. Ал  шығынымыз 95 млн теңгенің үстіне шығып кетті. Анығы, дәл қазір бидай сату тиімсіз болып тұр. Сондықтан қырмандағы су бидай қызып кетпес үшін күн сайын ары-бері аударып жатырмыз,  дейді шаруа.

Дмитрий секілді шағын шаруалардың бидай кептіретін құрылғы сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Бүгінгідей қысылтаяң шақта бұйыртқан азын-аулақ бидайын шірітіп алып, мүлде тақырға отырып қалмауы үшін диқан қолдан кептіргіш жасап алуды жоспарлап отыр. «Нобайын сызып, кептіргіштің керек-жарақтарын сатып алып қойдым. Қырман басына апарып, амалдап, өзімше құрастырып көремін. Бір іске қосып алсақ, әрі қарай жұмыс істеп кетеді деген үмітім бар», дейді Дмитрий.

Қымбат тұратын астық кептіргіш құ­рыл­ғыны былтырдан қалған әжептәуір қоры бар кейбір ірі шаруашылықтар ға­на сатып алып жатыр. Мәселен, биыл көктемде 27 мың гектар алқапқа тұқым сепкен «Львовский колос» серіктестігінің басшысы Андрей Дву­речинский жаңа сатып алған кептір­гішінің осыдан 2-3 күн бұрын ғана іске қосылғанын айтады.

– Құрылғының қуаты сағатына 400 тонна бидай кептіруге жетеді. Бі­рақ қазір шамамен 250 тоннадан кеп­тіріп жатырмыз. Өйткені шылқыған су би­дай оңайлықпен кебе қоймайды. Жаңбыр­дың салдарынан соңғы 3-4 күн бойы жұмыс тоқтап қалды. Жалпы, гектарына 8-9 центнерден өнім түсіп бастады. Бірақ екі күннен бері желдің екпіні күшейіп, дән саудырап түсіп жатыр.  Енді гектарына 8-9 емес, 6 центнерден алсақ та жаман емес. Қысқасы, ауа райының қолай­сыздығы қыруар шығын әкелді. Үшін­ші сұрыпты бидай жоққа тән, қазір кілең 4, 5-сұрып жинап жатыр­мыз. Оны сату қазір мүмкін болмай тұр.  Астық саудасы тоқтап қалды. Элева­торлар да тоқтап тұр, күніне 200-300 тонна қабылдайды да, жабылып қала­ды. Сондықтан элеваторға бидай өткізу мүмкін емес. 5-сұрыпты бидай мал азығы ретінде қабылданып жатыр, тоннасына 45-50 мың теңге береді. Мыса­лы, біз өз өнімімізді кептіріп, элеваторға жеткізгенше, әр тоннадан 15 мың теңге жоғалтамыз. Осы шығынды есептегенде, бидайдың бір тоннасы 30 мыңнан бағаланып отыр. 2019 жылдан 2022 жылға дейін үш жыл қатарынан құрғақшылық болып, гектарына 2-3 центнерден ғана өнім алып келдік. Бірақ ол жылдары бидай бағасы жоғары болғандықтан, әупірімдеп болса да келесі көктемге ілігіп келдік. Биыл жағдайымыз тіпті төмендеп кетті, дейді Андрей Двуречинский.

Өңір шаруашылықтары кейінгі екі жылдан бері тұқым жаңартуға, техника сатып алуға мемлекет бөлген субсидияны да ала алмай отыр. Ең болмаса, осы демеу қаржы қолымызға тисе, мынадай қысылтаяң шақта бір жырты­ғымызды жамауға сеп болып қалар ма еді дейді өнімінің жартысы желге ұшқан диқандар. 

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, күн райы қолайлы болып тұрған жағдайда, алқаптағы дәнді дақыл­ды жинау науқаны қазанның 15-20-ына дейін аяқталып қалуға тиіс.

 

Қостанай облысы