Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы Мемлекет басшысының ұсынуын қарады. Сондай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған заңдар талқыланып, бірқатар депутаттық сауал жолданды.
Сенат депутаттары ел Президентінің ұсынуын қарау нәтижесінде Сембек Баймахановты, Өміртай Ыбраевты, Ұлбосын Сүлейменованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.
Инвестициялық табыстың жартысы – балаларға
Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Құжат нормаларына сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделіп отыр. Заңның негізгі мақсаты – балаларға өздерінің арнайы шоттарына аударылатын қаржылай жинақ арқылы мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Жиналған қаражатқа тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе жинақтау арқылы білім алуға мүмкіндік беріледі.
Сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда қарау барысында Палата депутаттары бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған байланысты сенаторлар заңды 10 түзетумен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. «Мемлекет басшысы 2024 жылдың қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балаларға аудару міндетін жүктеді. Бүгінгі заң осы тапсырманы орындау үшін Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Ұлттық табысты әділ бөлуге бағытталған бұл бастама – Әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Сенат енгізген түзетулер құжаттағы жекелеген ережелерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Алдағы уақытта осы заң өскелең ұрпақты қолдау бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Бұл құжат осы саладағы заңнамаларды одан әрі жетілдіруге арналған.
Мақұлданған заңның нормалары мемлекеттік органның оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату нысандарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту жөніндегі құзыретін белгілейді. Бұл оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау, кәдеге жарату нысандарында күзет және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үдерісінің тиісті ұйымдастырылуын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен олардың құрамдас бөліктерін сатып алу рәсімін оңайлату және оларды мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы іске асыру ұсынылады. Бұл қару-жарақ пен әскери техниканы жедел қалпына келтіру үшін маңызды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» заңына Қазақстан Республикасының әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған және әдебиет бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған адамдарға «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағын беру жөнінде толықтырулар енгізілді.
Жүйесіз құрылыс көбейіп барады
Сенат отырысы кезінде бірқатар депутаттық сауал жолданды. Сенатор Андрей Лукин қала құрылысы саласындағы кемшіліктерді атап өтті. Оның пікірінше, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бақылауды тиісті деңгейде жүргізбей отыр.
«Әкімдік пен құрылыс компанияларының айла-шарғысының салдары қалалардың жүйесіз салынуына, қала ортасы мен жасыл аймақтардың азып-тозуына, халықтың өмір сүру сапасының төмендеуіне алып келіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың бұл әрекеті азаматтардың ашу-ызасын туғызды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң бұзудың негізгісінің бірі – учаскелерді беру кезінде жер заңнамасының талаптарын, сондай-ақ бас жоспарды сақтамауы», деді ол.
Андрей Лукин Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстық маңызы бар тағы 9 қаланың Бас жоспарындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту мен егжей-тегжей жоспарлау жобасын түзетудің 1 мың фактісі туралы деректі келтірді. Бұл өңірлерде оқу орындары мен аурухана төсегінің жетіспеушілігі қоғамда үнемі талқыланып отырса да, әлеуметтік мақсаттағы нысандар негізсіз алынып тасталған.
«Бүгінгі таңда қалалардың бас жоспарлары ескірген және қазіргі уақыттағы нақты жағдайға сай келмейді, демография, халықты жылумен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер ескерілмеген. Қала құрылысы саласын жоспарлау мен іске асырудағы ұйымдастырушылық-құқықтық негіздердің жүйелі кемшілігі – құқық бұзушылықтың негізгі себебі. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін заң талаптарының бұзылуын жою және болашақта осындай жағдайларға жол бермеу үшін Жол картасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр», деді депутат.
Өңірде өзекті мәселе көп
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, облыстағы шаралар жоспарында елді мекендердің инфрақұрылымы, оның ішінде «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры мен «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолын және электр желілерін салу, Текелі қаласы мен Алакөл ауданында кәріз-тазарту құрылыстарын жүргізу мәселелері көрсетілген. Сенатор сонымен қатар қазіргі уақытта Алакөл, Көксу аудандары мен Текелі қаласында 3 өрт сөндіру депосын салу мәселесі де маңызды болып отырғанын атап өтті.
«Бұл мәселелердің көтеріліп отыруының себебі – көші-қон. Облыс тұрғындары, әсіресе жастар Алматы, Қонаев қалаларының төңірегіне көшіп жатыр. Бүгінгі күні миграцияны тоқтатудың бір-ақ жолы – ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешу, жұмыс орындарын ашу. Аталған жобалардың барлығы облыс тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға, өмір сапасын көтеруге бағытталған және бюджеттен тиісті қаражат бөлінген кезде ғана жүзеге асады. Жоғарыдағы жобаларға қомақты қаржы керек», деді сенатор.
Ғалиасқар Сарыбаев осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа облыстың инфрақұрылымдық дамуы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және халықтың басты мұқтажын қамтамасыз етуді – газға, ауыз суға, қауіпсіз жолға қол жеткізуге көмек көрсетуді ұсынды.
Халық суретшісіне көше беріле ме?
Сенатор Бибігүл Жексенбай Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың 100 жылдығын республикалық деңгейде атап өту керектігі туралы айтты. Ол Премьер-министрдің атына жасаған депутаттық сауалында Хакімжан Наурызбаев тарихи ескерткіштер жасаумен қатар, бірқатар дарынды суретші қауымын тәрбиелеген іргелі ұлттық өнердің негізін қалаушы екенін атап өтті.
Депутат қазіргі кезде халық суретшісінің еңбегі тек өңір деңгейінде ғана атап өтіліп жүргеніне тоқталды. Сенатор 2025 жылы суретшінің 100 жылдығын республикалық деңгейде атап өтуді ұсынды.
«Хакімжан Наурызбаевтың 100 жылдығы аясында «Қазпошта» АҚ пошта маркаларын шығаруды қолға алу, жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының оқушыларына Наурызбаев атындағы стипендия тағайындау орынды болады деп санаймын. Республикалық көркемсурет мектептерінің біріне суретшінің есімін беру, сондай-ақ елорда көшелерінің біріне атау берген жөн болар еді», деді сенатор.
Қаржы қайда жұмсалды?
Еліміздегі ең үлкен проблемалардың бірі – ауыз судың жетіспеушілігі. Бұл мәселені сенаторлармен кездесулерде еліміздің барлық өңірінің тұрғындары көтеріп келеді. Сенатор Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында ауыл тұрғындарының өтінішін жария етті.
Оның айтуынша, Алматы облысында 8 елді мекен мен 15 саяжай алабы және аудандық маңызы бар 1 қалада тұратын 105 мың адамға Түрген және Еңбекшіқазақ топтық су құбыры арқылы, ал одан өзге 12 елді мекенге Талғар топтық су құбырымен су беріледі. Депутат бұл ретте ауылдық аумақтарды сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 17 млрд теңге және облыстық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Алайда басты мәселе – бұл қаржының қалай жұмсалатындығы болып отыр.
«2013 жылы республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Талғар ауданындағы 12 елді мекенді таза сумен қамтамасыз ету үшін Талғар топтық су құбырын салу жұмыстары жүзеге асырылды. Су тазалау кешені салынды. Бірақ пайдалануға берілген күннен бастап сүзгі стансасы жұмыс істемейді. Мұндай келеңсіз жағдайлар, Алматы облысының Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында да орын алып отыр», деді сенатор.
Депутат мұндай жағдайға жол беруге болмайтынын айта келіп, Үкімет басшысынан шұғыл шаралар қабылдауды сұрады. «Алатау-Нұра» топтық су құбырын республикалық меншіктен Алматы облысының коммуналдық меншігіне беру керек. Бұдан басқа, топтық су құбырларына түгендеу жұмыстарын жүргізу және сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін жаңғыртуға жүйелі жобаларды қарастыру маңызды. Осыған байланысты «Әрбір елді мекенде таза ауыз су» ұлттық жобасы қайта қарастыру және де жер асты су қорын барлау жұмыстарын қарқынды жүргізуді қолға алу керек», деді депутат.
Жүк тасымалындағы жосықсыз бәсекелестік
Сенатор Закиржан Кузиев депутаттық сауалында еліміздің жүк жөнелтушілері мен экспедиторлық компанияларының проблемаларын жария етті. Қазіргі кезде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тарапынан Қазақстан арқылы экспортқа және транзиттік тасымалдарға жүкті тасымалдау жоспарын келісуден бас тарту – кәсіпкерлердің аса маңызды проблемаларының бірі болып отыр. Депутаттың айтуынша, мұндай іс-әрекеттер Мемлекет басшысының орта бизнеске кедергі болатын мәселелерден арылу тапсырмасына қайшы келеді. «Инсайдерлік ақпарат бойынша шетелдік жүк жөнелтушілер мен экспедиторлардың өтінімдерін ҚТЖ-мен үлестес «Кедентранссервис» АҚ және «KTZ Express» АҚ ұйымдары арқылы қайта ресімдеу ұсынылып отыр. Мұндай әрекеттер жосықсыз бәсекелестікке жағдай жасайды және Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына қайшы келеді деп санаймыз», деді сенатор.
Депутат сонымен қатар ҚТЖ тасымалдаушы мен экспедиторлар арасында теміржол көлігімен жүк тасымалын ұйымдастыру туралы бірыңғай шарттар жасасуда «Теміржол көлігі туралы» заңды төрт жылдан астам уақыт бойы сақтамай келе жатқанын атап өтті. Еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуды тежейтін тағы бір себеп – отандық экспедиторлық компаниялардың контейнердегі жүкті тасымалдау кезінде кедендік тексерулер жүргізуіне байланысты проблемалар. «Жоғарыда айтылған проблемалар Қазақстан арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын күрт нашарлатады. Экспорт пен транзитке тасымалдау үшін отандық жүк жөнелтушілер мен экспедиторлардың негізгі және қосымша жоспарларын келісудегі кедергілерді жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды ұсынамын», деді Кузиев.
Сенатор сондай-ақ Үкіметке квазимемлекеттік компанияларды көлік қызметін көрсету нарығынан шығару мәселесін қарауды, осы салада бәсекелестік деңгейінің жоғары болуына байланысты ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорындарын жекешелендіру мәселесін пысықтауды ұсынды.