Еліміздегі саяси реформаға сәйкес жүзеге асқан ауыл әкімін сайлауға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қаракемер ауылының жұртшылығы да сергектік танытып, биылғы тамыз айында өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде, осы ауылдың түлегі Нұржан Ақановқа сайлаушылардың 72 пайызы сенім артып, дауыс берген.
Содан бері екі айға жуықтаған уақыт аралығында әкім өзіне жүктелген міндетті жете сезініп, сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеткен. Нұржан Маратұлы бүгінде 8,5 мың халқы бар Қаракемер ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына жастық жігері мен білім-білігін жұмылдырып жатыр.
«Туған ауылымның гүлденіп, әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысуды азаматтық парызым деп білемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға зор сенім артып отыр. Соған лайық жұмыс істеуге тиіспіз. «Келісіп пішкен тон – келте болмас» дегендей, ауылдың жай-жапсарын, кем-кетігін қалпына келтіруде көпті көрген ақсақалдармен, еңбек ардагерлерімен, кәсіпкерлермен кеңесіп, бірлесе жұмыстар жасаудамыз. Іргесі ертеде қаланып, тарихы тасқа басылған ауылымызда атқарылар жұмыс аз емес. Ауылдың әкімі атанғалы бергі бір жарым ай ішінде Қаракемерде жарылған кәріз жүйесін қайта қалпына келтіріп, іске қостық. Бір шақырымдық электр желілері мен бағандары ауыстырылды. Талдыбұлақ пен Сатай ауылдарына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек айынан ауылымыздың рухани ошағы – Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ Қарттар күніне орай 30 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Ауылымызда екіқабатты 15 үй бар. Соларды алдағы жылдары орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу үшін блокты-модульдік қазандық орнатуға жобалық-сметалық құжатқа бюджеттік өтінім берілді», – деген Нұржан Ақанов алдағы жоспарларын да жіпке тізгендей етіп жеткізді.
Алғашқы еңбек жолын аудандық «Халыққа қызмет ету орталығында» маман болып бастаған ол, кейін бөлім инспекторы, бас маман, 2019 жылы аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының орынбасары қызметіне тағайындалған. Осылайша, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырына қаныққан Н.Ақанов ауылдық округтің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында алдағы жылға көшелерді жарықтандыруға, асфальттауға, 90 пайыз тозығы жеткен ауызсу жүйелерін жаңартуға бюджеттік өтінім беруді жоспарлап отыр. Ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету – басты міндет.
Округ орталығы Қаракемерде Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі бар. Ондағы әскери қызметшілердің 80 пайызға жуығы – ауыл тұрғындары. Сонымен қатар ауыл экономикасының дамуына «Төре Жайлау» шаруа қожалығы мен әлемге танымал «Arba Wine» шарап зауытының шапағаты тиюде. Бұған қоса, округте 30-ға жуық жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнес кең қанат жайып, тыныс-тіршілігін түрлендіруде.
Қаракемер ауылында салынғанына 60 жылдан асқан пошта торабының бүгінгі көрінісі көңіл көншітпейді. Тұрғындардың пошта ғимаратын жаңадан салуды сұрап жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болған. Ауылдық пошта мен учаскелік пункт жекеменшік ғимараттың 2 бөлмесін жалға алып отырған жайы бар. Жаңа әкім жауыр болған осы мәселелердің түбегейлі шешім табуына өзі мұрындық болмақ. Бүгінде жер учаскесі бөлініп, келер жылы учаскелік пунктің құрылысы басталады деген сенімде.
Ал ауылдық округтің Сатай ауылында жаңа құрылыс бой көтеріп, қоныстанушылар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл ауылдың 350-ге жуық оқушысы бірнеше жыл бойы Қаракемердегі Құдайберген Орымбетов атындағы орта мектепке тасымалданып оқытылады. Өзекті мәселе ескерусіз қалмай, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 900 орындық мектептің құрылысы басталыпты. Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды нысан құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған.
Округке қарасты Талдыбұлақ ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункт мамандары да тұрғын үйді жалға алып, жалпақ жұртқа медициналық қызмет көрсетіп отыр. Талбұлақтықтардың тағы бір проблемасы – сумен жабдықтау жүйесінің 80 пайызының тозығы жеткен. 1986 жылы салынған су құбырының жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайды. Су құбырын жөндеу үшін өтінім берілген. Бұдан өзге қысқы отын-су қамы, қаңғыбас иттерді аулау, күзгі санитарлық тазалық жұмыстары да әкім назарында.
Ауыл халқының әлеуетін арттыру жолындағы толғауы тоқсан мәселелердің түйінін тарқатуды діттеген Нұржан Маратұлының алдағы атқарар шаруасының аз еместігі айқын. Сондай-ақ ол, ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіп ашып, шағын және орта бизнесті дамытуға ден қою қажеттігін құлақтандыруды ұмыт қалдырмайды. Себебі жыл соңында жоғарыда аталған әскери бөлім «көшеді» дегенді естіген жұрт «жұмыссыз қаламыз ба?» деп алаңдаулы.
Десе де, еңбекпен нан тауып, ырызғы-несібесін молайтып отырған ауылда мәдениеттің оты маздап, жастарды рухани байыту жолындағы жұмыстар жандана түскен. Ауылдық Мәдениет үйінде «Қаракемер» балалар театры, «Үкі» би ансамблі, «Қаракемер» вокальды ансамблі тұрақты жұмыс істесе, оның қатары биыл Тоқтасын Әблезов атындағы жыр-терме орталығымен толыққан. Ауыл әкімі мәдениет пен руханияттың жалауын көтеріп жүрген өнер жанашырларына қолдау білдіріп, өрісін кеңейтуге жіті көңіл бөлетіндігін тілге тиек етті.
Мал мен жүзім шаруашылығын дамытудың озық үлгісіне айналған Қаракемер ауылы Кеңес Одағының Батырлары Рақымжан Тоқатаев, Қашаған Жаманғараевтың есімдерімен тығыз байланысты. Қос батырдың мүсіні қатар қойылып, ортасындағы ескерткіш тақтаға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер тізімі жазылған екен. Сол тізімде төртінші тұрған Аманбайұлы Ыбырайым атасының жолын қуып, халыққа қалтқысыз қызмет етуге Нұржан Ақанов та уәде еткен.
Алматы облысы