• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2023

Электр желілері тозып тұр

174 рет
көрсетілді

Облыстың электр және жылу энергиясына деген қажеттілігін «Текелі энергокешені» ЖШС қамтамасыз етеді. Оның белгіленген электр қуаты – 24 МВт, жылу қуаты – 42 Гкал/сағ. Дегенмен аталған станса жабдықтарының 67 пайызы тозған. Мұны өңірге арнайы іссапармен келген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Энергетика министрлігі «Те­­келі энергокешені» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі үшін электр энергиясын өндірудің шекті тарифін 12,98 теңге/кВт­сағ деңгейінде бекіткен. Босату ба­ғасы 14,79 теңге/кВтсағ құ­райды. Жетіспейтін электр энергия­­сы «Талдықорған көлік-электро­же­лілік компаниясы» акционерлік қоғамының электр энергиясын тасымалдау және тарату жөніндегі ірі энергетикалық жүйесі арқы­лы жабылады. Жалпы өңір­лік электр желілік компанияның активтерінде 12 309 км кабельдік және әуе электр беру желілері бар.Сонымен қатар кәсіпорын балансында 2126 кіші станса бар. Электр желісінің физикалық тозуы 87 пайызға жеткен.

«Облыс аумағында ел­дің гидро­энергетикалық ресурстарының едәуір қоры шоғырланған. Бүгінде өңірде қуаты 159,9 МВт, 11 ЖЭК объектісі жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 104,9 МВт 9 гидроэлектрстанса бар. Және күн, жел электр стансалары бар. 2027 жылға дейін белгіленген қуаты 76 МВт 2 ЖЭК объектісін іске қосу жоспарланған», деді А.Сәтқалиев.

Қазір өңірде газдандыру деңгейі 41,2 пайызды құрайды. Шамамен 288 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Бұл көрсет­кішке көңіл толмайды. Осы жылы Министрліктің 003 бюджеттік бағдарламасы бойынша әкімдікке газдандыруға 5,4 млрд теңге бөлінген. Бұл Ескелді ауданының 3 елді мекенін, Қаратал ауда­нының 1 елді мекенін, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қала­ларын газдандыруға арналған. Биыл тағы 3 ауылға көгілдір отын кіргізу жоспарда бар. Те­келі және Үштөбе қалаларын газ­­дан­дыру жобаларын аяқтау үшін 2024 жылға 3,9 млрд теңге қа­растырылған екен.

«Бұдан басқа 2024-2026 жыл­дарға республикалық бюджетті Мәжіліс Парламентінде талқылау шеңберінде 23 жобаға қосымша 1,9 млрд теңге бөлу мәселесі пы­сықталуда. Өңірді одан әрі газдандыру мақсатында «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаны бастау жоспарланып отыр. Бұл 3 ауданды – Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын газдандыруға бағытталған. Әкімдік жобалау-сметалық құжат­таманы әзірлеп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан кейін Министрлік өтінімді қарауға дайын», дейді ведомства басшысы.

 Одан кейін аграрлы өңірді басты мәселесінің бірі – дизель отыны. Қазір өңірдегі шаруалар жанармайдың қымбаттығын айтып жыл сайын тілек-ары­зын жеткізуде. Әр маусым сайын бағасы өскен техника азы­ғының жайы шаруалардың шамына тиюде. Осы ретте күзгі дала жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін елі­міз­дің ауыл шаруашылығы өндіру­ші­лерінің атына 426 мың тоннадан астам дизель отынының көлемі бекітілген. Қазір дизель отыны бағасы 1 литр үшін – 250 теңге. Жетісудың ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 7,9 мың тонна дизель отыны көзделген. Бүгінде, 1,9 мың тонна тиеп-жөнелтіліпті. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және жанар-жағармай құю стансаларына дизель отынын жеткізуді бақылау үшін арнайы ПИН-кодтар енгізілген

«Жетісу облысында сұйы­тыл­ған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 76-81 теңгені құрады. Өңірде 4 газ толтыру стансасы және 64 автомобильге газ құю стансасы бар. Облыстағы сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 20 мың тоннаны құрады. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында шамамен 28,2 мың тонна тұтынылды. Біз ұзақмерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның алып­сатарлық көтерілуіне жол бермеу мақсатында сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдап жатқанымызды атап өткім келеді», деді министр.

 Айта кетейік, бұл шаралар сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын бел­гілеу арқылы бөлшек сауда баға­сының күрт өсуіне жол бермейді.

Жиын соңында ведомство басшысы тұрғындардың сауалына жауап беріп, журналистермен тілдесті.

 

Жетісу облысы