Премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын бекіту жөніндегі қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Еліміздің ірі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірін кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды, жаңа өндіріс аймақтары, айналма т/ж тармағы және өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жолаушы болатын вокзал ашылмақ. Өнеркәсіп аумақтарын жаңғырту мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Олардың аумағын 2035 жылға дейін жаңа индустриялық аймақтарды салу есебінен 5 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Онда перспективалы 14 өнеркәсіп кластері дамитын болады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2035 жылға қарай қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында 1 млн-нан астам жұмыс орны болады», деп жазылған қаулыда.
Еліміздегі үшінші мегаполисті дамыту жөніндегі бас жоспарда Бадам, Қошқарата, Қарасу және Сайрамсу өзендерінің су қорғау белдеулері мен аймақтарының жобалары әзірленетіні де жазылған.
Шымкент қаласының тұрғындарына ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің кең спектрін ұсынуға мүмкіндік беретін Next Generation Network технологиясын пайдалана отырып, телекоммуникациялық желілерді кеңейту және жаңғырту мәселелері жеке қаралады.