• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 16 Қазан, 2023

Ел ішіндегі елеулі мұра

239 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейі «Сыр бо­йын­дағы діни-ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» жобасын қолға алды. Музейдегі мамандар осы күні Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы (1848-1921), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862-1916), Марал ишан Құр­манұлының тікелей ұрпағы Әмит (Абдулхамид) ишан Әбді­рахманұлы (1905-1961) пайда­ланған араб, парсы, шағатай тіл­деріндегі кітаптар мазмұнын талдап, құнды мұра туралы деректер дайындап жатыр. Алда осы уақытқа дейін жеке адамдар қолында сақталып келген осы кітаптардың көшірмелері жасалып, музейге қойылады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, Тапал ахун қорынан Сағди Ширазидің «Гүлстан» поэмасы табылыпты. Парсы тілінде жазылып, Шығыстағы әдеби жауһарлар қатарында тұрған бұл туындының Сыр бойында сақталғаны туралы осы уақытқа дейін белгісіз болып келген. Сонымен қатар құнды еңбектер қатарында Мұхаммед Мұхиуддин Ау­рангзеб Аламгирдің «Фатауа Алам­гир», Масуд ибн Махмуд ибн Юсуф әс-Самарқандидің «Салоти Масуди», Шейх Әли әл-Қаридің «Джам’аль-уасаиль фи шарх аш-Ша­маиль», Мұхаммед Мұрад Рамзидің «Тал­фик аль-Ахбар», Лутфулла ән-На­сафи әл-Киданидің «Хуласи аль-Ки­дани», Убайдулла әл-Махбубидің «Мұх­тасар әл-уахая фи масаил әл-хи­дая», Әл-Халабидің «Халабисағир», «Мул­така ал-Абхур», Мұхаррам ибн Мұхаммед аз-Зайлидің «Хадиййат ас-салук фи шарх тухфат аль-мулюк» атты еңбектері бар.

– Тағы бір айта кетерлігі, бұл ғалым­дардың көпшілігіне Осман империясы ке­зінде Сүлеймен сұлтан қамқорлық жаса­ған. Өз басқаруы кезінде империяны гүлдендірген даңқты сұлтан ханафиттік ба­ғыттағы осы еңбектердің жарыққа шы­ғып, елге таралуына ықпал жасапты, – дейді Асхат Сайлау.

Бізде сол тұстағы ел арасындағы ағар­тушы тұлғалар туралы дерек әлі де кем­шін. Біз олардың көпшілігін тек діни бағытпен шектелген деген шолақ пайым жасап жүрміз. Мысалы, Сағди Ширазидың кітабын XIX ғасырда ұстаған Тапал ахунды сол тұстағы әдеби ағымдардан хабарсыз болды деп айта алмаймыз. Қорына осын­дай қырық шақты құнды еңбек жиған қайраткер солар арқылы елді ғылым-бі­лімге үйретіп, айналасына тәрбие берген.

Араб, парсы, түркі тілдеріндегі бұл еңбектердің біразын Мысырдағы әл-Азһар университетінің дінтанушы-ғалымы Мәлік Төлебай тәржімалап, тарихи танымдық бағыттағы бастамаға үл­кен үлес қосып келеді. Ғалымның кө­мегі арқасында Тапал ахун қорындағы кі­таптардың ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей, Өзбекстан, Үндістан және Мысырдың баспаларынан жарық көрген «Фатауа Аламгир», «Салоти Масуди», «Джам’аль-уасаиль фи шарх аш-Шамаиль» деген атаулары мен жалпы мазмұндары белгілі болды. «Фатауа Аламгир» мұсылман елдерінде «Әл-Фатауа әл Индия» деп аталады. Кітаптың негізгі мазмұны Ислам­дағы шариғат заңдары, жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат. Тарихи деректерде еңбектің шығуына Ұлы моғол империясының даңқты па­дишаһы Мұхаммед Мұхиуддин Аурангзеб Аламгирдің ықпал жасағаны ай­тылады. Ғалымдар кез келгеннің қолына түсе бермейтін құнды дүниені Тапал ахун Самарқаннан алып келген болуы мүмкін деген болжам жасайды.

Ал Масуд әс-Самарқандидің «Салоти Масуди» еңбегінің құндылығы шариғат институттары мен өмірлік мәселелерге толығымен арналып, ерекше ғылыми стильде жазылғандығы. Кітапқа беделді 84 діни басылым, белгілі 125 сахабадан жеткен хадистер, 129 имамның өсиет әңгімелері жинақталған. Кітап авторы әртүрлі жалған ағымдардың құқықтық мәселелерін шешу барысында өз пікірін білдірген.

Жоба барысында Марал ишан Құр­манұлының (1780-1847) үлкен ұлы Қалмұхаммед (Қалқай) ишанның неме­ресі Абдулхамит ишан Әбді­рах­манұлы (1905-1960) пайдаланған кітаптар да зерттелді. Ел ішіндегі деректерде Қал­қай немересі Абдулхамит жайлы ес­теліктер көп сақталған. Солардың бірінде оның әкесі Әбдірахман мақсұм Мек­кеде атақты Осман сұлтаны ІІ Аб­дулхамитпен бірге қажылық парызын өтейді. Әбдірахманның білімдарлығын мойындаған ІІ Абдул­хамит сұлтан мақсұмға Ыстанбұлда қалып, діни қызметпен айналысуға ұсыныс жасайды. Алайда сұлтанның бұл ұсынысын Әбдірахман орындай алмайтынын білдіріп, елге қайтуға қам жасайды. Қоштасар сәтте Осман сұлтаны ІІ Абдул­хамит Әбдірахман мақсұмға достығының бір белгісі ретінде ұлына өз есімін беруге қолқа салыпты деседі. Сөйтіп, Әбдірахман мақсұм 1905 жылы дүниеге келген ұлына азан шақырып, ірі саясаткер ретінде Еуропа билеушілерін мойындатқан ІІ Абдулхамит есімін қойған екен. Кейін халық оны Әмит ишан деп атап кетеді.

Әмит ишан жастайынан Құран Кә­рімді жүргізіп оқып, он үш жасқа келгенше Сыр бойындағы белгілі Убайдулла, Бәжім, Иманалы молдалардан, кейін өзінің әкесі Әбдірахман мақсұмнан діни дәріс алады. Білімге, өнерге өте құштар Әмит ишан одан әрі білімін жетілдіру мақсатында 1919 жылы Бұқарадағы Көкілташ медресесіне оқуға түсіп, алғыр­лығымен ерекшеленеді. 1926 жылы медресені үздік тәмамдап, жан-жақты терең білім алып шыққан ол араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін еркін игеріп, діни әдебиеттерді қазақ тіліне аударады. Өзінің терең білімдарлығының арқасында діни білім мен медицинаны үйлестіру арқылы тәбиб ілімімен науқастарды шөптен жасалған дәрілермен, жүйке ауруларын дұғамен емдеп жазып жіберіп отырған.

Кеңес билігі біржола орнағаннан кейін Әмит ишан большевиктердің қысымына шыдамай, біршама уақыт Тәжікстанға кетуге мәжбүр болады. Кейін 1946 жылы Байғазы Тәжібаев есімімен елге қайта оралады. Өмірінің соңына дейін халыққа қыз­мет еткен ишаннан бір сандық қол­жазба қалады.

Жоба барысында музей қызметкерлері Асхат Сайлау, Ләззат Жалғасбайқызы және әл-Азһар университетінің оқыту­шысы, дінтанушы-ғалым Мәлік Төлебай араб-парсы тілдерінде жазылған 4 кітап­тың жалпы мазмұнын қазақ тіліне аударып, электронды көшірмесі музей қорына өтті. Солардың бірі баш­құрт ұл­тының өкілі, өз заманының қа­быр­ғалы қайраткері Мұхаммед Мұрат Рәм­зидің «Талфик Әл-Ахбар» кітабы. Ол бұл еңбекті 1892-1907 жылдар ара­лы­ғында жазып, Троицк қаласындағы Расулийя медресесінің жетекшісі Шейх Зайнулланың қаржылай демеушілігімен 1908 жылы Орынбордағы «Каримов, Хусаинов және К» баспаханасында басылып шығады. Көп ұзамай билік тарапынан «автордың христиандар әлеміне және жалпы орыстың бәріне арам пиғылы және жеккөрушілік қатынасы байқалады» деген желеумен тәркіленеді. Осындай ке­дергілерге қарамастан Шығыс елдеріне тез тараған кітап 270 беттен тұрады. Түркілердің шығуы мен даму тарихы, олардың көршілермен қарым-қатынасы, Еділ Бұлғариясының тарихы мен моң­ғолдар шапқыншылығына дейінгі тұрмысы бейнеленетін бұл туындының тарихи маңызы зор. Сонымен қатар Алтын Орданың құрылуы мен Исламды қабылдауы, орыс патшасы Иван Грозный­дың Қазанды жаулап алғанға дейінгі оқиғалар сипатталған кітап музейдегі құнды жәдігердің бірі.

– Өз кезеңінде айналасына имам әл Бәззазия деген атпен таныс болған Мұ­хаммед ибн Мұхаммед ибн Жихаб ибн Юсуф әл Кердери Хауарезмидің «Әл-жами Уалджуз» кітабы біз үшін баға жетпес дүние. Кейбір зерттеушілер пікірінше Арал атырабында дүниеге келген ол ханафи ағымындағы беделді ғалым­ның бірі болған. Осман империясына бағынышты аймақтарда өмір сүрген ғалымның ханафи ағымының шариғат заңдары, фикһ мәселесі баяндал­ған кітабы ХХ ғасырдың басында мы­сырдағы әл-Халаби баспасынан жарық көрген. Тағы бір қызығы, орта ғасырлық оқымыстылардың осы еңбектеріне Еуропа ғалымдары да жо­ары баға бере­ді. Бірақ елімізде бұл туралы дерек тапшы. Көп мәліметті түрік, өзбектің арнайы сайт­тарынан алып отырмыз, – дейді музейдің ғылыми хатшысы.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағ­дарламасы бойынша 2004-2005 жылдары музей қорына Сыр бойындағы діни қайраткерлер пайдаланған біршама сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар жинақталған екен. Жоба барысында қордағы Қалжан ахун тұтынды делінген «Халабисағир», «Мултака әл-абхур», «Хадиййат ассалук фи шарх тухфат әл-мулюк» атты кітаптарының жалпы маз­мұны зерттелді.

Бір айта кетерлігі, музей маманда­рының идеясымен басталған бұл жо­баға қаржы қаралмаған екен. Соған қарамастан осы өңірде өмір сүрген діни-ағартушылардан қалған біраз жәдігердің құпиясы ашылды. Сыр жерінен табылып отырған еңбектердің көбін Мысырдағы әл-Азһар университетінің дінтанушы-ғалымы Мәлік Төлебай тегін тәржімалап, зерттеу барысында бағыт беріп келеді.

Ел ішінде мұндай қазына әлі де көп. Мамандар «егер қолдау болса елеусіз қалып келген мұраның біразы жа­рыққа шығып, ел игілігіне айналар еді» деседі.

 

ҚЫЗЫЛОРДА