Шертпе күйдің шебері, журналист, өнер зерттеушісі Жаулыбай Иманәлиевтің жасы 81-де. Алматыда жалғызілік, күтушінің қолына қарап қоңыртөбел ғұмыр кешіп жатыр. Бұл кісінің тағдыры сан сілемде тарамдалып жатыр. Ол қазақтың дәулескер күйшісі Сүгір Әліұлының көзін көріп, алдында күй тарту құрметіне ие болып, әйгілі күйшінің ықыласына кенелген жан. Бүгінде таным өрісі қазынаға толы қарияның қос жанары көлденең келген суқараңғы кеселінен көрмейді.
Күйші, өнер зерттеушісі Сәрсенғали Жүзбаев «Нар идірген» авторлық радиохабарында Жаулыбай Иманәлиевтың соқтықпалы-соқпақты өмірі туралы бірнеше сұхбат жүргізді. Тұтас бір дәуірдің жылнамасы жадында тұрған қарияның қазынасын жазып алуда енжарлығымыз елдігімізге сын болып тұр.
«Мен 1942 жылы қаңтар айында бұрынғы Шаян ауданы, Ақбастау ауылында тудым. Ағам Төлебай соғыстан оралған соң бізді 1945-1946 жылдары көшіріп Шорнақ ауылына апарды. Әкемнің ағасы Қалы түрмеден босап келді. Оның туған інісі менің әкем Жанәлі Бархиев Балқаш мыс комбинатында директордың орынбасары қызметін атқарып жүргенде «халық жауы» атанып айдалып кеткен. Әпкем Рахияны да оқудан шығарған. Әкемнің ағасы Қалы ақсақалды жұмыстан қудалаған. Әкем 1949 жылы қайтыс болған екен.
Менің Иманәлиев деген фамилияны алуымның да өзіндік тарихы бар. Әкем «халық жауы» деген желеумен айдалғанда салқыны тиіп педагогикалық училищедегі оқуынан қудаланып, шығарылған әпкем Рахияның күйеуі Иманәлі Арсымбетов деген кісі еді. Менің әкеммен бірге әріптес болған. Әкем Алматыда «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істегенде Иманәлі жездеміз әкемнің қарауында еңбек еткен. Рахия әпкеммен шаңырақ құрған соң мені бауырына басып, асырап алған. 1943 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмады. Осылай мен өзімнің әкемнің де, асырап алған жездемнің де тәрбиесін көргем жоқ. Мен соғыстан аман-есен оралған Тасболатұлы Төлебай, Қалы Барқиев деген кісілердің тәрбиесін көріп есейдім. Қалы аға дәулескер күйші болды. Бала күнімде маған өзі домбыра шауып беріп күй шертуді үйретті. Төлебай партия мектебін аяқтап келген соң арнайы жолдамамен Созақ ауданына жібереді де, ол кісі өзімен бірге мені де ілестіре кетті. 1959 жылы Шолаққорғандағы орта мектепті осы Төлебай ағамның қолында тұрып тәмамдадым.
Қалы атам өте мұңлы кісі еді, өзінің әкесі Барқы да күйшілікті керемет меңгерген өнерпаз болса керек. «Жәкемнің күйі еді» деп әкесінің күйлерін тартқанда өте мұңды, шерлі естілуші еді. Ал енді көпшілік ортада қаумалаған адамдар қолқа салып күй сұраса, домбырасын мүлдем қолына алмайтын. Тек жұмыстан келгеннен кейін кешкі уақытта ғана екі ішекті сөйлетуші еді жарықтық. Аяғын айқастырып алып күйді бірінен кейін біріне жалғап шертеді, мен де жанына жайғасып ықыласпен тыңдаймын. О баста «Жәкемнің күйі» деп бірауыз айтады, ары қарай ләм-мим демейді. Үнсіз отырып күйді төгеді. Қалы атамнан үйренген күйлерімнің көпшілігінің атауын білмеймін.
Қаратаудың атақты күйшісі Сүгір Әлиұлымен бір-ақ мәрте жолығудың сәті түсті. Бірақ мен мектепте Сүгір күйшінің Ұлбала деген қызымен бірге оқыдым. 1958 жылы Шолаққорғандағы меткептің 10-сыныбында оқып жүргенімде көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі ретінде мені сабақтан сұрап алып, ауданның мәдени күндерінде ауыл-ауылды аралап концерт қойдық. Ынтымақ деген ауыл бар. Сол ауылдың мәдениет үйінде концерт қоймақшы болып сыртта аялдап тұрғанбыз. Орта бойлы, басында киіз қалпағы бар ақсақал өзі келіп амандасып, «ауылға ат-көлік аман жеттіңдер ме?» деп қал сұрасты. Аудандық мәдениет үйінің директоры менің құлағыма сыбырлап, Жаппас Қаламбаевтың ұстазы атақты Сүгір ақсақал осы кісі» деп сырттай таныстырды. Жаппас Қаламбаевтың елге мәшһүр қобызшы екенінен хабардармын. Сүгірді білмеймін, мектеп оқушысымын. Ынтымақ ауылына концерт басталардың алдында бізден үш-төрт жас үлкендігі бар, бұрын Созақтағы мектепте қатар оқыған Сәуірбек деген жігіт келді. «Жаулыбай, сен қып-қызыл күйші екенсің ғой, бірақ қазір көрермендер арасында Сүгір атаң отырады. Білмейтін күйі жоқ. Сондықтан абдырамай асықпай өнер көрсет» деп қамшылап кетті. Ұялғанымнан дайындап барған төрт күйімнің тек екеуін ғана шерттім. Сахнаның сыртында Сәуірбек келді концерт аяқталған соң. «Сүгір шалдың сен туралы не айтқанын естіртейтін деп келдім. «Түбінде осы солақай баладан бірдеңе шығады» деп тамсанып отырды өнеріңе» демесі бар ма? Арқаланып, төбем көкке жеткендей қуандым», дейді қарт журналист.
Сүгірдің бүгінге жеткен тек жалғыз суреті бар. Оны да тапқан осы Жаулыбай ақсақал. Бұл жайында өзі «Нар идірген» радио хабарында былай дейді.
«Созақ ауданында Ергеш деген фотограф кісі болды. Кейін Шымкентке қоныс аударды. Ергеш фотографқа да арнайы амандасып, Сүгірдің суретін сұрадым. Бірақ ол кісі қаншама қайраткерлерді рәсімге алғанымен де нысанасына Сүгірдің бейнесі ілінбепті. 1971 жылы облыстық газеттің тапсырмасымен Созақ ауданына жолым түсті. Сонда Сүгірдің менімен бірге оқыған қызы Ұлбалаға сұрау салып таптым, үйінде қонақ етті. Төрінде үш шалдың иықтаса қатар түскен суреті ілулі тұр екен. Бұлар кімдер дегенімде біреуі әкесі Сүгір екенін айтты. Ол кісінің фотосы жоқ деуші еді, өмірінің ақырына дейін намаз оқыған, сахнада күй тартпайтын, өзін суретке түсіруге тоқтам салып отырған кісі екен. Осыны айтып едім, Ұлбала тарихи суреттің шежіресін ағытты. Бұл фотоны Керімбек Сыздықов деген кісі тауыпты. Сүгір күй тартып отырғанда әуесқой фотографтың бірі байқатпай шырт еткізсе керек. Міне, сол фото екен қызының сақтап жүргені. Ұлбаланың рұқсатын алып суретті фотоға түсіріп алдым да облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне анықтама беріп жарияладық. Содан бұл сурет жан-жаққа таралды.
Тағы бір дерек мен Сүгірдің әкесі Әлі ақсақалды да көрдім. Оның себебі былай. Ұлбала мектептегі емтиханға кешігіп келмей қалды. Мұғаліміміз мені жұмсады. Үйіне барсам, төрде бір қаусаған қария отыр екен. 1954-1955 жылдардағы оқиға ғой. Соны 1971 жылы Ұлбаланың шаңырағында отырып еске түсіріп сұрасам «әкем Сүгірдің әкесі Әлі ақсақал» деп жауап берді».
Жаулыбай қария бала күнінен Қаратау шертпе күйлеріне қоса өз аталары Барқы, Қалы, Өтегеннің, Сүгірдің күйлерін құлағына құйып, жадысына тоқып есейген күйші. 1975 жылы күйші Мұхит Айтқалиевпен тізе қосып жарыққа шығарған «Қаратау шертпелері» деп аталатын кітабы қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Күйшіліктен өзге жыраулық, термешілікті де өркендетті. Телеранада, қазақ радиосында жыршыларды, термешілердің де шығармашылығын насихаттауға орасан үлес қосты.
Кезінде Жаппас Қаламбаев Сүгірдің өзінен тыңдап күйлерін нотаға түсірген екен. Бірақ қолды болып жоғалтып алады. Жаулыбай Иманәлиев Жаппастың түсірген нотасы кімнің қолында жүргенін сұрап, «Жас Алаш» газетінде мақала да жариялады. Бірақ еш дерегі табылмады.
«Жаулыбай ақсақалдың үйінде тұрып, көп дидарластым, сұхбат құрдық. Тіпті «Қазақ радиосындағы» «Нар идірген» бағдарламасында бірнеше мәрте қонақта болды. Бұл кісінің бір ерекше қасиеті өзі де күйді керемет шертеді. Бірақ саналы ғұмырын күйшілерді, жыршы, термешілерді насихаттауға арнады. Солардың көмулі қалып көмескі тартып бара жатқан жауһарларын аршып жарыққа шығаруға ұмтылды. Мұның барлығы да ол кісінің кәсіби мамандығы журналистикаға деген адалдығы деп білемін. Бұл кісінің жеке мұрағатында, өзінің қорында құнды жәдігер саналар рухани мұрамыз өте көп. Бала күнінен жинап жүрген ауыз әдебиеті, жазба әдебиет, қиса-дастан, айтыс, күй, терме, жырлардың көпшілікке беймәлім болған нұсқалар өте көп. Осының барлығын жинақтап, кітап шығарып келер ұрпаққа мұра етсем деген арманы ерен. Зейнеткерлікке шыққанда да шаршау көрген жоқ. Қай өңірден күйшілердің дерегін естісе «бес қаруын асынып» іздеп барып, күйлерін жазып алып жинақтады. Бірақ бірнеше жыл бұрынғы сырқатының кесірінен екі көзі су қараңғы болып көрмей қалды», дейді белгілі күйші, өнер зерттеушісі Сәрсенғали Жүзбаев.