• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Қазан, 2023

Дәріхана дәулеттің көзі ме?

275 рет
көрсетілді

Өткен жылдары «Дәрі қымбат, бәрі қымбат» деп жазғанымыз бар еді. Сол дәріңіз сол қарқыннан танбай келеді. Көше бойы, тұрғын үйлердің астынан жарнамасы көз тұндырып, жарқылдаған жарығы жанарды қарып есік ашқан дәріханаларды көргенде нарық талабына сай, бәсеке артып, баға төмендер деп үміт шырағын жағасың. Бірақ ол үмітің ақталмайды.

Баға шарықтап, бұқараны шатқаяқтату­мен келеді. Осы­ның түп-тамырында өздерін ақ­тап алу үшін жалаулататын жабайы нарық өкілдерінің бизнесі жатқан жоқ па екен? Әрине, өз­дері өндіріп, өздері сатса, кім дау айта алады. Қолдайды. Бая­­ғының қариясы секілді, «бәре­келді батырым» дейді. Ол жоқ демесек те, кем. Жанға батып, арқаны аяздай қаритыны, барды ұқсатпай, өзгеге алақан жаятын – алыпсатарлық.

Мұның себебі не дегенге кел­сек, оның себебін: ел болған­нан бері толассыз жасалып, нәтижесі әттеңмен аяқталса да, әлемдік деп тағы бірін бастап, қаржы төгетін реформалардан іздеген жөн. Ақиқатына келсек, ел халқының өмір өзегі саналатын, әсіресе ұрпақ тағдыры айқындалатын денсаулық пен білім беру ісі реформалардан көз ашпай келеді. «Оңалдық па, омалдық па?» деген сұраққа кейде тұтығып тұшымды жауып бере алмай, сан сылтауды кескен шөлкедей көлденеңдетеміз. Сөзіміз жалаң болмасын, кезінде жалаулатқан, осы күндері айғай-сүреңнің астында қалған МӘМС-ті дәйекке алсақ, жетіп жатыр емес пе?

Тақырыпқа келер болсақ, Отанымыз әр жыл сайын дәрі сатып алуға 300 млрд қаржы бөледі екен. Тендер арқылы таратылатыны мәлім. Оның астарында да күдік-күмән жетіп артылады. Қаптаған дәріханалардағы дәрі бағасы – сан түрлі. Жаңылмасақ, мәртебелі мекемелер бірер жылдың алдында сол құбылма бағаны жөнге саламыз деген. Шешімін таппады. Айтылды, қалды-ау. Қазір әркім өз бағасын қояды. Бұл қалай десең, сатушы иығын қиқаң еткізеді. Қадала сұрасаң, иесі мен емеспін дейді. Үнің өшеді.

«Жол азабын – тартқан біле­­ді» деген ата­дан қалған сөз бар. Ол азапты емханасы жай­лы, молынан жағдай жа­салған, қалың қауымнан бө­лек жүретіндер тартпайды. Тарт­паған соң білмейді, жұрт зары­на, олай болмауы керек деп се­німсіздікпен қарайтыны хақ. Мы­салға жүгінелік, дәрі бағалары: урсосан (500 мг) – 8 690 теңге, крестор (20 мг) – 6 850, вобилон (80 мг) – 4 350, экватор – 4 170, липримар – 7 000, аторис – 3 346, осылай кете береді. 500, 1 мың, 2 мың теңге айналайын ғой. Баға әр дәріханада әртүрліге дәйек: урсосан бір жерде – 6 800 теңге, басқа бірінде – 8 790, крестор да – 9 мың және 8 мың теңге. Бағаның әртүрлілігін сатушылар жеткізілетін ел мен фирмаларды алға тартып, ақталып жатады.

Бизнес көзі ме деп сұрақ қоюдың астарында алдағы мысалдар жатыр. Оның үстіне қолында бар қолтықтан демемесе, дәріхана ашу кез келгеннің қолынан келмейтіні айдан анық. Ашсын, дегенмен халық төлеген салықтан үлес алып, халыққа сатып пайда тауып отырған соң, жекемін дей бермей, оларға да көз қырын салса, кем болмас еді. Әлеуметтік дәріхана бар дер, ондағы баға да өршіп тұр. Шығынға батар жайымыз жоқ, дейді.

Айналып келгенде, жүйесіз­дік жүйкені жұ­қартып, бұқараны титықтатып жатыр. Енде­ше, МӘМС секілді дәріхана мәсе­ле­сі­нің де құрық бойлата бермейтін «құпиясын» айтатын сәт келгенді қойып, асып кеткен секілді.

Сырқат көбейіп, дәрмен азайып бара жат­қанда, көп адамдар желідегі «білгіштерге» құл­шынуды күшейте бермек. Зұ­лым­дығы көп бола тұра, кеңес өкіметі адам ден­саулығын қорғауды алға оздырып еді. Қарық қылады деген нарық қарапайым халықты тоздырып бара жатқандай. Осыны ұққан Мәжіліс депутаттары әділетті айтып шырылдайды.

Сонымен жоғарыдағы дәйек, бұл 150 мың зейнетақысы бардың ішіп жатқан дәрілері екенін еске салып, бір 50, 100 мың-ақ зейнетақы, не жәрдемақы болсын, қымбатшылық жағадан алып тұрғанда олар қолына тигенге тамақ ала ма, жанын жеген сырқатқа дәрі үшін жұмсай ма? Жанбағысы не болмақ? Осыны да таразы басында бір сәт ойлы көзбен теңшеп көрсек қайтеді?