«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты» атты азаматтық форумның екінші күні пленарлық отырыспен басталды. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі оқылды. Іс-шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Қоғамды дамытуға арналған орта
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды ХІ Азаматтық форумның ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысының хатын Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов оқып берді.
«Жиырма жыл ішінде бұл форумның тиімділігі мен қажеттілігі дәлелденіп, салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылатын алаңға айналды. Осында көтерілген жасампаз бастамалар мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға және жалпыұлттық келісімді нығайтуға тың серпін береді. Үкіметтік емес ұйымдар және қайырымдылық қорлары, белсенді азаматтар мен еріктілер ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге барынша атсалысып жүр. Олар ынтымақтастық пен нағыз отаншылдықтың озық үлгісін танытып, еліміздегі бірлік пен татулықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда әділдік пен гуманизм, өзара сенім мен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен білімпаздық жаңа этиканың өзегі болуға тиіс», делінген Мемлекет басшысының үндеуінде.
Президент мемлекет пен үкіметтік емес сектордың тығыз ынтымақтастығы елімізді жан-жақты дамытуға ықпал етіп, Әділетті Қазақстанды құруға жол ашатынына сенім білдірді.
Бұдан кейін Мәжіліс төрағасы кейінгі жылдары Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ауқымды саяси реформалар қолға алынғанын атап өтті. Елімізде мемлекеттік билік тармақтарын жетілдіруге, азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ірі қадамдар жасалғанына назар аударды. Осындай өзгерістің бәрі батыл да байыпты, прагматикалық жолмен жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
«Президенттің саяси реформалар пакеті – ашықтық пен әділдікке, тең мүмкіндіктерге, заң мен тәртіп үстемдігіне жол ашады. Оның жемісін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Бірінші, елдегі билік институттары толықтай трансформациядан өтті. Екінші, көппартиялы Парламент жасақталды. Қазіргі уақытта Парламент пен мәслихаттарда барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғайтын саяси күштер, тұлғалар жеткілікті.
Үшінші, Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңа жағдайларда жұмыс істеуге бейімделіп келеді. Төртінші, Конституциялық реформа азаматтардың елді басқаруға қатысу мүмкіндіктерін барынша кеңейтті. Билік пен қоғам, азаматтар арасындағы диалогтің жаңа мәдениеті қалыптасып келеді.
Ең бастысы, халқымыз Мемлекет басшысының реформаларына сенім көрсетіп, оң өзгерістерді қуаттап, қолдап отыр. Бұл – үлкен жетістік. Біздің ендігі міндетіміз – осы сенімді ақтап, осы жетістікті мүмкіндігінше еселей түсу болмақ. Өйткені мемлекет пен қоғам арасында, азаматтардың ортасында өзара сенім болмаса, жүйелі мәселелерді еңсеру де, алға жылжу да мүмкін емес. Сондықтан біз алдымен өз азаматтарымызға, азаматтық қоғамға арқа сүйейміз.
Президент айтқандай: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет».
Бұл тұрғыда сіздердің – азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі орасан зор екенін баса айтар едім. Өйткені әлеуметтің көңіл күйін, жағдайын өздеріңізден артық білетін ешкім жоқ. Мүмкіндікті пайдаланып, осы бағытта жасап жатқан пайдалы, қыруар жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс спикері форум жұмысына жиналғандарға ел, қоғам алдындағы ықпалы да, жауапкершілігі де өте жоғары екенін еске салды. Еліміздегі азаматтық қоғам өкілдері жікке бөлуші емес, мемлекетті, ұлтты жұмылдырушы, біріктіруші күшке айналу заман талабы деп мәлімдеді.
«Үкіметтік емес ұйымдар, болашақ үшін Президенттің маңызды шешімдері мен реформаларының драйвері болса дейміз. Бізде ондай тәжірибе бар. Былтырғы Президент сайлауы кезінде Азаматтық қоғам өкілдері Мемлекет басшысын қолдау үшін коалиция құрдық. Ел тағдыры таразыға түскен кезде бір тудың астында жиналып, бірліктің үлгісін көрсеттік. Ортақ мақсат жолында халқымызды ұйыстыра білдік. Бұл игі үрдісті жалғастыру қажет. Біз өз тарапымыздан азаматтық қоғам өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен үнемі тығыз қарым-қатынаста, қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мәжілістің есігі сіздерге әрдайым ашық.
Бүгінгі кездесу – азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеуге және пікір алмасуға берілген жақсы мүмкіндік. Елде конституциялық реформа өткізілгеннен кейін үкіметтік емес ұйымдар алғаш рет бас қосып отыр. Қазір азаматтық сектордың елді өзгертуге қатысуға нақты мүмкіндігі бар. Сондықтан қазір жаңа Мәжіліс пен азаматтық сектордың тең әріптестер ретінде бірлескен жұмысын дұрыс құрылымдау маңызды. Ал бұл жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр», деді Е.Қошанов.
Қоғамдық палата – билік пен халық арасындағы алтын көпір
Төменгі палата спикері былтырдан бері Мәжілісте Қоғамдық палата қызметі іске қосылғанын атап өтті. Оның құрамына мемлекеттік емес ұйымдардың, сарапшылық қоғамның 40-қа жуық өкілі кірген. Қоғамдық палата құрамы тұрақты түрде жаңартылып отырылмақ.
«Қоғамдық палатаның қызметі тек заң шығару жұмыстарымен ғана шектелмейді. Мұнда қоғамның ең өзекті мәселелері талқыланады. Бұл – әртүрлі позицияны білдіруге арналған «тірі» және ашық алаң. Оның үстіне біз Мәжілістің жалпы отырыстарында Қоғамдық палата мүшелерінің атынан депутаттық сауалдарды жариялау тәжірибесін енгіздік. Яғни Қоғамдық палата қоғам мен мемлекет арасындағы нақты байланыс арнасына айналады.
Президент мемлекеттің ең өзекті міндеттерін талқылауға азаматтық қоғамды тартуды бірнеше рет атап өтті. Сондықтан біздің мақсатымыз – қоғамды толғандыратын бүкіл талқылауды Парламент қабырғасында көтеру. Қоғамдық палата – түрлі мәселеге қатысты өз ұстанымын жеткізуге жол ашатын ҮЕҰ, сарапшылар мен ғалымдарға таптырмас мүмкіндік. Кездесулердің бірін еліміздегі азаматтық секторды дамытуға арнау дұрыс болады», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс төрағасы қазіргі таңда заң шығару барысында қоғамдық пікірге ерекше мән берілетінін атап өтті. Төменгі палатада саяси көзқарастың көп болуы, сан алуан ұстанымның айтылуы маңызды екеніне тоқталды.
«Бұған сіздермен бірлесіп қана қол жеткізе аламыз. Әріптестеріңіз заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарына мүше. Біз бірлесіп азаматтық қоғамды нығайтудың негізін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеміз. Жақында «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Құжат азаматтарға мемлекеттік істерді басқаруға қатысуға жаңа мүмкіндіктер берді. Петиция институты енгізілді. Бұл туралы қоғамда көптен бері талқыланып келеді. Ақыры аталған мәселеге заңды нүкте қойылды. Енді мемлекет қоғамның қазіргі сұранысына жауап беруге міндетті болады. Азаматтар жергілікті деңгейде де, республикалық деңгейде де өз талаптарын қоя алады
Сондай-ақ депутаттар үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу және есеп беру үдерістерін айтарлықтай жеңілдетті. Конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен қолжетімділігі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілді. Қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік кәсіпкерлікке белсенді араласа алады. Депутаттар волонтерлік қызметті ынталандыруға қатысты елеулі өзгеріс енгізді. Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер туралы заң жобасы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға бағытталған. Қоғамдық бірлестік құру бастамашыларының санына қойылатын талапты он адамнан үш адамға дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Бұл тақырып ҮЕҰ арасында да қызу талқыланып жатқанын білемін», деді Е.Қошанов.
Палата спикері қазіргі таңда Мәжіліс қабырғасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қызу талқыланып жатқанына екпін берді. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да үлкен көңіл бөлінетінін жеткізді. Президенттің бастамасымен жүзеге асқан реформа нәтижесінде әр партия өз тізіміне оларды енгізгенін атап өтті.
«Мәжілісте алғаш рет «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы құрылды. Топ кедергісіз ортаны құруға, оның ішінде заңнамалық деңгейде де тығыз араласады. Бұл – депутаттар мен ҮЕҰ арасындағы бірлескен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты. Жалпы, ашық диалог пен барлық заң шығару үдерісінің ашықтығы – бүгінгі күнгі депутаттар жұмысының басты ұстанымы. Онсыз халықтың сеніміне қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан барлық мүдделі тарапты Мәжілістің заң шығару жұмысына қатысуға шақырамын.
Бүгінгі форумның «Әділетті Қазақстан: әрқайсысымыз және баршамыз үшін» деп аталуы бекер емес. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің таңдауымыз – Әділетті Қазақстан құру және біз осы жолдан айнымаймыз. Ал оның іргетасы – мықты азаматтық қоғам. Елдегі үкіметтік емес ұйымдар осы бағытта қыруар шаруа атқарып жатқанын жоғарыда айтып өттім. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі бүгінде қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе балалар үйлері мен дағдарыс орталықтарын қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарыңыз зор құрметке лайық», деді Е.Қошанов.
Азаматтық бастамалардың бесігі
Пленарлық отырысқа төрағалық еткен Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева форум жұмысына қатысушыларды алда келе жатқан мәртебелі мереке – Республика күнімен құттықтады.
«Сөз жоқ «республика» мен «азамат» – егіз ұғым. Сондықтан осынау маңызды мейрам қарсаңында өтіп отырған Азаматтық форумның орны да, орайы да ерекше. Осыдан 20 жыл бұрын қоғамдық мүддені жоғары қойған ұйымдардың басын алғаш рет қосқан бұл диалог алаңы бүгінде ірі мемлекеттік және азаматтық бастамалардың бесігіне айналды. Осы сәтті пайдаланып, форумға қатысып отырған барша үкіметтік емес ұйымға, квазисектор мен бизнесқауымдастық өкілдеріне, халықаралық миссиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарына ризашылығымды білдіремін», деді А.Балаева.
Сала басшысы іргелі жиынды ұйымдастырған Қазақстан Азаматтық альянсына алғысын жеткізді. Министрдің айтуынша, аталған ұйым Мемлекет басшысы ұсынған қоғамды жаңғыртудың жаңа бағытын жүзеге асыруға мол үлес қосып келеді.
«Кейінгі жылдары Азаматтық форумда азаматтық бастамаларды дамытудағы, соның ішінде Мемлекет басшысы атап өткен көптеген маңызды мәселе шешілгеніне бәріміз куә болдық. Тек соңғы үш жыл ішінде Форумның шешімдері бірқатар стратегиялық құжат пен заң қабылдауға негіз болды. Олардың қатарында Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, «Қоғамдық бақылау туралы» заң бар. Онлайн-петицияға жауапты бірыңғай институт құруға қатысты заңнамаға, қоғамдық кеңестер, бейбіт жиналыстар, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Осы орайда заң шығару жұмысына қосқан орасан зор үлесі және бастамаларды шынайы әрі мүдделі қолдағаны үшін депутаттарымызға көпшілік атынан ерекше алғыс айтқым келеді», деді А.Балаева.
Бұдан кейін Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мінберге көтерілді. Баяндамашы Қазақстан азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы тиімді серіктестік арқылы тұрақты дамуда ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.
«Тұрақты дамудың 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне қол жеткізуде жолдың бел ортасынан аудық. Яғни тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жолында барымызды салатын маңызды кезеңге аяқ басып отырмыз. Форум Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына деген табандылығы мен адалдығын көрсетеді. БҰҰ Даму бағдарламасы бұл тұрғыда Қазақстанға қолдау көрсетеді.
ҮЕҰ бұл үдерісте маңызды рөл атқарады және билік пен азаматтар арасындағы көпір қызметін атқарады. Олардың өзара тиімді әрекетін қамтамасыз етеді. Қазақстанда әртүрлі салада белсенді жұмыс істейтін 18 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Бұл – елдегі адам капиталы мен тәжірибенің әлеуеті үлкен екенін білдіреді. Осы үкіметтік емес ұйымдардың үштен бірі халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаумен айналысады», деді К.Вавьерниа.
БҰҰ өкілі тұрақты даму мақсаттарын орындау барысында Қазақстан күш-жігерді өзінің өңірлік ерекшеліктеріне бейімдеуге талпынуының маңызына тоқталды. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, табысты жұмыстар атқарылып жатқанын, соларды келешекте нығайту қажеттігіне назар аударды.
Жиын барысында Мемлекет басшысының бастамалары, оның ішінде «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу, онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру бойынша заңнамалық түзетулер енгізу, қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелері айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және ҮЕҰ гранттық қаржыландыру туралы бірлестіктердің тиімді жұмысы жөнінде де сөз болды.
Мәселен, 16 жылдан бері ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қорының» жұмыс нәтижелері таңғалдырады. Қордың 70-тен аса жобаны іске асыруының арқасында ауданның дамуына 1 миллиард теңгеден аса инвестиция салынған. Қор Шелек ауылындағы «Агробизнес орталығы» сияқты білім беру жобаларына ерекше көңіл бөледі, оның негізінде 5 мыңнан аса адам арнайы оқудан өткен. Қордың жанынан құрылған «Шелек фермерлері» өндірістік кооперативі жобаға 400-ден аса адамды тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін табысты өткізіп жатыр. Қор басшысы Бақытгүл Елшібаева барлық қоғамдық ұйымның ел басшылығы бастаған ауқымды экономикалық реформаларға белсене қатысуға дайын екеніне сендірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік, қоғам және бизнес арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше мән беретінін еске салған Мәдениет және ақпарат министрі: «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында «біз сұраймыз – сіздер көмектесесіздер» қағидаты бойынша емес, «мәселе бар – бірге шешеміз» қағидаты бойынша құрылатын «қоғам және бизнес» тиімді диалогін құруға қолжеткізу өте маңызды. Азаматтардың өмір сүру сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізу 3 тараптың әлеуетін тиімді өзара шоғырландыру негізінде ғана мүмкін болады. Олар: үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қоғамдастық және мемлекет. Бұл бағытта біз бизнес қоғамдастыққа үлкен үміт артып отырмыз», деп атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Орда» Астана қаласының аутизмі бар балалардың ата-аналарының қоғамдық бірлестігі» ҚБ төрағасы Салтанат Есмағанбетова сөз сөйледі. Бұдан бөлек, Еуразия технологиялық университетіндегі адам құқықтарын зерттеу, инклюзия және азаматтық қоғам орталығының директоры Халида Әжіғұлова, кәсіпкер, қоғам қайраткері, «Сенімен болашақ» ата-аналар РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов өз пікірлерін ортаға салды.
Елге қызмет етудің мәні мен әр азаматтың егеменді мемлекеттің дамуына үлес қосуының маңыздылығына кеңінен тоқталған Нұркен Асанов бизнестің әлеуметтік маңызы бар жобалар мен бағдарламаларға белсенді түрде қатысуға дайын екенін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева мерейлі форумда азаматтық қоғам саласында жүргізілген ауқымды істердің нәтижелері назарға ұсынылғанын жеткізді.
«Осында өз ойы мен тәжірибесін ала келген барша қатысушы алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Бір нәрсе айқын. Көптің тілегі – бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі өз деңгейінде жалғастыруды талап етеді. Ендеше, тағы да баршаңызды келе жатқан Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – барша қазақтың сан ғасырдан бергі дәстүрінің жаңғырғаны, армандардың ақиқатқа айналған күні деп білеміз. Осы жерде айтылған барлық бастама мен ұсыныс, болашақта ұлтымыздың дамуына, болашағымыздың батыл қадам басуына үлесін тигізеді деген ойдамыз. Егемен еліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз екенін есімізден шығармайық», деді А.Балаева.