Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Тауар айналымын арттыратын заң
Отырыс барысында «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Халықаралық қаржы ұйымы – Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының қызметі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің сауда-экономикалық байланыстарын арттыруға және экспорттаушы кәсіпорындардың тәуекелдерін қайта сақтандыру жолымен инвестициялар көлемін ұлғайтуға бағытталған.
«Осы келісім арқылы Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мәртебесі, функциялары, басқару және оның қызметіне аудит пен ревизия жүргізу мәселелері реттеледі. Мақұлданған заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тауар айналымының дамуына өз ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Компанияның Жарғысына сәйкес тәуекелдерді бағалау, тәуекелдерді азайту, шығындарды реттеуге жәрдемдесу, маркетингтік зерттеулер жүргізу, қайта сақтандыру саласындағы консультациялық, зерттеу және ағартушылық қызмет және тағы басқа функциялар регламенттеледі. Келісімнің шарттары бойынша капитал бірлестікке мүше елдердің жарналары есебінен қалыптасады.
Көгалдандыру ісі көңілдегідей емес
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Сенат депутаты Нұрлан Бекенов ел аумақтарын көгалдандыру қарқыны төмен деп санайды. Ол Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атына депутаттық сауал жолдап, қоршаған ортаны көгалдандыру туралы өзекті мәселелерді жария етті.
Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін бүкіл еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызу қажет. Мәселен, 2021 жылы 138 млн ағаш, 2022 жылы 280 млн ағаш отырғызылды, ал биыл 409 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Алайда депутат көшеттердің өмір сүру деңгейі небәрі 70 пайызды құрайды деп алаңдап отыр. Яғни әрбір үшінші ағаш тамыр жая алмай, семіп қалады. «Осылайша, 409 миллион көшеттің кем дегенде 120 миллионы тамыр жая алмайды. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау екені белгілі болып отыр. Бюджет шығынын азайту керек. Өсімдіктердің тіршілігіне бақылау және талдау жүргізілмейді, оларды бақылау, күту және суарудың заманауи жүйесі орнатылмаған. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапкершілік қайда?», деді ол. Сонымен қатар ағаштарды кесу, қасақана от қою, өртеу, ормандарды заңсыз басып алу және пайдалану, үйлер мен басқа да құрылыстарды салу мәселелеріне алаңдаушылық білдірген депутат осыған байланысты ормандар мен курорттық аймақтардағы барлық ғимараттар мен құрылыстарды тексеруді ұсынды.
«Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігерлік ұйымдарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы белгімен бірге жазылуы керек», деді сенатор.
Сайрамда сапалы ауыз су тапшы
Сенатор Алишер Сатвалдиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысының Сайрам ауданындағы инфрақұрылымның өзекті мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, халықты сапалы ауыз су және электрмен қамтамасыз ету үшін инженерлік инфрақұрылымды шұғыл дамыту қажет.
«Қарабұлақ ауылдық округіндегі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. 59 мыңға жуық халқы бар ауыл округі тұрғындарының тек 60 пайызы ғана ауыз су құбырларына қолы жетіп тұр. Ауыл халқының 30-35 пайызы құдық және өздері қазып алған су ұңғымаларын пайдалануға мәжбүр. Тұрғындар арасында ішек ауруларына шалдыққандар бар. Ауыл көшелерінің жағдайы мәз емес, 70 пайызы жөндеуді қажет етеді», деді сенатор. Сонымен қатар депутат аудандағы халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын үйлер салу қажеттігіне Үкіметтің назарын аударды.
Ол сондай-ақ Сайрам ауданында жерге кезекте 56 мыңнан астам азамат тіркелгенін, яғни ауданның әрбір төртінші тұрғыны кезекте тұрғанын хабарлады. «Осы мәселені шешу үшін Сайрам ауданының жер учаскелерінде инженерлік коммуникациялар салу жоспарланып отыр. Құны 891 млн теңгеге жобалық құжаттама дайындалды. Сонымен қатар аудан тұрғындарын тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Ақсукент ауылынан қосалқы электр стансасын салу үшін құны 1,7 млрд теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Жоғарыда аталған мәселелер бойынша барлық тиісті құжат рәсімделіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша өтінімдер жолданған», деді депутат. Осыған байланысты Әлихан Смайыловтан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында айтылған мәселелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарауды сұрады.
Теміржолшылардың түйткілді мәселелері
ҚТЖ-ның қатардағы қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын 55 жасқа дейін төмендету керек. Сенатор Геннадий Шиповский өзінің депутаттық сауалында осындай ұсыныс айтты. Оның пікірінше, теміржол саласы қызметкерлерінің өмірін жақсарту саласында көптеген мәселе бар. Сенатор елімізде саланы дамыту үшін тіпті жаңа министрлік құрылғанын атап өтті. Алайда Г.Шиповских айтқандай, мемлекеттік орган теміржолшылардың негізгі мәселелерін, оның ішінде жалақының төмендігін, тұрғын үйдің жоқтығын және зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін әлі шешкен жоқ.
Депутат Көлік министрлігінің ақпараты бойынша ең төменгі санаттағы «байланыс және дабыл» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңгені, Қызылордада 354 мың теңгені, ал ең төменгі санаттағы «жолшының» жалақысы Абай облысы мен Павлодар облысында 280 мың теңгені құрайтындығына назар аударды. Сенатордың пікірінше, бұл шындыққа сәйкес келмейді.
«Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңгені құрайды. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екеуі екі түрлі. Біз қайсысына сенеміз? Әрине, халықтың ақпаратына сенеміз», деді сенатор.
Осы деректерді алға тартқан депутат теміржолшылардың мәселелерін толығымен шеше алатын бірқатар шешім ұсынды. Қазір бұл салада 140 мыңға жуық адам жұмыс істейді, демек оның экономикалық әсері де үлкен болады.
«Біріншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, теміржол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпоративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритм жасалуға тиіс», деді сенатор.