«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жамбыл облысында қолға алынған жұмыстың ауқымы зор. Мәселен, биыл 98 елді мекенде 301 жобаны жүзеге асыру мақсатында 15,7 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен 56 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған еді.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылының тұрғындары елді мекенде дербес ауылдық клуб жоқтығын жылдар бойы айтып жүретін. Осы жылы елді мекен тұрғындарының тілегі орындалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 106 миллион теңге қаражат бөлініп, 90 орындық мәдениет үйі салынды.
«Ауданның мәдениет саласын өркендетуге айрықша ден қойып отырмыз. Соңғы үш жылдың бедерінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Сондай-ақ өткен жылы құрылысы басталған Көгершін ауылындағы клуб пайдалануға беріліп отыр. Осылайша, аудандағы халық тығыз орналасқан елді мекендердің бірінің мәселесі шешілді.
Жалпы алғанда ауданның 2027 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес алты ауылда мәдениет үйі мен клуб бой көтереді деп жоспарлап отырмыз», дейді Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғазы Еспенов.
Көгершінде ауылдық клуб уақытында жекенің қолына өтіп кеткені белгілі. Қысқасы, ұзақ жылдар бойы елді мекендегі мәдени нысан жапсарлас ғимаратта орналасқан болатын. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдықтарды алаңдатқан мәселе оңынан шешілгені – құптарлық қадам.
«Ауылымызда талантты жастар аз емес. Жаңа клубтың салынғанына бек қуаныштымыз. Енді осы мәдениет нысанында түрлі үйірмелер ашылып, талантты балаларымыздың талабын ұштай түссе деген тілегіміз бар», дейді ауыл тұрғындары.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Көгершін ауылы