Республика күніне орай елордада журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирі ұйымдастырылды. «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі биыл екінші мәрте өткізген жарысқа елімізге белгілі ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, журналистер, медиаменеджерлер, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша белгілі айтыс ақыны Еркебұлан Қайназаров турнир жеңімпазы атанды. Бірінші орын иегеріне 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Белгілі журналист, ақын Талғат Ешенұлы екінші орынға ие болды. Ол 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ ұйымдастырушылардың шешімі бойынша үшінші орынды қаламгер Сәдібек Түгел мен белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы иеленді.
Турнирді ұйымдастырушылар жарыс барысында жүлделі орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойлары аталып өтіп жатқан қаламгерлер – Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлықтар да тағайындады. Әр аталым бойынша үздік деп танылған қаламгерлерге 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық табысталды. Атап айтар болсақ, Кемел Тоқаев атындағы арнаулы жүлде жазушы Қойшығара Салғараұлына, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлына және Оралхан Бөкей атындағы сыйлық белгілі қаламгер, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке бұйырды.
Сонымен қатар арнаулы жүлделерден бөлек, тағы бірнеше ойыншы қосымша сыйлықтарға ие болды. Қазылардың шешімімен «Алыстан ат терлетіп келген ойыншы» аталымы Алматы қаласынан арнайы келген қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжайға, «Мәдениетті ойыншы» аталымы белгілі жазушы Шархан Қазығұлға, «Алғашқы шар» аталымы күйші Секен Тұрысбекке бұйырды. Сондай-ақ ардагер журналист Кенже Жұмағұл «Мерген ойыншы», Әлімжан Сабыржанұлы «Шебер ойыншы» деп танылса, Жандос Дүйсекеев «Үздік дуплет» аталымы бойынша үздік шықты. Аталған марапат иелеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде табысталды.
Ойындардың ережеге сай және әділ өтуіне бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Шымбаев төрелік жасады.