• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Қазан, 2023

Қылмыспен күрестегі бірлескен қызмет

136 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған халықаралық шарттарды ратификациялады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Бұл заңдар екі мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастығын көздейді.

Ұстап беру туралы шартта іздеуде жүрген азаматтарды қылмыстық жауап­кершілікке тарту үшін оларды Қазақ­стан мен Кипр арасында экстрадициялау мәселелері, сондай-ақ ұстап беруден бас тарту үшін міндетті және факультативтік негіздер регламенттеледі. Атап айтқанда, егер іздеуде жүрген адам тергеуде болса және осыған ұқсас қылмысы үшін осы мемлекеттің сот тәртібімен қудаланса, адамдарды ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Сонымен қатар қылмыстың ауырлығын ескере отырып, егде жас, денсаулық мәселесі немесе басқа да жағдайлар беруден бас тартуға негіз бола алады. Осы ретте уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын ұстап беруге жол берілмейтінін атап өткен жөн.

Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы заңда көрсетілген құқықтық көмектің белгілі бір түрлері сақталмаған жағдайда, яғни мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оның ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе, құқықтық көмек көрсетуден бас тарту көзделген.

«Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Кипр Республикасы арасында құқық қорғау саласы бойынша ынтымақ­тастық­ты дамытуға арналған. Келісімнің ереже­лері ұстап берудің шарттары мен рә­сімдерін, сондай-ақ азаматтарға құқық­тық көмек көрсету мәселелерін реттей­ді. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қыл­мысқа қарсы күрес жолындағы бірлес­кен қызметінің тиімділігін арттырады және өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

 

Ұлттық құндылықтарды ілгерілету маңызды

«Қазақстан халқына» қоры мен мемлекетке қайтарылатын активтерден түс­кен қаржы әлеуметтік жобаларды ғана емес, ұлттық құндылықтарды ілгері­л­етуге бағытталған жобаларды да қаржы­лан­дыруға тиіс. Сенатор Нұртөре Жүсіп депу­тат­тық сауалында осындай ұсыныс айтты.

Депутат ұлттық құндылықтарды іл­гері­л­ету жөнінде Сенатта айтарлықтай жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Сенатта соңғы екі жылда 2 парламенттік тыңдау, 3 дөңгелек үстел, 3 кездесу, 3 комитеттің кеңейтілген отырысы өтті. Сонымен қатар дәстүрлі мәдениетке, төл тарихымызға, отбасы институтын нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдарындағы идеологиялық ағартушылықты күшейтуге қатысты 10 депутаттық сауал жолданды. Осылайша, Сенат депутаттары елдің рухани құнды­лықтарын сақтауды бірінші орынға қоюға мүдделі екенін көрсетіп келеді.

«Алайда Үкімет Сенаттың ұсыным­дарына тек бірыңғай сырғытпа жауап беріп келеді. Берілген ұсынымдар ес­кері­ле бермейді. Сонда біз бұл мәселе­лерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, «Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік бас­қару институттарына жолдау» жөнін­дегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды», деді сенатор.

Сенатор Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы барысында біздің ұлттық құндылықтарымызды дамытуға және насихаттауға қабілетті креативті индустрияны дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Депутат жақында Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңы­ның кезекті отырысы өткенін, онда да осы мәселелер жан-жақты талқыланғанын еске салды. Сөзінің соңында Сенаттың жоға­рыда көрсетілген ұсынымдарының іске асуын жан-жақты талдау үшін Үкі­мет бас­шысынан Палатаның отырысына ж­ауапты вице-премьерді жіберуді сұрады.

 

Орманшылар проблемасы өзекті

Сенатор Сергей Ершов еліміздің Премьер-министріне жолданған депутат­тық сауалында Қарқаралы мемле­кеттік ұлттық табиғи паркіндегі орманшы­лар­дың проблемаларын көтерді. Депутат өңірлердегі жерлестермен кездесулер кезінде осы табиғи саябаққа барғанын және олардың жағдайы мемлекеттік органдардың шұғыл араласуын талап ететініне көз жеткізгенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы­ның нақты тапсырмасына қарамастан, жағдай өзгерген жоқ, кеңес дәуірінің деңгейінде қалды. Мысалы, 42 кордонға 1990 жылдары шығарылған 7 өрт сөндіру техникасы бар, 3 кордон ғана тозған радиобайланыспен қамтамасыз етілген, қалғандарында ол да жоқ. Ал автокөлік паркінде «ПАЗ» үлгісіндегі бір ескі автобус, ГАЗ-51 жүк көлігі және кеңес өкіметі кезіндегі өрт сөндіру машинасы ғана бар», деді сенатор.

Сонымен қатар сапар қорытындысы бойынша Экология министрінің атына хат жібергенін атап өтті. Уәкілетті органның жауабына сүйене отырып, бүгін­де олар тек осы мәселелерді шешу­дің «мүмкіндігін қарастыруды» жоспар­лағанын көруге болады. Сенатор саябақ қызметкерлерінің жалақысы, олардың әлеуметтік және материалдық әл-ауқаты мәселелеріне қатысты бірқатар мәселеге назар аударды. Аталған факті­лер­ге сүйене отырып, сенатор проблемалар­ды шешу үшін бірқатар шараны ұсынды.

«Кордондарды техникамен, байланыспен және электр энергиясымен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ұлттық парк инспекторлары мен олардың отбасы мүшелері тұратын жаңа ғимараттар салу және қазіргі ғимараттарды күрделі және ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру қажет. Ұлттық парктің техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек, ол бүгінгі күні 75 мың теңгені құрайды», деді сенатор.

 

Мұнай қалдықтары ауыз суды ластап жатыр

Еліміздің батыс өңірін толығымен ауыз сумен қамтамасыз ете алатын «Көкжиде» кен орнындағы жерасты суын мұнай өнімдері ластаған. Сенатор Бауыржан Қаниев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселе туралы айтты. Ол кен орны республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесіне енгізілгенін атап өтті.

Бауыржан Қаниев Мемлекет басшысы өз Жолдауында су тапшылығы проблемаларын ерекше атап өткенін еске салды. «2009-2019 жылдар аралығында осы ерекше жерасты суын сақтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Көкжиде» құмы объектісіндегі 38 ұңғымаға мемлекеттік экологиялық зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бо­йынша жыл сайын жерасты суын мұнай өнімдері ластағаны тіркелді. Ал 2020 жылы Көкжидедегі жерасты суындағы мұнай өнімдерінің рұқсат етілген шекті құрамы 6 есеге көбейіп кеткені анықталды», деп атап өтті сенатор.

Депутат 2,5 миллионға жуық адам пайдалана алатын су көзін сақтау аса маңыз­ды екенін атап өтті. Осы жағдайға бай­ланыс­ты шұғыл түрде жүзеге асуға тиіс бір­қатар шараны ұсынды. «Көкжиде жерасты суының аумағындағы барлық мұ­най өндіруші кәсіпорынның жерасты суын пай­далануға рұқсаттарын тексеру керек. Аталған аумақта 2025 жылға дейін мұ­най және газ ұңғымаларын кезең-кезеңі­мен жою жөніндегі шаралар жоспарын қыс­қа мерзімде әзірлеу және бекіту маңыз­ды. Жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылау қажет», деді депутат.

 

Жерді мемлекетке алудағы түйткіл

Сенатор Лукин мемлекет үшін жер алу кезінде бюджет ақшасының негізсіз шы­ғынға ұшырайтыны туралы айтты. Ол де­путаттық сауалында жерді сатып алуға мем­лекеттік ақша тиісті шамадан көп жұм­салатыны жөнінде мысалдар келтірді.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде заңда мемлекет мұқтажы үшін қанша жер қажет болса, сонша жер сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ онда тек бөлінетін учаскелерді алғанда ғана жүзеге асады, бөлінбейтін жағдайда жер телімін толығымен сатып алуға тура келеді. Ол кейде тым үлкен, сондықтан қымбатқа түседі.

«Ережеге сәйкес бөлінбейтін жер телімін бөлінетін санатқа ауыстыруға жол беріледі. Алайда ол тек меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өтініші негізінде мүмкін болады. Меншік иесінің не­месе жер пайдаланушының тиісті өті­ніші болмаса, жергілікті атқарушы орган­ның бөлінбейтін жер учаскесінің бір бө­лігін ғана алып қоюға мүмкіндігі жоқ еке­ні белгілі болды. Қазіргі жағдайда жер­гілікті атқарушы органдар талап етілетін алаңға қарамастан бөлінбейтін учас­келерді толығымен алып қоюға мәжбүр, бұл бюджет қаржысының негіз­сіз жұм­салуына әкеледі», деді сенатор Лукин.

Депутат заңнаманы бір жағынан негізсіз бюджеттік шығындарды азайтатындай етіп өзгертуді, екінші жағынан жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғауды ұсынып отыр. «Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда бөлінбейтін деп танылған жер учаскесін бөлу мүмкіндігін қарастыру керек. Бөлінбейтін учаске бөлінген жағдайда меншік иесіне немесе жер пайдаланушысына бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болмаған жағдайда бүкіл жер учаскесінің құнын өтеу құқығын бекіту маңызды болып көрінеді. Сондай-ақ жер пайдаланушыда жылдық және ұзақмерзімді бағдарламаның міндетті түрде болуын, оның ішінде оның қаржылық және өзге де міндеттемелерін бекіте отырып, жер учаскелерін беру тәртібін, сондай-ақ жер пайдалану құқығын жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдаудың оларды орындауға байланысын талдау қажет деп санаймыз», деді Лукин.

 

Баспанаға мұқтаждарға қолдау аз

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов тұрғын үйге мұқтаж жандарға айтарлықтай қолдау көрсетілмейді деп есептейді. Ол тұрғын үй және құрылыс секторындағы проблеманы осылай сипаттады. «Қазіргі кезде тұрғын үй сатып алушылардың жалпы санының 80%-дан астамы – ипотеканы пайдаланатын жандар. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың қысқаруы және зейнетақы жинағының «жеткіліктілік шегінің» артуы халықтың сатып алу қабілетінің және тиісінше бастапқы тұрғын үйге сұраныстың айтарлықтай төмен­деуіне әкелді. Тұрғын үйге мұқтаж адам­дарға айтарлықтай қолдау әлі бай­қалған жоқ. Уәкілетті органдардың дерек­тері бойынша 2023 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша орташа жалақы 365 мың теңгені құрады, сонымен бірге екінші кезектегі нарықтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің құны 500 мың теңгеге жуық болып белгіленді. Мұндай айырмашылықты бүгінде тіпті тұрақты жұмыс істейтін қарапайым азаматқа да толтыру өте қиын», деді сенатор.

Сенатор Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша өткен жылы кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй қо­рын­дағы жалдау ақысын субсидия­лау басталғанын еске салды. Алайда сенатор бұл бағдарлама енгізілген кезде субсидиялау сомасына тұрғын үйді жалға алу бағасы бірден өскенін атап өтті. С.Мәкежанов мұндай құбылыс басқа салаларда да орын алғанына тоқталды.

«Егер мемлекеттік субсидияның тиімділігі төмен болса, халыққа осындай қолдаудың қажеті бар ма? Нарықтың молайғаны мен тұрғын үй құнына тікелей әсер ететін құрылыс секторының кейбір өзекті мәселелерін атап өту қажет деп санаймыз. Жалпы, соңғы бес жылда құрылыс материалдары құнының 50%-дан астам, ал жекелеген түрлері бойынша 2 және одан да көп есе тұрақты өсуі байқалып отыр. Алайда уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан осы мәселені шешуде тиімді шаралар қабылданбай келеді», деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Бұдан басқа, отырыс барысында сенатор Ләззат Қалтаева тиісті заң­ға әрекетке қабілетсіздік мәртебесін тағайын­дау және алып тастау туралы өзгеріст­ер енгізу мәселесін көтер­ді. Сондай-ақ қорғаншылар мен қам­қор­­шылардың теріс әрекеттерінен қорғау үшін қамқоршылыққа мұқтаж тұл­ғалардың құқықтарын күшейту бойын­ша өз ұсыныстарын жеткізді. Ал сенатор Нурия Ниязова шетелдер­дегі қақтығыс аймақтарында қалған елі­міздің азаматтарына қолдау көрсету үшін министрліктермен және бейінді ұйымдармен бірлесіп хаттама әзірлеу мәселесін тілге тиек етті.