Республика күні мерекесі аясында халықаралық театр бәйгелерінің қатары «Almaty puppet festival» қуыршақ театрлары фестивалімен толықтырылып, бірінші рет өткізіліп отырған өнер додасында Қазақстан, Польша, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Грузия сияқты алты мемлекеттің өнер майталмандары бір сахнада бас қосты. Алматыда өткен халықаралық бәйгеге алыс-жақын шетелдің 60 театрынан өтінім келіп түскен. Фестивальды тың идеялар мен сәулелі сәттердің ордасына айналдыруды мұрат тұтқан ұйымдастыру алқасы 14 театр ұжымының жаңалыққа толы инновациялық қойылымын іріктеп алып, қуыршақ жүргізетін 150 шеберге шақырту жолдаған.
Фестиваль – бәсекелесетін бәйге алаңы ғана емес, шығармашылық өнер иелері үшін кәсіби даму сатысы, тәжірибе алмасу мүмкіндігі, бастысы халықаралық байланыс пен үздіксіз өркендеудің өзегі. Биік деңгейдегі мәртебелі өнер мерекесіне әзірлік жұмысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Тамырлы тарихы тоқсан жылға таяған Алматы Қуыршақ театры Ресей, Қытай, Чехия, Түркия, Жапония, Тәжікстанда өткен ірі фестивальдарға қатысып, озық өнер өрнегін көрсетіп, тәжірибе жинақтап, талай рет жүлделі орындар иеленді. Енді, міне, шығыс пен батыс қуыршақ театрларының ең үздік қойылымдарын тамашалай жүріп, классикалық жанрдағы қойылымдардан бастап соңғы мультимедиалық пьесаларға дейінгі барлық бағытты айқындап, жаңалыққа толы туындыларды өз сахнасына топтастырып, Қазақстанның жас көрерменіне дәстүрлі түрде таныстыруды басты мақсатына айналдырып отыр. Алматы Қуыршақ театры және Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен бес күн бойы заманауи қуыршақ өнерінің бағыт-бағдарын әр қырынан танытқан фестиваль, ең алдымен, жаңашылдығымен, шығармашылық шымыр ізденісімен ерекшеленді.
Кішкентай бүлдіршін әлемді, өз өмірін алғаш қуыршақ арқылы таниды. Ғажайып сиқырлы әлемге сеніп, сүйікті ертегілерінің кейіпкерлерін қуыршақ қозғалысымен танып-қабылдау оларды шаттыққа ғана бөлеп қоймай, ұшқыр қиялын шыңдап, көңіл көкжиегі өрісін кеңейте түседі. Бала жүрегіне жол тапқысы келетін қуыршақ өнерінің шеберлері мұны әсте естен шығармайды. Фестивальда әр елдің театры бірнеше спектакльден ұсынды, сондықтан да бағдарлама тығыз түзіліп, әр күн, әр сағатына дейін есептеліп, өнер жәрмеңкесі қыз-қыз қайнады. Тың тақырыптағы қойылымдар, кәсіби мамандардың талқылауы, шеберлік сабақтары, дәрістер күн сайын сабақтасып, өнер көрігін қыздырып жатты. Мысалы, «Қуыршақ театры – суретші көзімен» шеберлік сабағында суретші, Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина «Шапан», «Ит», «Ақ кеме», «Ат тұяғын тай басар», «Тізгініңді босат та, құстай самға!» қойылымдарының ерекшеліктері мен суретшілік қолтаңбасы туралы әңгімеледі.
Театр өнеріндегі құпиясы мол қызықты саланың бірі – грим. Қойылымдардың сапалы, кейіпкер образының сәтті шығуына грим маманы жауапты, ал бұл өнер жөнінде кино және театр гримінің маманы, Мәдениет саласының үздігі Жазира Абылқайырованың айтары аз емес. Фестиваль қонақтары мен қатысушыларына грим жасау барысындағы бояулардың дұрыс қолданылуы, жарықпен жұмыстың образға әсері, маңызды заңдылықтары мен ерекшеліктері, қателіктер мен оны түзеу жолдары туралы өткен шеберлік сабағынан қатысушылардың түйгені мол. Сондай-ақ «Темпо» театрының әртісі, режиссер, сценограф, Билькент университетінің оқытушысы, «Карагез» ассоциациясының президенті Халюк Юдженің пантомима өнері бойынша жүргізген сабағы да қатысушылардың көкейінде ұзақ сақталары сөзсіз.
«Алматы үшін алманың маңызы зор. Сол себепті фестивальдың басты символына алманы таңдадық. Ал Гран-приге 1 000 000 теңге, қалған алты аталым бойынша жүлдеге 500 мың теңге белгіледік. Бүгінгі қуыршақ театры бұрынғы тар шеңберді бұзып, «тек балаларға арналған» деген түсініктен әлдеқашан босап шыққан. Тұңғыш рет өткізіліп отырған фестиваль осыны көрсетті. Әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму жолдары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар әр көрерменге эстетикалық ләззат, рухани азық сыйлағаны анық», дейді Алматы Қуыршақ театрының директоры Алмат Абдрахманов.
Бес күнге созылған І Халықаралық «Almaty puppet festival» қуыршақ театрлары фестивалінің Гран-при жүлдесін Батуми Мемлекеттік кәсіби қуыршақ және жас көрермендер театры жеңіп алды. Мылқау киноның майталманы, әйгілі Чарли Чаплиннің қызына жазған хатының негізінде сахналанған «Джеральдинаға хат» спектаклін белгілі театртанушы, өнертану кандидаты Меруерт Болатқанқызы бастаған қазылар алқасы фестивальдың «Үздік спектаклі» деп таныды. «Ит» қойылымын Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры үшін сахналаған Антон Зайцев «Үздік режиссер» атанды. Өзбекстаннан келген Ферғана облыстық қуыршақ театры «Үздік ансамбль», С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының қуыршақ труппасы «Үздік суретші», С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасы «Жаңашыл көзқарас» аталымдары бойынша жеңімпаз болып танылды. Ал «Қуыршақ театрының ұлттық драматургиясын дамытуға қосқан үлесі үшін» жүлдесі Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының драматургі Надежда Насыроваға табысталды. Сонымен бірге фестивальдың барша қатысушысына арнайы дипломдар табысталды.
«Almaty puppet festival» «драма», «комедия», «жастар», «балалар», «қуыршақ» деп бөлінетін театр әлеміндегі барлық шекара-шептен аттап өтіп, тың ой, эстетикалық ізгілік қағидасын дәріптейтін екпінді қадамымен қуантты. Фестивальға қатысқан театр труппаларының бәрі де баланың тілінде, бала танымын тербейтіндей өзі өмір сүріп отырған қоршаған ортаның шындығын қуыршақ қозғалысымен қарапайым әрі боямасыз суреттей алатын шын шебер екенін дәлелдеді. Адам мен аласапыран өмірдің қарым-қатынасын «терең түсінетін» бүгінгі қуыршақтар батырып та, қатырып та айтатын турашыл, мейірімді мінезімен тартымды. Уақытпен бірге есейіп келе жатқан «6 +», «12 +» мәртебесіне ие, қолынан бәрі келетін қуыршақтардың ойыны ойландырмай, қайран қалдырмай қоймайды...
АЛМАТЫ