• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 30 Қазан, 2023

Зардабы ауыр апат

274 рет
көрсетілді

Қарағанды тағы да қара жамылды. Костенко шахтасындағы өрттен 45 кенші көз жұмды. Бір жұмыскер іздестіріліп жатыр. Бұл кен орны да алпауыт «АрселорМиттал Теміртау» АҚ иелігінде. Тағы да – трагедия. Кеше қыршын кеткен есіл ерлерді қабырғасы қайыса еске алған қайран елі аза тұтты. Қарағанды шахталарының мұндай апатты жағдайдан арылатын күні бар ма? Жеті қат жер астындағы еңбек етіп жүрген кеншілердің тағдырына кепіл бола алмаған ірі компанияға деген елдің назасы қатты. Бұл ел тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат ретінде аталып отыр.

Жауапсыз инвестор

Костенко шахтасындағы жарылыс тол­қы­ны 2 шақырымға дейін жеткен. Кәсіби әске­ри­лендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиа­лы директо­рының орынбасары Ген­надий Силинскийдің айтуынша, шахтада тексеру жұмыстары 9 қазаннан 30 қазанға дейін жүргізілуге тиіс еді. Алайда алдыңғы тексеріс кезінде талапты бұзудың 200-ден аса фактісі анықталған. Яғни газ мөлшерін бақылаудың сапасыздығы жө­нінде. Өрт­­тің негізгі шығу себебі де метан газының жары­луы­нан болып отыр. Бұл ретте тиісті бақы­лау бол­мағандықтан осындай орасан апат­қа жол берілді. Әй, бірақ жауапсыздық «Арсе­лор­дың» негізгі міндетіне айналғалы қашан?

Апат кезінде жер астында 252 кенші болған. 206 адам жер бетіне шығарылып, жер астында 46 шахтер қалып қойған. Әлі де құтқару жұмыстары күшейтілген режімде жүріп жатыр.

Табылмай жатқан кенші­лердің жақындары іздеу жұ­мыстарының ұзаққа созыл­ғанын айтып шыр-пыр. Бұған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қат­панов құтқару жұмыстарына электр қуатының зақымдануы мен тау-кен учаскелерінің өте ұзындығы, көптеген механизм мен құралдың қирауы, кейбір учаскелерді су басқандығы қиындық туғызды дейді. Із­дестіру-құтқару жұмыс­та­рына барлығы «Кәсіби әс­кери­лендірілген авариялық-құт­қ­ару қызметтерінің респуб­ли­калық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.

 

Қарағандыда жұмысшы қазасы көп

Несін жасырамыз, кейінгі 20 жылда жұмысшылардың қа­засы бойынша Қарағанды көш басында тұр. 2000-2012 жылдары өңірімізде жыл са­йы­н ондаған адам опат бол­ған. Ал былтыр өндіріс ор­нын­да зардап шеккен­дер саны 460-қа жеткен. Олар­дың едәуір бөлігінің жасы – 30-45-терде.

Мұның ішінде ең ірі апаттар тағы да «Арселорға» қа­расты шахталарда болған. Мәселен, 1995 жылдың қараша айында Ленин атындағы кеніш­те метан жарылып, 13 кенші жан тапсырды. Ал 2004 жылы «Шахтинскіде» 23 жұмысшы опат болған еді. 2006 жылы Ле­нин атындағы кеніште ең үлкен апат тіркелген-тін. Салдарынан 43 адам көз жұмды. Өкінішке қарай, Костенкодағы апаттан 45 кенші көз жұмды.

Естеріңізде болса, тамыз айында ғана «Қазақстан» шах­тасындағы өрттен бес кенші қа­за болған еді. Сол кезде жедел құрылған үкіметтік комиссия тобының тергеп-тексеру қорытындысы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» кінәлі деп таныл­ған. Өрттің бас­ты себептерінің бірі – конвейер таспасының тұтануы. Көмір конвейерінің шығыршығы де­фор­мацияға байланысты қа­рысып қалған­дықтан, таспа үйкеліп, көмір тұтанып, өрт шыққан. Бұл таспаны мемле­кеттік стандарт бойынша елі­мізде қолдануға болмайтын көрінеді. Әлгі таспаңыздың Үн­дістанның бір зауытында жасалғанымен қоса сертификаты жоғы тағы бар. Міне, еш­теңеге алаңы жоқ алпауыт ком­панияның салғырт­тығынан қаншама жұмыскер көз жұмды. Екі ай уақыттан соң тағы да – шахта трагедиясы.

 

Жан-жақты көмек –жанға демеу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің жақындарымен жүз­десіп, көңіл айтқан кезін­де толыққанды көмек көрсе­тілетінін де жеткізді.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін тү­сінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары еш­қандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көр­сету міндеті тұр», деді Қ.Тоқаев.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысы­ның әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бір­лесіп, Костенко атындағы шах­тада болған өрт салдарынан қаза тапқан «Арселор­Мит­тал Теміртау» АҚ жұ­мыс­шы­ларының отбасы мүше­лерінің тізімін жасап жатыр. Ком­пания қаражаты есебінен отбасыларға баспана беріледі, моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем аударылады. Балаларының жоғары оқу орнындағы ақысын өтейді. Мұ­нымен қоса балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастырады. Несиелерін өтеп береді. Отбасына курортқа жолдама беріледі. Жыл сайын көмір үлестіріледі. Мемлекет басшы­сы барлық қажетті көмек көрсету мәсе­лелерін Үкіметтің ерекше назарында ұстауды тапсырды.

Дегенмен 45 отбасы асыраушысынан айырылды. Көр­сетілетін көмек әкенің, бала­ның орнын толтыра алмайды. Қауіпсіздік шараларына тү­кірген «Арселордың» мойнында қаншама кеншінің қазасы бар, қайғырған елдің назасы бар...

 

Зардап шеккендер – дәрігерлер бақылауында

Шұғыл медициналық кө­мекті қам­тама­сыз ету үшін 21 адам және 7 бір­лік жедел медициналық жәрдем техни­касы жұмылдырылды. Ал зардап шеккен кеншілер Х.Мақажанов атын­дағы облыстық клиникаға және басқа да медициналық мекемелерге жедел жеткізілді. Арнайы жасақталған дәрігер бригадалары қатаң бақылауына алды.

Кейінгі мәліметке сүйен­сек, Қара­ғанды, Абай және Шах­тинск қалалары стацио­нарларының қабылдау-диагнос­тикалық бөлімшелеріне бар­лығы 28 адам жеткізілді. Оның ішінде 24 зардап шегуші емге жатқызылды. 20 кенші газдан жеңіл және орташа уланған. Х.Мақажанов атындағы көп­бейінді аурухананың токсикология бөлімшесінде ем алып жатыр. Бір пациент дене жарақатымен Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруха­наның жансақтау және қар­қынды терапия бөлімшесінде емделіп жатыр, жағдайы тұ­­­рақты. Тағы бір зардап шегуші де аталған емханада, жағдайы қалыпты. Екі кен­ші Шахтинск қаласындағы орталық аурухананың терапия бөлімшесінде.

Барлық пациент ком­пью­­­терлік томография, уль­тра­дыбыстық зерттеу, рент­гено­гра­ф­ия секілді түрлі тексе­рістен өтті. Сондай-ақ екі кенші ден­саулы­ғы­ның жақсаруына байланысты үйіне жібе­рілді.

 

АМТ-мен ынтымақтастық тоқтатылады

Үкіметке «Арселор­Мит­тал Теміртау» ком­паниясымен ин­вестициялық ынты­мақ­тастықты тоқтату тап­сырылды. Мұнымен қоса Мем­лекет бас­шысы «АрселорМиттал Теміртау» компания­сын бас­қаруды Қарағанды облысы әкі­мінің орынбасары Вадим Басинге жүктеді.

«Мен «АрселорМиттал Теміртау» компа­ниясымен инвестициялық ынты­мақ­тас­тықты тоқтату жөнінде тап­сыр­ма бердім. Бұл мекеме Үкі­метпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіп­орынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Вадим Борисович Басин деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқа­руды тапсырамын. Кә­сіп­орынның қазіргі бас­шы­лығының қолынан ештеңе кел­мейді», деген-тін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сенім арт­қан В.Басин бірінші кезекте еңбек қа­уіпсіздігін арттыруға назар аудармақшы.

«Кеше Мемлекет басшысы қаза тапқан және зардап шеккен кенші­лердің туыстарымен кездесуде компа­ния­ның проблемалық активтеріне қа­тысты инвестормен қарым-қатынас тоқтатылатынын мә­лімдеді. Бұл ретте бір жайтты ерекше атап өтті: жұмыс шарт­тарында, төлемдерде, әлеу­меттік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайды. Оларды жақсарту тұрғысынан ғана қайта қаралатын жағдайлар қала­ды. Бұл – компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шыға­рылмайды, ұжымның бір­де-бір мүшесінің құқығы тө­мен­детілмейді», деп атап өтті В.Басин.

Осы орайда Үкімет «Арсе­лорМиттал Теміртау» АҚ ак­цио­нерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстанның пай­дасына беру туралы келі­сімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екенін хабарлады. Осы бір хабар көпшіліктің көңіліне демеу болды. Не десек те, ел Үкі­меттің батыл әрі шұ­ғыл ше­шім қабылдайтынынан үмітті. Әйт­песе қарағандылық кен­шілер қара алтын емес, қабір қазып жүр...

 

Қарағанды облысы