Тарихы Алаштың Ташкентке орныққан кезеңінен (1918 жылдан) басталып, 1928 жылы Алматы қаласына көшіп, еліміздегі талай университет пен институтқа іргетас болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарыдай шашылған әлемдегі қазақтың ағаруына да, жетілуіне де елеулі әсер етті. Осы оқу орнының Моңғолиядағы қазақтар үшін алар орны да ерекше. Моңғолия қазақтарының сауатын ашу, қандас қазақ бауырлары тұратын Баян-Өлгей қазақ аймағында алғаш мектеп ашу ісіне Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) сонау ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап бауырмалдық тұрғыдан атсалысып, аймақ орнаған алғашқы жылдары ондаған педагог мамандарын жіберіп, жергілікті қазақтан жүздеген мұғалімді даярлап бергені – тарихи шындық. Бұл Моңғолиядағы қазақтардың рухани өміріне бетбұрыс әкелді. Сондықтан Моңғол елі қазағы бұрынғы ҚазПИ, қазіргі Абай университеті десе, әрдайым мақтаныш сезімі кернеп, біліммен сусындатқан алғашқы ұстаздарын ұмытпайды.
Моңғолия батысында қазақтар мекендейтін Баян-Өлгей 1940 жылы Қобда аймағынан бөлініп, осындағы қандастарымыздан шыққан санаулы ғана азамат 30-жылдары Коминтерннің Мәскеудегі КУТВ оқуына барып, білім алды. Сол жылдары халыққа білім беру, сауатсыздықты жою аймақ басшыларының алға қойған елеулі мақсаты болды.
Алайда халықтың жаппай сауатын ашу, жазу-сызуға бұқараны қамту үшін кадрлар тапшы еді. 1940 жылы жаңадан орнай бастаған Баян-Өлгей қазақ аймағын құруға дайындық мәселелерінде сауат ашу мен жаңа низамда оқытатын мектептерді жүйелі түрде жолға қою мәселесін Қазақстан көмегімен шешудің жолы қарастырылды. Бұл Моңғолия елінде халықты жалпы сауаттандыру науқанына дөп келді. Соған орай Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтарға қазақ тілінде білім беретін мамандарды атажұрттан арнайы шақырту күн тәртібіне шығарылып өкіметтің қолдауымен Мәскеу арқылы шешімін тапты.
(Н.Манкеевтің жеке қорынан)
Моңғолия қазақтарының тарихын зерттеуші марқұм профессор, қайраткер Зардыхан Қинаятұлы: «Кеңес одағының құрамындағы Қазақстан Моңғолия қазақтарының саяси және рухани өмірі үшін қазақ аймағы орнамас бұрын да, аймақ орнаған кезден кейін де баға жетпес үлес қосты» деп жазады.
30-жылдары Коминтерн жолдамасымен Моңғолияға Қазақстаннан келген Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов қазақ арасына партия, жастар, бұқаралық ұйымдар құруға, мектеп орнатып, бала оқытуға, халықтың сауатын ашуға зор көмек көрсетті. Ол кез қазақтар басым тұратын Баян-Өлгей жеке аймақ болып құрылмаған кез еді. Шәріп Өтеповтің жазғанына қарағанда, 1931 жылы Қазақстаннан Бердіқожа Жолтаев және Қайырбай Тілеубердин деген екі мұғалімді шақырып, Қобдадағы қазақ балаларын оқыта бастапты. Бердіқожа қазіргі Өскеменнің Ахмер ауылынан, Қайырбай Семейдің Бесқарағай ауылынан екен.
Қазақстаннан келген Коминтерн өкілдері Абай Қасымов, Шәріп Өтепов және олар шақырған Бердіқожа Жолтаев, Қайырбай Тілеубердин Қобда бетіндегі қазақтар арасында үйірме, курс, бастауыш мектеп, қызыл бұрыш, түрлі клуб ашуға тікелей қатысты. Алайда қазақ тілінде оқытатын жоғары білімді кадрлармен оқу құралдарының жоқтығын ескеріп, Моңғолия халық партиясынының орталық комитеті Қазақстаннан педагог мамандар шақыру туралы Мәскеуге, кеңес одағы коммунистік партиясы орталық комитетіне мәселе қойды.
БК(б)П Орталық комитеті бұл мәселені Қазақстан КП Орталық комитеті мен Қазақстан үкіметіне жүктеді. Қазақстан КП Орталық комитетінің бюросы бұл мәселені екі дүркін (1940 жыл 8-11ақпан, хаттама №112; 1940 жыл 14 мамыр, хаттама №10) қарап, 14 кәсіби педагог маманды таңдап, оларды Моңғолияға жіберуді ұсынды. Соңында олардың ішінен 11 маман іріктеледі.
1940 жылы Қазақстаннан Моңғолияға барған мұғалім саны хаттамаларда көрсетілген деректермен сәйкеспейтінін байқаймыз. Мұның себебі – Алматыдан бекітілген азаматтардың тағдыры Мәскеуде шешілетіндіктен. Мысалы, педагог Ахмәди Ысқақовты Қазақстан жағы Моңғолияға жіберуге қаулы қабылдаса да, Мәскеу оны қолдамаған. Бұл азамат кейін қазақ тіл білімінің зор деңгейлі ғалымы атанды. Ал қалған 11 маман: Төлеубай Қордабаев, Тілеуберді Сауранбаев, Сейдахмет Есмағамбетов, Рашида Қожахметова, Мұғди Қадыкенов, Жомарт Шынықұлов, Ораз Иманалин, Сәмбет Құрбанәлин, Айдарбек Қайыргелдин, Жапар Тыналин, Сұлтан Аймұхамбетов, Қайролла Молдағалиев.
1940 жылы жаз өте Қазақстаннан арнайы шақырумен келген педагог мамандарды Моңғолия үкіметінің басшысы, маршал Хорлогийн Чойбалсан өзі қабылдаған. Бұл туралы сол жылдардағы Моңғолия оқу-ағарту министрі Б.Машлай естелігінде жазылыпты. Маршал Чойбалсан Қазақстаннан келген мамандар алдында былай депті: «Қазақ қайда болса да – бір халық. Біз мұндағы қандастарыңызға жеке аймақ құрып беріп жатырмыз. Сіздердің салт-дәстүр, тілдеріңіз бір, сондықтан бұл жағынан қиыншылық тудырмайды. Онда мектеп жүйесі әлі орныға қойған жоқ. Сол іске сіздердің көмектеріңіз аса қажет болып тұр».
Сөйтіп, Қазақстаннан жеткен бір топ мұғалім Моңғолия батысындағы Алтай тауларының баурайында жаңадан орнап жатқан Баян-Өлгей аймағына қыркүйек айының басында барады. Олардың ішінде Жапар Тынәлин зайыбы Жәмішпен, Мұғди Қадыкенов зайыбы Ғайшамен, Ораз Иманәлин зайыбы Майнұрмен, Төлеубай Қордабаев зайыбы Күләшпен, Тілеуберді Сауранбаев зайыбы Зейнеппен бірге моңғол топырағындағы қандастарын сауаттандыру жолында небір тауқыметті бірге өткізеді.
Аймақ архивіндегі материалдарда Сейдахмет – Құжыртқа (Хужирт), Рашида – Ұланқұсқа (Улаанқус), Айдарбек – Делиүнге (Дэлүүн), Сұлтан – Ақкөлге (Цагааннуур), Төлеубай – Аққолға (Цэнгэл), Тілеуберді Байнұрға (Баяннуур) жіберіліп, қалғандары Өлгей түбіндегі халықты сауаттандыру, мектеп ашу жұмысымен айналысады.
Тарих ғылымдарының кандидаты, дипломатия саласының ардагері Роза Сауранбаеваның 2000 жылы Алматыда жарық көрген «Алғашқы ұстаз» атты кітабында 11 мұғалімнің алтауы ҚазПИ-дің түлектері екені жазылған. Әрине, екеуі бітіретін курс студенттері екен де, ал біреуі Моңғолиядан қайтып келген соң, ҚазПИ-ді сырттай оқып бітірген.
Олардың өмірбаянына келсек, мысалы, Жамбыл облысының тумасы Сәмбет Құрманәлин 1904 жылы Мерке ауданында дүниеге келіпті. 1933 жылы Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің физика-математика мұғалімі мамандығын бітірген. 1933-1934 жылы ҚазССР Оқу-ағарту министрлігінде мектеп жауапты инспектор, 1935-1937 жылдары Алматыдағы музыкалық хореография мектебінің директоры болыпты. Ол қалалық оқу-ағарту бөліміндегі қызметінен Моңғолияға арнайы іссапарға барған.
Ал бәрінен үлкені (1904 жылғы) Мұғди Қадыкенов Жамбыл облысы, Қордай ауданында туып, мұғалімдік тәжірибе жинаған азамат екен. 1923 жылдан бастап туған ауылында бірінші дәрежелі мектептің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып, ал 1925-1930 жылдары ҚазПИ-де оқып, жоғары білім алған. Елге қайтып оралған соң, ауылдағы жастарды оқытып, кейін Алматыдағы теміржол бөлімі меңгерушісінің орынбасары, инспектор-методист қызметін атқарған. Әйелі де мұғалім болған.
Моңғолияға барғандар арасындағы ҚазПИ-ді бітірген тағы бір педагог – Жомарт Шынықұлов. Ол 1914 жылы Алматы облысы, Іле ауданында туған. Жамбыл қаласындағы ФЗУ-да оқып, кейін Алматыда педагогикалық техникумға түскен. 1939 жылы Алматыдағы ҚазПИ-ді бітірген. Моңғолия қазағының сауатын ашуға барған педагогтер ішіндегі ең жасы Рашида Қожахметова сол кезде небәрі 20 жаста екен. ҚазПИ-дің филология факультетін бітіретін курстың, яғни 4-курс студенті болған. Рашида 1920 жылы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында туған. 15 жасында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институттың дайындық бөліміне түсіп, сонан кейін қазақ тілі, әдебиеті мамандығының студенті болған. 19 жасында партия мүшелігіне өткен. Бір жылдай Моңғолияда қызмет істеп, Қазақстанға қайтып оралған соң, ҚазПИ-ді бітірген. Кейін мамандығы бойынша ұзақ жыл табысты еңбек етіп, «ҚазССР-дің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алған.
Моңғолияға барған топ ішіндегі Сейдахмет Есмағамбетов 1908 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданында дүниеге келген. 17 жасынан еңбекке араласып, Ақжол теміржол стансасында жұмысшы болған, Қызыл әскер қатарына шақырылып, онда 5 жыл әскери міндетін орындаған. 1935 жылы ҚазПИ-ге түсіп, бітірген жылы қазақ тілінің мұғалімі ретінде Моңғолияға жіберілген. Моңғолияға аттанған тәжірибелі педагог Ораз Иманалин сол кездегі Ақтөбе облысының Орал ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін ауылындағы бастауыш мектепте мұғалім болып істеген. Алматыдағы ҚазПИ-ге оқуға түсіп бітірген. Алматыдағы №21 орта мектепте қазақ тілі, әдебиетінен сабақ берген. «Үздік мұғалім» деген атаққа ие болған.
Моңғолияға жол тартқан педагог мамандар арасындағы Төлеубай Қордабаев 1915 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абралы ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, Новосібір, Мәскеу қалаларындағы құрылыс саласында, жиһаз фабрикасында істеген. 1933-1935 жылдары Алматыдағы ҚазПИ-де оқыған. Моңғолияға барар алдында Жамбыл облысының Шу ауданындағы мектепте мұғалім, Алматы, Ақтөбе облыстарындағы мектептерде мұғалім болып істеген. Моңғолия қазақтарын сауаттандырудағы ерекше еңбегі үшін осы елдің «Алтын жұлдыз» орденімен, басқа да медальдерімен марапатталған. Моңғолия қазағы ортасында алғаш мектеп ашқандар ішінде Айдарбек Қайыргелдин Новосібір педагогикалық институтын сырттай оқып бітірсе, Хайролла Молдағалиев Ленинград педагогикалық институтын тәмамдапты.
Қазақстаннан келген 1909 жылғы педагог Тілеуберді Сауранбаев Алматы облысында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. Жастайынан жетімдік тауқыметін көріп, еңбекке ерте араласады. Аудандық коммуна мектебінде, дайындық курсында, педагогикалық техникумда оқиды. Түркістан қаласындағы балалар үйінде, Алматы қаласындағы №22 теміржол мектебінде тәрбиеші, мұғалім болып істейді. 1938-1939 жылдары мектептің оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін атқарады. 1940-1944 жылдары Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында мектеп ашып, халықты сауаттандырады. Осы қызметі үшін Моңғол үкіметінің «Құрмет грамотасымен» марпатталады. 1944 жылы елге оралып, бұрынғы теміржол мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болады. Кейін 1951 жылы ҚазПИ-дің тарих мұғалімі мамандығын бітірген. Моңғолия топырағында дүниеге келген қызы Роза Сауранбаева ұзақ жыл дипломатия саласында қызмет етті. Әкесі туралы «Алғашқы ұстаз» кітабын шығарды.
Қазақстаннан барған 11 ұстаздан сабақ алғандардың, көзкөргендердің жазғандарына қарағанда, бұлардың алыстағы қандастар ортасына келуі аспаннан білім нұрын төккендей әсер қалдырыпты. Олар сол бір қиын, тауқыметі ауыр өмірге қарамай, қазақ балаларын оқытып, үлкендердің сауатын ашып, жанкешті еңбек еткен.
Олар келгенде Баян-Өлгейде бар-жоғы 2 бастауыш мектеп болыпты. Қазақстан мұғалімдері келе сала 7 мектеп ашуға ұйытқы болған. Бұрын жергілікті қазақ естімеген «қоңырау», «класс», «оқу құралы», «парта», «тақта», «галстук» секілді жаңа сөздерді алғаш осы мұғалімдерден естиді.
Қазақстан мұғалімдері волейбол, шахмат ойындарымен бірге күйтабақ та ала келіпті. Атажұртта «газет» деген үнқағаз, «журнал» деген шығатынын, онда қазақ әдебиетімен танысуға мүмкіндік болатынын алғаш солардан естіп білді. Сөйтіп, қазақ арасына атажұрттан мұғалімдердің келуі шеттегі ағайынның рухани өміріне жаңашылдық, бетбұрыс әкелген ерекше оқиғаға баланды.
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кеңес одағына жетуіне байланысты 7 мұғалім кері шақырылады. Ал Төлеубай Қордабаев, Тілеуберді Сауранбаев, Сейдахмет Есмағамбетов, Сұлтан Аймағамбетов тағы 6-7 жыл қызмет істеп, алғашқы 7-сынып түлектерін оқытып бітірткен.
Қазақстан ұстаздарынан жеті кластық білім алған қазақ балалары сол білімімен жоғары оқу орындарына түсіп, сәтті бітіріп, ұлт интеллигенциясының көшін бастады. Баян-Өлгей аймағының орталық мұрағатындағы білім материалдарымен танысқанымызда, аймақ орталығындағы орта мектепті 1944 жылы Ү.Ақтышхан, У.Жапархан, Н.Базкей, Ә.Кәлмік, Ж.Әпенді, Б.Боқыбай, Б.Кәбди үздік бітіріп, Моңғолия Оқу министрінің бұйрығымен Алматыға ҚазПИ-ге арнайы бағдарламамен жіберілген. Олар Алматыда 3 жыл оқып, еліне оралып, Қазақстаннан келген мамандардың орнын басқан. Олардың арасынан кейін Моңғолияның алғашқы саяси қоғам қайраткерлері, министрлер мен профессорлар, әйгілі дәрігерлер, ақын-жазушылар, журналистер, мұғалімдер шықты. Қазақстан педагогтерінің Моңғолия қазақтарын ағарту жолында төккен тері босқа кетпеді. Жылдан жылға қазақ мектептерінің саны өсе түсті. Бұл азаматтар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім болыңдар!» деген батасын, үмітін ақтады деп ойлаймыз.
Досан БАЙМОЛДА,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры