• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Қазан, 2023

Онкологиядағы «Тайман тігісі»

627 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінде өңеш пен асқазан қатерлі ісігіне хирургиялық операция жасаған кезде тігудің жаңа әдісі қолданыла бастады. Осы тәсілмен операция жасалған 80 науқастың ешқайсында асқыну болмай, жазылуға бет алған.

Облыста жыл сайын 120-130 адам асқазан обыры, 80-110 адам өңеш қатерлі ісігі деген диагнозбен жаңадан тіркеледі. Бұл – еліміздегі орташа көрсеткіштен әжептәуір жоғары. Оның үстіне кейінгі жылдары аты жаман дерттің өсу динамикасы байқалады.

– Біздің өңірдің 2021-2022 жылғы статистикалық мәліметтерін талдап қарап, 100 мың халыққа шаққанда асқа­­зан обыры 18,6%-дан 19,3%-ға, ал өңеш­тің қатерлі ісігі 11,3%-дан 14,2-%-ға өскенін көрдік. Әсіресе қылтамақ 29,2%-ға артқан. 2023 жылдың 9 айында 100 мың халыққа шаққанда асқазан обырымен сырқаттанушылық 15,2%-ды, өңеш обыры 8,8%-ды құрады. Бұл – рес­публикалық көрсеткіштерден жоға­ры. Қазақстанда 2021-2022 жылдар­дағы асқазан обыры 100 мың халыққа шаққанда 13,5%-14,9%, ал өңеш қатерлі ісігі 5,7%-5,9% болған, – дейді облыстық Онкология диспансерінің директоры Зейіл Мағзомов.

Батыс Қазақстанда онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры – бірінші, өкпе обыры – екінші, ал асқазан обыры үшінші орын алып тұр. Өңеш ісігі – бесінші орында. Өңеш пен асқазан қатерлі ісігінің 58,3-61%-ы хирургиялық операциясы қажетсінеді. Сөз басында айтылған жаңа әдіс дәл осы салада қолданылып жатыр.

Қазірдің өзінде ерекше тиімділігін көрсеткен жаңа әдістің авторы – облыс­тық диспансердің онкохирургия бөлімі меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Тайман Аманов. 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маманның әдісі ғылым тілінде «эзофагогастро және гастроэнтероанастомозды тігу» деп аталады екен.

Өңеш пен асқазан аурулары үшін радикалды хирургиялық опеарацияның кеңейтілген аралас гастрэктомия, 2 ай­мақ­­ты лимфа түйінін диссекциямен өңеш­тің субтотальды резекциясы (Льюис типті), өңештің төменгі үштен бір бөлігі­нің резекциясы, проксималық субтотальды асқазан резекциясы, эзофагогастро­анастомоз (Герлок түрі), субтотальды проксимальды асқазан резекциясы деп аталатын бірнеше түрі болады екен. Тай­ман Төлеуғалиұлы бастап қолданған жетіл­дірілген әдістеме операциядан кейінгі асқыну санын нөлге жеткізген. Яғни операциядан өткен науқастар 100% сауығуға бет алған.

– Облыста клиникалық тәжірибеге енген жетілдірілген әдістеменің артық­шылықтары бар. Біріншіден, анастомозға салынатын тігіс санының азаюына бай­ланысты оның сенімділігі мен тығыз­дылығы артқан. Екіншіден, операция кезеңдерінің саны азайғандықтан хирургиялық техникаға түсетін салмақ азайды. Үшіншіден, анастомоз қанмен қамтылғандықтан өңештің операциядан кейінгі жазылуы жақсарған. Сондай-ақ операция жасау уақыты 3,3 сағаттан 2,15 сағатқа дейін қысқарған. Осы әдісте­менің көмегімен науқастардың өмір сапасы айтарлықтай жасқарды, – дейді Зейіл Жөкенұлы.

Қатерлі ісікті емдеудің тағы бір тиімді әдісі – сәулелі терапия. Биылғы мамыр айынан бастап батысқазақстандықтардың да бұл емге қолы жетті. Өңірде ядролық медицина орталығы ашылғанын бұдан бұрын сүйіншілеп жазған едік. Содан бері өткен аз уақыт ішінде оралдық маман­дар радиологияның соңғы мүмкін­діктерін пайдаланып, қатерлі ісікті сәу­ле­мен емдеудің су жаңа екі тәсілін енгізіп үлгерген. Оның біріншісі – жатыр мойны қатерлі ісігін сәулемен емдеуде 3D жоспарлау көмегін пайдалану. Бұл дегеніңіз – брахитерапияның әр сатысында компьютерлік томография көмегімен 3D көрініс арқылы ем жүргізу деген сөз. Қазақстан бойынша мұндай ем тек 2D көрініс арқылы жүргізіледі. Оралдықтар жаңа әдіс үшін арнайы бағдарлама жасап, компьютерлік томография, ультрадыбыстық және магнитті-резонансты томография зерттеулерінің бір-бірімен үйлесуін қамтамасыз етті, мамандарды оқытып үйретті.

Қатерлі ісікті 3D жоспарлау тәсілімен емдеген кезде сәуле көздеген нүктеге өте дәл түседі, сол арқылы емнің пайдалы әсері көбейіп, нәтиже артады және жал­пы емдеу мерзімі қысқарады. Ем соңы­нан болатын асқыну азайып, тік ішек, қуық секілді маңызды ағзалар зақым­данбайды.

– Әрине, 3D брахитерапия әдісі біз­дің жұмысымызды күрделілендіре түсті. Бірақ жатыр мойны қатерлі ісігі диагно­зы­мен келген науқастар үшін біз еш қиын­­дықтан қашпаймыз. Қазір бұл емді онко­ги­неколог-радиолог дәрігер Б.Қожас пен медицина физигі Д.Уәл­шеров жүргі­зіп жатыр, – дейді Ядролық медицина орта­лығының жетек­шісі Александр Кузнецов.

Екінші әдіс – стереотаксикалық радио­терапия деп аталады. Мұның мәнісі – мидың қатерлі ісігі мен интракра­ниалды метастазды компьютерлік томог­рафиялық суреті арқылы сәулемен емдеу. Бұл бағыт биылғы мамыр айын­да ғана басталды. Айына 60 адам сәулемен емделсе, миын­да қатерлі ісік табылған 6 адамға радиохирургиялық операция жасалған. Бұл пациенттер қазір химиотерапия, иммунотерапия және тар­гет­тік терапия курс­тарынан өтіп жатыр. Стереотаксикалық сәуле емінен кейін ешбірінде ми симптоматикасы байқалмаған.

– Сондай-ақ тағы 4 пациент жамбас сүйегінің жұмсақ етіндегі метастазға сте­рео­так­сикалық радиотерапия алып, ол жер­де де оң нәтиже байқалды. Нау­қас­тар ауруханаға арбамен келген болса, үйіне бал­­даққа сүйеніп өз аяғымен жүріп қайтты, – дейді Батыс Қазақстан облыстық онкология директорының медициналық істер жөніндегі орынбасары Нұрлан Төлемісов.

 

Батыс Қазақстан облысы