Аlmaty Ballet Theatre сахнасында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Ballet Globe халықаралық балет фестивалі Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды іс-шараның бірі ретінде көпшілікке танымалдығы артып келеді. Әлемнің ең дарынды хореографтары мен бишілері өнер көрсететін балет фестивалі биыл айрықша пішінде ұйымдастырылды. Айта кету керек, Алматы қаласы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2023-2024 жылдардағы мәдени және туристік астанасына айналды. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне орай халықаралық балет фестивалі де әдепкі классикалық бағытынан бас тартып, заманауи стильдегі жаңа бағдарламаны таңдады.
– Биыл Ballet Globe халықаралық би фестивалі тұжырымдамасын өзгертіп, қала тұрғындары мен балет өнерін сүйетін қауымның назарын Контемпори стиліне аударуды ұйғарды. Бұл Еуропа, Америка мен Азияда қарқынды дамып келе жатқан белгілі би индустриясы. Осы фестивальда әлемдік сахнаның ең ғажайып қойылымдарын би саңлақтарының өз орындауында ұсындық. Ballet Globe фестивалінің бірегейлігі – көрерменге бидің классикалық түрлерін рахаттана отырып тамашалауды ғана емес, сонымен бірге, орындаушылық өнерді қабылдаудың жаңа көкжиектерін ашып, сананы кеңейтуді ұсынады. Айтпағым, сахнадағы көріністі тамашалаған адам ойға шомып, бәлкім, өзін мазалаған сұрақтың жауабын тапқан шығар. Заманауи би өнерінің мақсаты да осы, – деді Ballet Globe компаниясының ұйымдастырушысы әрі жоба авторы Ерлан Андағұлов.
Маусым сайын балет әлеміндегі аты аңызға айналған дүлдүлдермен таныстыратын фестивальға Ұлыбритания, Нидерланд, Швейцария, АҚШ, Қазақстан хореографтарының 20 үздік қойылымы мен заманауи би өнерінің 12 жұлдызы қатысты. Жаһандық балет өнерінде бірегей биші саналатын Нидерланд би театрының жетекші әртістері Хлоя Альбарет, Роджер Ван дер Поэль және Оливье Коффард пен Питер Чудың, Корольдік балеттің талантты бишілері Морган Капеллари, Клаудио Каньялози орындауындағы жаңа қойылымның премьерасы – биылғы фестивальдың басты жаңалығы. Ал Женевадағы Үлкен театр сахнасының ең жарқын өкілдері Саша Рива мен Симоне Репеле, жапон бишісі Юми Айзава Алматыға осымен екінші рет келіп отыр.
Аstana Opera театрының солисі Сұлтанбек Ғұмардың орындауындағы Патрик де Бана хорегорафиясымен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына негізделген «Қилы заман» көрінісі заманауи би жауһарларымен тең түспесе, кем түспейтін өрнегімен сахна салтанатын биіктете түсті. Кеш бағдарламасында Франц Шуберттің «Jeune Fille et Morts» музыкасына, Гавин Брайерстің «Sinking», композитор және пианист Эцио Боссоның «What If», Арманд Амардың «Playground», Андре Барростың «Conscious Shift» шығармасына негізделген қойылымдарды алматылық көрермен жылы қабылдады. Хореографтар әр туындының өзегін бүгінгі күннің оқиғасымен, мән-мазмұнымен толтырған, сондықтан болар, би ишарасын көрермен жақсы түсінді. Бишілердің жүрегінде от жанып тұрғандай, сол оттың жалынымен көрерменді жылытқысы келгендей, тілмен айтып жеткізе алмайтын сезімді дененің қозғалысымен, тәннің тұспалымен баяндады. «Шығармада идея мен көрермен арасында көзге көрінбейтін, тек жанмен сезінетін байланыс орнайды. Контемпори стилі көрерменмен оның тілінде сөйлеседі. Әркім өзінің хикаясын, басынан өткенін, сезімін, мұңын көреді, өз басындағы жағдайды жаңа қырынан бағалап, ой толғауына жол ашады. Көрермен сахнада көргенін, өз-өзіне көзқарасын, өмірмен қарым-қатынасын талдайды, бұл өзін тереңнен танып білуге, түсінуге, өзін құрметтеуге ықпал етеді», дейді Хлоя Альбарет.
Балет фестивалі тамаша тосынсыймен түйінделді. Сахнада DJ Dianella өнер көрсетіп, лазер шоуы қойылды. Алматы көрермендері бір сахнада самсап көрінген әлемнің әйгілі әртістерінің сиқырлы өнеріне арбалғандай, ләззатқа толы сезімін қол соғумен, кемерінен асып буырқанған көңіл күйін «браво» деген ілтипатпен білдіріп, талайға дейін тапжылмай тұрып алды.
АЛМАТЫ