• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2023

Жаттығамын десең, спорт кешеніне бар

214 рет
көрсетілді

Енді Жетісуда мұз айдыны бар. Қысқы спортқа көңілі құш­тар жастар қалағанынша облыс орталығында мұз үстінде сыр­ғанауға болады. Одан бөлек, өңірде бұқаралық спортты дамыту үшін, әсіресе, ауылдық жерлерде ілгерілету мақсатында 3 спорт кешені іске қосылды. Оның екеуі Панфилов ауданында болса, біреуі Қараталда есігін ашты.

Қуанышты іс-шара Республика күні қарсаңында жүзеге асты. Панфиловтегі қос нысан мемле­кет­тік бағдарламамен салынған. Олар­дың бірі Пенжім ауылында 100 орынға арналған, оның құны – 1 млрд 115 млн теңге, ал екіншісі Үлкеншыған ауылында орналасқан. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұның құрылысына 1 млрд теңге бөлінген, 90 орындық. Бұлардың әрқайсысында бокс, фитнес, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар, сондай-ақ спорт­тық ойын алаңдары бар. Бірінші спорт кешенінің ауданы – 2 615,7 шаршы метр, екіншісі – 2 057,80 шаршы метр.

Нысандардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Панфилов ауданының әкімі Марат Са­ғым­бек:

«Өткен жылы Панфилов ауда­нында 6 спорт кешені іске қо­сылды. Олардың бәрі жергілікті кәсіпкерлердің есебінен салынған. Жақын арада Жаркент қаласында жеке азаматтардың қолдауымен құны 500 млн теңге болатын тағы бір спорт кешені ашылады. Ал бү­гін мемлекеттің қолдауымен аудан­ның екі ауылында екі спорт нысаны пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ Үшарал қаласында тағы бір спорт кешенінің құ­ры­лысы бас­талды, келесі жылы іске қосы­лады», деді.

Аудан әкімдігінің мәліме­тінше, ауыл балалары жаңа спорт ке­шен­­де­рінде жаттығуға спорт сек­ция­ларына жазыла бастаған. Ауыл тұр­­ғындары іші толықтай жаб­дық­талған екі жаңа нысанның ашылғанына дән риза.

Қаратал ауданының тұрғын­дары да осындай қуанышқа ке­нелді. Аталған ауданның Кәлпе ауылын­да құны 179,8 млн теңгелік, жалпы ауданы 887 шаршы метр­ден асатын блокты-модульді спорт кешені пайдалануға бе­рілді. Құ­рылыс жұмыстарын «АтамекенСтройГрупп» ЖШС жүргізді.

Атап өтсек, Талды­қорғанда тағы бір спорт нысаны – жеке инвестиция есебінен са­лынған жабық жаттығу мұз аре­насы ашылады. Өңірде бала­масы жоқ жаңа спорт нысаны Халықаралық коньки спорт түрлері федерацияларының бар­лық нормасы мен регламентіне сәйкес келеді. Мұнда оқу-жаттығу үдерістерін, сондай-ақ шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, паралимпиадалық хоккей жарыс­тарын өткізуге барлық жағдай жасалған. «Jetysu Аrena» мұз ай­ды­нының жалпы ауданы – 1 456 шаршы метр. Бұл – республикада следж-хоккей ой­науға мүмкіндік жасалған екін­ші кешен.

Ең ғажабы, Талдықорғанда «Jetysu Аrena» мұз айдыны ашылды. Бұл нысанды халық көптен күткен еді. Себебі қысқы спорт тү­ріне қызығатын жастарға осындай орталық ауадай қажет болып жүрген. Міне, бүгін сол мерейлі сәтке де жетті. Арена халықаралық талапқа сай салынған. Кез келген тұрғын балаларын әкеліп, қалаған спорт түрімен айналысуға еркіндік берілмек.

Жеке кәсіпкердің қаржысына салынған нысанда шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанаумен айналысуға болады. Сонымен қатар мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккейге де жағдай жасалып отыр. Хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған мұз аренасы – елімізде екеу ғана. Оның бірі – Астанада болса, екіншісі бү­гін Талдықорғанда ашылып отыр.

Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жи­налған қауымды мерекемен құт­тықтап, ақжарма тілегін біл­дірді.

«Облыста бұқаралық спортты дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, биыл осы салаға бюджеттен 20,5 млрд теңге бөлінді. «Jetysu Аrena» мұз айдынын салуға жергілікті кәсіпкер 867 млн жеке инвестиция құйып, бүгін сол көрнекті спорт нысанын іске қосып отыр. Осы ретте Талды­қорғанда қысқы спортты дамытуға қосып отырған зор үлесі үшін кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлына шынайы алғысымды білдіремін», деді Е.Бәзіл.

Айта кетейік, жалпы облысымызда қысқы спорт түрлерімен тұрғындардың 1,4 пайызы айналысады. Ендігі жерде бұл нысан жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетін болады.

Нысанның жалпы алаңы – 2 235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен – то­ңазытқыш құрал, мұз құю құ­ралы, спорттық құралдармен жабдықталған. Сол арқылы мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар.

Жалпы, Жетісу облысында спортты дамытуға биыл 20,5 млрд теңге бөлінген.

 

Жетісу облысы