Елімізде қызылшамен ауырғандар саны көбейіп барады. Нақтырақ айтар болсақ, жыл басынан бері 11 мыңнан аса науқас сырқаттанса, оның 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Сонымен, балпанақтай балаларда жиі кездесетін қызылшадан құтылудың жолы қандай?
Қызылша – жылдам таралатын жұқпалы аурулардың бірі. Алғашында аурудың белгілері кәдімгі тұмауға ұқсағанымен, уақыт өте келе балалар дертті ауырсынуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер сырқаттың белгілеріне бейқам қарауға болмайтынын ескертеді.
Дәрігерлердің айтуынша, қызылша жұқтырған науқастардың басым көпшілігі алғашында суық тиген шығар деп ойлауы мүмкін. Себебі жұқпалы аурудың алғашқы кезеңдерінде қызу көтеріліп, жөтел қысуы мүмкін. Одан кейін бөртпелер пайда болады. Балалар қызылшамен ауырмасын десек, онда қызылшаға қарсы вакцина алғаны ләзім. Күнтізбеге сәйкес, бала қызылшаға қарсы вакцинаны 12 айында алады. Кейін, қайта вакциналауға 6 жасында барса, болады. Ата-аналарға айтарымыз, егер баладан қызылша ауруының белгілері байқалса, онда «дәрігерді үйге шақыру» қызметіне жүгінген абзал.
Бірер күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова ағымдағы эпидемиялық жағдай туралы жан-жақты баяндап, жұқпалы аурулардың ішінде қызылшаның асқынып тұрғанын хабарлаған еді.
– Бүгінде жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың кезекті маусымы басталды. Елімізде жыл сайын тұмау вирусы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Осы жылдың қазан айында республикада ЖРВИ-дің 638 208 жағдайы тіркелген, ауырған адамдардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 27%-ға төмен. Қызылша ауруы бойынша эпидемиялық жағдай күрделі. Аурудың бұл түрі елдің барлық өңірінде тіркелді. Әсіресе, Шымкент, Алматы қаласында, Жамбыл, Алматы облыстарында көбірек анықталып отыр. Сырқаттанған балалардың қызылшаға қарсы вакцина алмағаны да белгілі болып жатыр. Қазір елімізде вакцина алмаған балалардың үлесі 71%-ды құрайды. Бұл ретте балалардың 60%-ы екпеден бас тартқан. Ал 18%-ы медициналық қарсы көрсетілім бойынша вакцина алмаса, 21%-ы – жасына жетпеген шақалақтар. Қызылшаға қатысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында бірнеше іс-шара жолға қойылды. Соның ішінде қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналауға басымдық беріп отырмыз. 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналаудан өткізу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары үзілген жоқ. Айта кету керек, қазіргі эпидемиялық жағдай қызылшаның 5 жасқа дейінгі балалардың арасында көп тіркелуімен сипатталады. Бұл жалпы қызылша жағдайларының 65 пайызын құрайды. Қызылша бойынша қолайсыз эпидемиялық жағдайды ескере отырып, ата-аналарды балаларына қызылшаға қарсы вакцина алуға шақырамыз. Егер вакцина алмаған болса, тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдауға кеңес береміз, – дейді А.Есмағамбетова.
Вице-министр де аурудың алдын алудың бірден-бір жолы вакциналау екенін ескертті. Ендігі кезде қызылшаны тұсаулау үшін 6 айлық балаларды, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакциналау жоспарланыпты. Мысалы, 6 айдан 11 айға дейінгі балаларды қосымша иммундау 6 қарашадан басталады екен. Ал желтоқсанда 5 жасқа дейінгі балалар қосымша жаппай иммундалады.