«Ашық НҚА» порталында Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жаңа жобасы жарияланды. Талқылауы 6 қарашаға дейін жалғасатын құжаттың авторы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Экономикадағы әртараптандыру және құрылымдық өзгерістер (өмірдің жоғары деңгейі, табысты әділ бөлу, «күрделі экономикаға» көшу) аясында «сапалы жұмыс орындары» жаңа тұжырымдамасын – жұмысшыларды лайықты жұмыспен қамтамасыз ететін жұмыс орындарын енгізу ұсынылады. Тұжырымдама жобасы авторларының айтуынша, экономикадағы еңбек өнімділігін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін 1,5 миллион жаңа сапалы жұмыс орнын ашу қажет.
«Еңбек нарығының жаңа идеологиясының басты жаңалығы ел азаматтарын сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету болуы керек. Осы мақсатқа жету үшін сапалы жұмыс орындарына сұранысты жүйелі түрде ынталандыру шаралары іске асырылады. Олар: адами капиталды және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту. Қазақстанның еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы – 2028 жылға дейінгі кезеңге арналған еңбек нарығын дамытудың негізгі бағыттарын, іс-шараларын, көрсеткіштерін және жауапты орындаушыларын айқындайтын стратегиялық құжат», делінген хабарламада.
Еңбек нарығындағы ахуал сыртқы бәсекелестікке ұшырағанын бәріміз көріп отырмыз. Мұның салдары білікті мамандардың эмиграциясына жол ашты. Олардың 60 пайызының техникалық-кәсіптік білімі бар. «Boston Consulting Group» компаниясының 2020 жылғы талдауына сәйкес, отандастарымыздың 64 пайызы шетелге көшу мүмкіндігін қарастырып жүр.
Тұжырымдама жобасы авторлары еңбек нарығындағы демографиялық өзгерістер мен урбанизацияға назар аударып отыр. 2050 жылға қарай Қазақстан мегаполистерінің халқы 2,2 есеге өседі. Кейінгі 10 жылда урбанизацияның орташа жылдық өсімі 5 пайызды құрады. Сонымен қатар мегаполистердің инфрақұрылымдық дамуы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру үдерісімен синхрондалмаған.
«Еңбек нарығындағы жоғары демографиялық қысым, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне әкеледі. Урбанизация үдерісі жалғасады және ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жақындайды. Білікті кадрлардың шетелге кетуі бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне және кәсіби кадрлар тапшылығына әсер етеді», делінген құжатта.
2000 жылдардағы демографиялық өсімнің нәтижесінде қазір ішкі нарық жыл сайын 300 мың маманмен толығып жатыр. 2029 жылға қарай экономикалық белсенді топтың қатары шамамен 9,6 млн адам болады деген болжам бар. Жұмыс күшінің үштен бірінен астамы Оңтүстік макроөңірде (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы) шоғырланады. Солтүстік және Орталық-Шығыс өңірінің үлесі 2029 жылға қарай 34 пайыздан 27 пайызға дейін төмендеп кетеді деген қауіп бар. Демек, еңбек нарығында жұмыс күшін бөлудегі өңірлік теңгерімсіздік жұмыс күші мол оңтүстік өңірлердегі халық санының басым болуымен және жұмыс күші тапшы елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі қысқаруымен артады.
Тұжырымдама авторлары, Қазақстанның ІЖӨ-нің 40 пайызы квазимемлекеттік сектор құрайтынына, ал мемлекеттің қатысуымен 25 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейтініне назар аударып отыр.
Бұған дейін Экономика министрлігі Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры Жадыра Темірбаева кейінгі үш жылда квазимемлекеттік сектордың әкімшілік аппаратының 25 пайызға дейін қысқартылғанын айтқан болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттің экономикадағы үлесі ҚХР-ға қарағанда жоғары және ЭЫДҰ-ның кез келген еліне қарағанда жоғары. Кейінгі 11 жыл ішінде ІЖӨ доллармен есептегенде іс жүзінде өзгеріссіз. Бұл көрсеткіш 2022 жылы – 11,22 мың, 2011 жылы 11,63 мың доллар болатын.
Министрлік жеке сектордың экономикадағы үлесі туралы да айтып өтіпті. Кейінгі бес жылда жеке сектордағы кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің саны 6 пайызға ғана өскен. Жұмыс орындарының үштен бірінен астамы мемлекеттік кәсіпорындарда. Басым бөлігі білім және денсаулық сақтау салаларындағы шағын бюджеттік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Салыстырсақ, Канадада жеке сектор 2019 жылы жаңа жұмыс орындарының 90 пайызын, ал АҚШ-та 2020 жылы 84 пайызын құраған.
Тұжырымдама бәсекеге қабілетті, болжамды және бейімделген еңбек нарығын құруды, сондай-ақ оның өнеркәсіптік кәсіпорындарды автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі шараларды қолдаумен, шағын және орта бизнеске әділ қолдау көрсету және еңбек заңнамасын қайта қараумен қатар сапалы жұмыспен қамтуға бағыттауды ұсынады. Министрлік өкілдері бұл құжат ішкі нарықтағы жұмыспен қамту қабілетінің жақсаруына септігін тигізеді деп үміттеніп отыр. Өңірлік дамудағы диспропорцияны тудыратын ішкі көші-қон күшейгені осыған дейін талай рет айтылған. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бойынша, экономикалық белсенді топ, оның ішінде жастар сегментінің іскерлік белсенділігі төмендеуіне назар аударудың қажеттігін ескерткен. Орталықтың ортамерзімді болжамы бойынша 15-30 жас аралығындағы жұмыс күшінің саны 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 324 мың адамға немесе 14 пайызға дейін азаяды. Елден кеткендердің арасында 30-34 жас санатындағы азаматтардың үлесі басым.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, ішкі нарыққа аты да, заты да ұмытылып кететін құжаттар емес, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға назар аудару керек. Еңбек ресурстары, өңірлік дамудағы диспропорция және жастардың жұмыссыздығы мәселелерін шешу үшін үкімет аймақтарда экономикалық өсуді ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын құру саясатын жүргізудің тетіктерін қайта қарау қажет. Себебі эмиграцияның беталысы экономиканың әл-ауқатының деңгейіне тәуелді. ІЖӨ өсім берген кезде көші-қон сальдосының қабағы оң болатынын, ал дағдарыс байқала салысымен көші-қон сальдосы теріс аймаққа көшіп кететіні осыған дейін талай рет байқалған. Дағдарыстың ұзақ жылға созылуы эмиграцияның беталысына жанама түрде әсер етіп отырады.
Саясаттанушының пайымдауынша, еліміздің оңтүстік өңірлерінің инфрақұрылымы миграциялық толқынға төтеп бере алмайды. Бұл жастардың жұмыспен қамту мәселесін қиындатып отыр. Сарапшы ЖОО түлектерінің жартысынан көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істеу былай тұрсын, жұмысқа орналасу мүмкіндігінен де шектеліп отырғанын айтып өтті. Себебі еңбек нарығына мониторинг жасалмайды.
Білім эмиграциясы да біз үшін күрделі мәселе. Түрлі дереккөзде шетел университеттерінде 70-тен 85 мыңға дейін қазақстандық студент оқитыны айтылады. Бұл сан жыл сайын артып келеді. ЖОО-дан кейін елге оралу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
«AIESEC» жастар ұйымының мәліметі бойынша, 2018-2020 жылы түлектердің 42 пайызы студенттік виза мәртебесін жұмыс визасы мәртебесіне ауыстырған. Фокус-топтық зерттеулерге сәйкес, шетелге оқуға барғысы келетіндердің арасында жастар да, олардың ата-аналары да мүмкіндік болса сонда қалып, жұмыс табуға басымдық беретін көрінеді. Қазақстандық «BRIF Research Group» зерттеу ұйымы жүргізген сауалдамаға сәйкес 15 пен 29 жас аралығындағы отандастарымыздың шамамен 42 пайызы шетелге оқуға немесе тұрақты тұруға баруды жоспарлап отыр.
Ал келесі сарапшы Тоғжан Қожалиева еңбек нарығын бір тұжырымдама немесе бағдарламамен түзету кеңестік жүйенің сарқыншағы екенін айтады. Басқаша айтқанда, мұндай құжаттар осындай жұмыс атқарылады деген көл-көсір уәденің леп белгісі. Заң түзу, бәсеке әділ болса, нарықтың да, экономиканың да тынысы ашылады. Мысал ретінде сарапшы Нобель сыйлығының лауреаттары саны бойынша АҚШ-тың көш бастап тұрғанына назар аударды. 1908-2023 жылдар аралығындағы кезеңде 911 Нобель сыйлығының шамамен 370-і АҚШ азаматына беріліпті. Бұл жекелеген азаматтарға берілген сыйлық. Франкфурттегі Гете университетінің Теориялық физика институтының неміс физигі Клавдиус Грос 1960 жылдардан бастап америкалықтардың ғылымда үстемдікке көшкенін, бұған эмигранттардың көптеп келуі әсер еткенін айтқан. Барлық салада, оның ішінде Нобель сыйлығы сегментінде монополиялық үстемдік мемлекеттік стратегия мен идеологияның нәтижесі, АҚШ элитасы өз күштерінің әлемдік үстемдігі әлемдік ғылыми-техникалық үдерістің көшбасшысы болуымен айқындалады. Т.Қожалиеваның айтуынша, дамыған елдердің миграциялық нүктесінің тартымдылық сипаты заң әділдігімен, бәсекеге басымдық беруімен ерекшеленеді. Ал біздің елде экономика монополия мен олигархтардың қыспағынан құтылмайынша ішкі нарықтың тынысы ашылмайды.
«Миграция әлемдік деңгейде жүріп жатыр. Дамушы емес, дамыған елдердегі адам капиталы экономикалық елдерге қарап көш түзеп жатыр. Еуропалық тұрғындардың қартаю үдерісі байқала бастады. Қазір экономикалық емес, демографиялық дағдарыс басталды. Кейбір болжамдар бойынша, 2025 жылға қарай әлем тұрғындарының 47 пайызы зейнеткер болуы мүмкін екенін айтады. Еуропалық мемлекеттер зейнеткерлер үшін жақсы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті олар бұл мәселені шешу үшін Азия, Орталық Азияға назар аударып жатыр», дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол: «Миграциялық көшті тоқтатудың қатып қалған әдісі жоқ. Әркім өз мүмкіндігіне иек артып отыр. Біраз елдер, оның ішінде ЕО елдері миграциялық тартылыс нүктесіне айналып отырған жастарды қолдау орталықтарын ашып, қаржылай көмек беруді қолға алды», дейді.
«Бізге де сондай тетікті қолданатын кез келді. Бұл олардың тарихи отанынан қол үзіп қалмауына себеп болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанда ІТ хаб туралы орынды ұсыныс айтты. Біз жастар эмиграциясын заң әділдігі және еңбек нарығындағы әділ бәсекелестік арқылы тоқтата аламыз. Дәл қазір ішкі нарықты осы екі фактордың көмегімен сауықтыруға болады», дейді Т.Қожалиева.
Алматы