Дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемаловтың «Айбоз ғұмыр асқақ ән» атты шығармашылық кеші Кеншілер мәдениет сарайында дүркіреп өтті. Өнер кешіне қазақ әнінің абызы Қайрат Байбосынов бастаған небір дүлдүлдер жиналды.
Естуіміз бар, өнер көшінде жүрген ағалар Жақсыгелді Кемаловқа «мұз жарғыш кеме» деген атақ беріпті. Неге десеңіз, сексенінші жылдары қазақтың классикалық әнін жаңа белеске шығарған дарындардың бірі – Жақан сері. Ол Біржан сал, Ақан серілердің бүгінгі жалғасы.
Сол Жақаң кештің шымылдығын сұңқар Сәкеннің «Тау ішінде» әнімен түрді. Саңлақ Сәкеннің әнін әсерлі орындағанда қадірменді тыңдарман қауым қошемет қылды. «Қызыл асық» шырқалғанда кең залдың ішін тіпті, қиқу басты. Домбыра да шебер шертіле түсті, әнші де дауысын жайқалта әуелетті. Ақжарма тілектің көшін облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов бастады.
– Сіз кешегі даланың қасиетін бойына сіңірген көшпендінің рухын шарықтатып жүрген дара тұлғасыз. Бүтін елге құрметтісіз. Өзіндік мектеп қалыптастырған ұстазсыз. Жасай беріңіз, – деді Бауыржан Қоңырбайұлы.
Кешке арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтаев пен Жанарбек Әшімжан да жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында әншіге «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды.
– Жақан аға, туған топырағыңыз сізбен әрқашан мақтанады. Кешегі серілердің, дүлдүлдердің жалғасысыз. Осы атақты табыстау мәртебесі маған бұйырды. Ауылдағы елдің ықыласын, сәлемін қабыл алыңыз, – деді Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев.
Кеште Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай лебіздерін өлеңмен жеткізді.
Кешті кемеліне келтіре жүргізген ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов:
– Мәдениет сарайының алдыңғы қатарында абыз ақсақал Жайық Бектұров отырушы еді. Сол Жәкең ақсақал Жақсыгелдіні сахнадан түсірмейтін. Күш-қуаты тая бастаған әлсіз қолын қайта-қайта көтеріп: «Әй, Жақан, «Еділ мен Жайықты» шырқашы» деп қоңыр үнімен қарлыға дауыстайтын. Қоңыр домбыра күмбірлеп сала береді. Көз алдыңызға Жайықты жағалап келе жатқан Төлегеннің боз жорғасы елестейтін. Әсіресе Жақаң әнді бастамас бұрын домбырасын жорғалата шертіп, тыңдаушының жүрегін еріксіз баурап алатын, – дейді.
Әншінің шәкірттері шоқтығы биік классикалық әндерді шырқады. Кешінің нүктесін Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптарының оркестрі қойды.
Қарағанды облысы