• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 06 Қараша, 2023

Әкім сайлауы – демократияның жаңа деңгейі

363 рет
көрсетілді

Кеше елімізде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Облыстық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сүйенсек, елорда уақытымен сағат 07.00-ден бастап өңірлердегі барлық аудандық және қалалық сайлау учас­кесінде халық өз таңдауын жасаған. Дауыс беру күні 1497 сайлау учас­кесі жұмыс істесе, алдын ала сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізілген.

Халықтың саяси мәдениеті артады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар бағдар­ла­масы аясында кейінгі екі жылда ауыл әкім­дерін халықтың өзі тікелей сай­лай­тын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды.

Әкімдерді сайлау – дауыс беру жүйе­сі мен жергілікті атқарушы билікті демо­кра­тия­ландырудың эволюциялық тәсілі. 2021 жы­лы ауылдар мен ауылдық округ­тер әкім­дерінің алғашқы сайлауы, ал 2023 жы­лы аудан әкімдерінің алғаш­қы сай­лауы өтті. Бұл елдегі дәйекті және ма­ңыз­ды реформалардың сабақтастығын көрсетеді.

Аудан әкімдерінің сайлауы аудандық ма­ңызы бар қалалардың, ауылдық округ­­тердің, кенттер мен ауылдардың әкім­­дері деңгейінде апробациядан өтті. Мә­се­лен, екі жыл ішінде ауылдардың, кент­тердің, ауылдық округтердің, аудан­дық маңызы бар қалалардың 1 668 әкімі сайланды. Оның 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің 57,4 пайызы бұрын бұл қыз­мет­те жұмыс істемеген. Бұл ауыл әкім­дерінің корпусы айтарлықтай жа­ңар­ды дегенді білдіреді.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау азаматтар үшін өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал етудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Олар мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс істеуінің жаңа ұзақмерзімді қағи­дат­тарын қалыптастырады, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қаты­настардың сипатын сапалы өзгер­теді.

Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылдау, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы либерализациялау, сондай-ақ Конституциялық реформа есе­бі­нен саяси модельді түбегейлі жа­ңар­ту, әкімдердің тікелей сайлануын енгізу – мұның барлығы ел тұрғын­да­ры­ның саяси мәдениеті мен сауатын арт­тыруға ық­пал етеді.

 

Сайлау – азаматтардың конституциялық құқығы

Өткен сайлау – Президент белгілеген мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруға, уақыт талаптарына сәйкес мемлекеттік аппарат жұ­мы­сын­да­ғы тәсілдерді жетілдіруге бағыт­­талған үрдістің заңды жалғасы. Осы тұр­ғыда бұл сайлау әкімдер корпусының белгілі бір жаңаруына, мемлекеттік қыз­метке жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етпек. Мұның бәрі жергілікті мем­лекеттік бас­қару жүйесінің одан әрі дамуы­на оң серпін береді, елдегі прог­рес­сив­ті өз­ге­ріс­тер факторларының біріне айналады.

Аудан әкімдерінің сайлауы жергілікті мем­лекеттік басқару жүйесіндегі елеу­лі институционалдық өзгерістерге әкеледі. Ол ұзақмерзімді келешекте мемле­кет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас­тар­дың сипатын анықтайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды.

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кешегі сайлау – еліміздегі сайлау жү­йесін дамытудың маңызды ке­зе­ңі, ауқымды өңірлік сайлау нау­қан­да­рын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәжірибесін жинақтау үшін негіз бо­лады. Жалпы, тікелей сайлау азамат­тардың конституциялық құқық­та­рын толыққанды іске асырудағы бел­сен­ді­лігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, әкімнің ха­лықтың қажеттіліктері мен проблема­ла­рына ден қою жеделдігін арттыруға мүм­кіндік береді.

Әкімдерді сайлауды енгізу біртіндеп меритократия қағидатының үстемдігіне әкеледі. Яғни билікке әлеуметтік шығу тегі мен материалдық байлығына қа­ра­­мастан қабілетті басқарушылар келе­ді. Сайлау арқылы азаматтар өз­де­рінің қалауларын, мүдделері мен қа­жет­ті­лік­терін білдіреді, бұл аймақты тиімді бас­қа­руға ықпал етеді.

Тұрғындар өз ауданының әкімдерін сайлауға тікелей қатысуға мүмкіндік алды. Азаматтар өз дауыстарын бере отырып, әкімге ауданның мәселелерін шешуге құқық беретіндерін түсінуі керек. Сай­ланған әкім өз сайлаушыларының сенімін ақтауға тиіс.

 

10 әйел үміткер тіркелді

Сайлауға барлығы 164 үміткер тір­келді. Оның 42 пайызы немесе 69 үміт­кер саяси партиялардан, 57,92 пайызы немесе 95 үміткер өзін-өзі ұсыну арқылы сай­лауға түсті. Үміткерлердің үштен екі­сіне жуығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланғанын ескерсек, бұл азаматтық қоғамның белсенділігін көрсетеді және әртүрлі идея мен көзқарасты кеңінен талқылауға ықпал етеді. Айта кету керек, бұған дейін аудандық ма­ңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдар әкімдерінің сайлауында өзін-өзі ұсынғандар небәрі 25 пайызды құраған еді. Сонымен қатар ол кездегі сайлау барысында барлық тіркелген 7 саяси партия да белсенді болды. Олар: «Ақ жол» ҚДП, «Amanat», «Ауыл» ХДПП, «Байтақ», ЖСДП, ҚКП және «Respublica».

Тіркелген үміткерлердің орташа жасы 46,4 жасты құрайды. Үміткер­лер­дің 68,27 пайызы 35 пен 55 жас ара­лы­ғында. Ең үлкені – Маң­ғыс­тау облысының Бейнеу ауданындағы 61 жас­тағы үміткер, ең жасы Түркістан облы­сы­ның Мақтаарал ауданында тіркелді. Үміткер 29 жаста.

Барлығы 10 әйел кандидат тіркелді. Оның ішінде үміткер әйелдер Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыс­тарында өздерінің саяси белсен­ді­­лігін көрсетті. Әкім лауазымына үміт­керлердің ең көп саны Абай және Қа­ра­ғанды облыстарында тіркелген. Негізінен әйел кандидаттар мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, ал олардың жасы 39-дан 59 жасқа дейін. Айта кету керек, әйелдер де әкім лауазымында өте жақсы жұмыс істейді. Мысалы, Атырау облысының Қамысқала ауылдық округінің әкімі – әйел, ол әкімдер рейтингінде бірінші орынға ие болған.

Тіркелген үміткерлердің 20,73%-ы – экономист, 19,51%-ы – заңгер, 16,46%-ы – оқытушы, 12,2%-ы – инженер, 11,59%-ы – ауылшаруашылық маманы және 19,51%-ы – басқа мамандық өкілдері. Бұл көр­сеткіштер әкімдер корпусының ал­да­ғы жаңаруы мен мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуін көрсетеді.

Сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүргізу кезінде сайлау органдары тарапынан үміткерлер үшін БАҚ-қа, сондай-ақ сайлау туралы ақпаратқа түрлі коммуникация арналары арқылы қол жеткізуге жан-жақты жағдай жасалды. Сондай-ақ сайлау органдарына тиісті уәкілетті орган және жергілікті ат­қа­ру­шы органдар тиісті қолдау көр­сет­ті.