• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қараша, 2023

«Ауыл аманаты» қалай орындалып жатыр?

236 рет
көрсетілді

Алматы облысының қай саласында да ілгерілеушілікпен қатар, кемшіліктердің де бары Қонаев қаласында өткен «Amanat» партиясы депутаттық фрак­циясының отырысында жан-жақты баяндалды.

Биыл жүзеге аса бастаған «Ауыл ама­наты» партиялық жо­басы аясында об­лыс аума­ғын­да жыл басынан бері 1 млрд 968 млн теңге болатын 286 биз­­нес бас­тама қолдау тапқан. Бұл туралы «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев депу­тат­тық фракция отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бағ­дар­ламаға облыстың барлық 133 ауылдық округі қатысып жатыр. Бірақ бекітілген шарттарға сәй­кес жо­баға Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қала­ла­рының тұрғындары қатыса алмайды.

– Биыл өңір жұртшылығынан сомасы 9,5 млрд теңге болатын 1 300-ден аса өтінім түсті. Оның 717 өтінімі бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Қалған 619 бизнес-жоспар мақұлданды. Қазіргі уақытта 286 қарыз алушыға жалпы сомасы 1969 млн теңгеге несие берілді, – деді филиал төрағасы Қ.Байғоджаев.

Жалпы, бағдарлама бойынша Жам­был, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбек­шіқазақ аудандарында 22 ауыл шаруа­шылығы кооперативі құрыл­ған. Сондай-ақ өсімдік және мал шаруа­шы­лығы саласында әзірленген 50 жоба ауылдық елді мекендерде халыққа қыз­мет көрсету жоспары таныстырыл­ды. Бұл жобаларға қарқынды бау-бақ­шаны дамыту, жылыжай кешендері, шағын құс фабрикасы, бал өндіру, жемшөп дайындау, жиһаз, киім-кешек тігу және басқа да өндірістер ашы­лады.

Айта кету керек, «Amanat» пар­тия­сы­ның сайлауалды бағдар­ла­масында осы жоба аясында 1 500-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған болса, биыл өңірдің өндіріс ошақтарында 450-ден аса жұмыс орны құрылды.

Партияның өңірлік «Жол кар­тасы» аясында Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудан­да­рында ауыл шаруашылығы өнімдерін шы­ға­ратын фабрикаларды салу міндеті тұр.

– Биыл Ұйғыр ауданында қуаттылығы 17,5 мың тонна құс етін өндіретін «Прима құс» фаб­рикасы ашылды. Соның нәти­же­сінде 400 азамат жаңа жұмыс орнымен қам­тыл­ды. Бұдан бөлек, ауданда келесі жылы қол­данысқа берілетін жылы­жайдың құ­ры­лыс жұмыстары жүр­­гізіліп жатыр. Үш гек­тар жерді алып тұрған жы­лыжай­да 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ, – дейді об­лыстық ауыл шаруа­шы­лығы бас­қар­ма басшысының орынбасары Димаш Садықов.

Сонымен қатар Кеген ауданында құны 1 млрд теңгеден асатын ет өңдеу ком­бинатының құрылыс жұмысы жүр­гізіліп жатқаны да атап өтілді. Тір­шілік өзегі төрт түлікке байланған Кеген өңірінде бір ауысымда 50 бас ірі қара және 150 бас ұсақ мал етін өңдеу комбинаты ашылса, 30 адам жұмысқа орналасады. Бұдан бөлек, «Great Steppe Heritage» ЖШС бақтақ (форель) шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Онда 20 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.

«Amanat» партиясы Алматы облыс­тық филиалының төрағасы Райымбек ауданында да бақтақ шаруа­шылығын ке­ңейту жұмыс­тары жүргі­зі­ліп жат­қа­нын айтты. Сонымен қатар биыл ауданда сүт өңдеу, балық және омарта шаруашылығының иелері 50-ден аса азаматты жұмыспен қамтыған. Бұл жұ­мыстар алдағы уақытта да жал­ға­сын табады. Сондай-ақ өңірде 2027 жылға дейін партияның сайлауалды бағ­дарламасы аясында 6,9 мың гектар суар­малы жерді қалпына келтіру жос­пар­ланып отыр.

Ауыл шаруашылығы басқар­масы бас­шысының орынбасары Димаш Сады­қов­тың айтуынша, ауыл шаруашы­лығы мақ­са­тын­дағы суармалы жер­лер­дің ауда­ны 263,8 мың га құрайды. Ал оның ішінде суармалы егістік 240 мыңға жуық гектар. Бүгінгі таңда суару желілері мен су шаруа­шы­лы­ғы нысандарының 60-70 па­йызы тозған.

– Бұл мәселені шешу үшін әкімдік өткен жылдан бастап айналымнан шы­ғып қалған 54,1 мың га суармалы жер­лерді қалпына келтіруге мүмкіндік беретін суару желілерін қайта жаңғырту бойынша шаралар қабылданып жатыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, «Amanat» партия­сы­ның сайлауалды бағдар­ла­­масында Жамбыл, Іле, Талғар аудандарының суару желілерін қайта жаңарту міндеті тұр. Жалпы, үш жобаның жалпы құны – 64,4 млрд теңге. Биыл оған 3 млрд теңге қаражат бөлінген.

Жобалар толық іске асырыл­ған жағ­дайда айналымға 22 мың­ға жуық гек­тар пайдаланыл­май­­тын суармалы жерлерді ен­гі­зу жоспарланған. Аграрлы облыста биыл лизинг арқылы 3 млрд 851 млн теңгеге 269 техника сатып алынған. Бүгінгі күнге өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларының тозу көрсеткіші 58,8 пайызды құрайды екен.

Облыс бойынша ауыл шаруа­шылығы техникасының барлығы – 13 415. Оның ішінде 10 жылдан аса пайдаланған 8 мыңға жуық техника тозған, дейді Д.Садықов.

Жалпы, инвестициялық салымдар негізінде сатып алынған техниканың 25 пайызы және сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының 30 пайызы мемлекет бюджетінен субсидияланады.

Депутаттық фракция отырысында сөз алған облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева өңір аумағында 6 жаңа медициналық нысан салынып жатқанын атап айтты. Сондай-ақ 2025 жылға дейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 40-қа жуық мекеме бой көтеретіні жоспарланғанын жеткізді.

Басқарма басшысының айтуын­­­ша, биыл дәрігерлік ұйым­­дар­дың мате­риалдық-тех­ни­­калық базасын ны­ғай­туға 5 млрд теңгеден аса қаржы қарас­ты­­рылған.

Облыста білім беру сапасын көтеруге де ерекше назар аударылып келеді. Биылғы оқу жылында 9 жаңа мектеп қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады. Оған қоса 16 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі, оның екеуі аяқталған. Бұл жұмыстарға бюджеттен 13 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Депутаттар өз кезегінде білім беру нысандарында жұмыс қарқынын жылдамдату қажеттігін құлағдар етті.

Өңірде үш ауысымдық мәсе­лесін жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде 54 600 орындық 53 жаңа мектеп салыну жос­парланып отыр. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиемен қам­ту мақсатында 5 мың орынға жуық 59 жекеменшік балабақша және қосымша топтар ашу көз­делген.

Алқалы жиында облыстың өзге де басқарма басшыларының атқарылып жат­қан жұмыстары туралы есептері тың­да­лып, сын-ескертпелер назарға алынды.

 

Алматы облысы