• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Қараша, 2023

Халық наннан тарықпайды

94 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда елімізде егін жинау науқаны аясында республиканың нан мен ұнға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті астық жиналғаны мәлім етілді. Отырыста министрлер кабинетінің заң жобалау жұмыстары жоспарының 2024 жылға арналған жобасы да пысықталды.

Агроөнеркәсіп кешенін көп өзгеріс күтіп тұр

Ауыл шаруашылығы министрі Ай­дарбек Сапаровтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алқап 24 млн гектарды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға артық. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде астық жинау науқаны аяқталып жатыр. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 16,9 млн га (98,7%) жиналды. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық, оның ішінде 11,4 млн тонна бидай бастырылды.

Жалпы, ауа райының қолайсызды­ғы­­на қарамастан, күтілетін жалпы астық түсі­мі 16 млн тоннаны құрайды. Бұл 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, елді нанмен және ұнмен то­лық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар елімізде 4,3 млн тонна көкөніс дақылдары, 3,5 млн тонна картоп және 1,6 млн тонна майлы дақылдар жиналды. Атап айтқанда, 747,5 мың тонна күнбағыс бастырылған.

Министр егін жинау жұмыстарын уақты­лы жүргізу үшін ауыл шаруа­шы­лығы ұйымдарына литріне 250 теңгеден 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінгенін айтты. Мұнымен бірге ағымдағы жағдай ескеріліп, дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Премьер-министр биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болғанын атап өтті. Жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Одан кейін тамыздан бас­тап осы күнге дейін үздіксіз жауған жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Десек те, жиналған өнім еліміздің нан мен ұнға деген қажеттілігін толықтай қам­тамасыз етуге жеткілікті.

«Қолайсыз ауа райы диқанға да, тех­никаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеватор­ларға түскен бидайдың 40%-ға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда ел тұрғын­дары биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті», деді Ә.Смайылов.

Ол отандық фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шара­лары көр­сетілгенін еске салды. Атап айтқанда, әділ сатып алу бағасы белгіленді. Айып­пұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылды. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінді. Сон­дай-ақ субсидияларды төлеу бойынша міндеттемелерді толық көлемде орындау үшін шаралар қабылданып жатыр. Осылайша, өсімдік шаруашылығы бо­йынша алғашқы 30 млрд теңге субсидиялары бөлінді. Оған қоса бидайды тікелей сатып алу үшін тиісті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.

«Тағы да атап өткім келеді. Ішкі нарық­та бидаймен проблема болмауы керек. Ұн және нан өнімдері Азық-түлік корпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтері арқылы қамтамасыз етілген», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы заманауи суару технологияларын енгізу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. «Еліміздің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек. Бидайдың жаңа сорттарын өсіру жұмыстары нашар жүріп жатыр. Аграрлық ғылыми жүйені түбегейлі қайта қарау қажет», деді ол.

Оның айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту мәселесі де өзекті. Өйткені әбден тозығы жеткен техника егіс жұ­мыс­­­тары­ның сапасына да әсер ете­ді. Осыған байланысты Агро­өнер­кә­сіп кешен­нің, оның ішінде дәнді дақыл­дар­дың отандық селек­ция­­сының ғылы­ми әлеуетін дамыту жөнін­­де нақ­ты ұсы­ныс­тар, сондай-ақ ауыл ш­а­руа­шылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

 

Жаңадан 16 заң жобасы әзірленеді

Ел Үкіметінің кезекті отырысында министрлер кабинетінің заң жобалау жұмыстары жоспарының 2024 жылға арналған жобасы қаралды. Онда алдағы жылы 16 жаңа заң жобасын әзірлеу жос­парланып отырғаны айтылды.

Әділет министрі Азамат Есқараев келесі жылы цифрлық технологияларды, әлеумет­тік саланы, зияткерлік меншік институтын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және т.б. дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отырғанын баян­дады. Бұл ретте 2 құжат – Цифр­лық кодекс және нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы бұрын реттелмеген қоғамдық қатынастарды регламенттеуге бағытталады.

Мысалы, Цифрлық кодекс үздік әлемдік тәжірибе талаптарына сай және осы саладағы нарықтың қажеттіліктері мен азаматтардың мүдделерін ескеретін зама­науи құқықтық база құруды көздей­ді. Өз кезегінде нысаналы капитал қор­лары туралы заң жобасы уақыт талап­тары­на сәйкес білім мен ғылымды дамытуға және университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Министрдің айтуынша, бірқатар заң жобасы Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасынан шығып отыр. Өйткені мұның жер қой­науын пайдалану мәселелері жөніндегі заң­наманы жетілдіруге қатысы бар. Оған қоса қылмыстық жолмен түс­кен кіріс­терді заңдастыруға және терро­ризм­ді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын әзір­леу Қаржылық мониторингті дамыту­дың 2022-2026 жылдарға арнал­ған тұжы­рым­дамасынан алынған. Жалпы жоспар­дың жобасы Прези­денттің, Үкімет басшылығының тапсырмалары, стратегия­лық құжаттар, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде дайындалып, өзекті қоғамдық мәселелерді шешуге керек.

Премьер-министрдің айтуынша, келесі жылы Үкімет 16 заң жобасын әзір­леу­ді көздейді. Олардың сегізі Мемле­кет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ Парламентке 4 жеке заң жобасын енгізу жоспарланыпты.

«Солардың ішінде Цифрлық кодекс­тің жобасын ерекше атап өткім келеді. Құ­жатта отандық және үздік әлем­дік тә­жі­рибе ескеріліп, цифрландыру сала­сын­­дағы бірыңғай тәсілдер айқында­ла­ды», деп сөзін қорытындылаған ол Үкі­мет Ап­па­ратына жоспардың жобасын Мем­ле­кет басшысының келісуіне енгізуді тапсырды.