Таяуда Ұлттық банк «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясы аясында «Teńgege 30 jyl» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Биыл 15 қараша күні төл валютамызға 30 жыл толады. Әр елдің ұлттық валютасы – тәуелсіздік пен егемендіктің белгісі, мемлекеттегі ақша жүйесінің негізі.
«Teńgege 30 jyl» коллекциялық монеталары күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, өн бойында тантал металл да бар. Монета диаметрі – 50 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1 000 теңгелік, таралымы – 300 (үш жүз) дана. Монетаның жалпы массасы – 84,32 грамм.
«Teńgege 30 jyl» монетасының дизайны цифрлық технологияларды дамыту тұрғысынан «₸» теңге белгісін пайдалануға негізделген. Белгінің сол жағындағы ою-өрнек даму мен өркендеуді, сондай-ақ ұлттық болмыс пен нақышты білдіреді.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Теңге сарайында дайындалды.
Бұл монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.
Пайдаланушы үшін «Қазақстан монеталары» мобильді қосымшасы да жұмыс істейді. Онда монеталарға қысқаша сипаттама беріліп, сериялар бойынша тақырыптық бөлімдерге бөлінген. Яғни Ұлттық банк шығаратын монеталар туралы ақпаратпен толықтай қамтылған. Жекелеген монеталар бойынша бейнероликтерге, монеталардың 3D-суреттеріне, сондай-ақ толықтырылған шынайылық элементтеріне де сілтемелер берілген.
Монеталардың сатуға шығарылатын күні Ұлттық банктің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында қосымша хабарланады.