• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қараша, 2023

Жаңа тариф: Монополистің дегені бола ма?

192 рет
көрсетілді

Екібастұз қаласындағы жылу монополисі тарифті бірден 149 пайызға көтеруге әрекеттеніп отыр. Орта есептегі тариф бойынша қазіргі күні 1 Гкал жылу 5 579,55 теңге тұрса, ал келер жылы бұл 13 911,98 теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жеке тұтынушылар үшін жылу бағасы бірден 60 пайызға өссе, бюджеттік мекемелердегі тариф бірнеше есеге қымбаттамақ.

Бүгінде қалада жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба қызу талқыланып жатыр. Жуықта өткен қоғамдық тыңдауда «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-ның өкілдері келер жылы тарифті күрт өсіріп, одан арғы жылдары баға қарқынын біраз баяулатамыз деп баяндады. Бұл жердегі ең әуелгі мәселе – кәсіпорыннан босатылатын орташа тарифтің құнын арттыру. Яғни тариф 1 Гкал жылу үшін қазір 5 579,55 теңге тұрса, ал келер жылы 13 911,98 теңгеге жетуі мүмкін. Есептесек, тарифтің өсімі 149 пайызға бірақ шырқамақ.

Ал есептегіш құрал орнатылған үйлер 60 пайызға көбірек төлейді. Бұл жердегі тариф 1 Гкал үшін 1 807,89 теңгеден 2 960,27 теңгеге өседі деп күтіліп отыр. Бизнес нысандары қазіргі 8 393,68 теңгенің орнына 9 550,30 теңге төлемек. Тарифтің ең ауыр салмағы бюджеттік ұйымдарға тиесілі: бүгінде мекемелер 25 921,46 теңге төлеп тұрған болса, 2024 жылға арналған жоба бойынша әр гигокалория үшін 117 467,49 теңге шығындалмақ. Әрі бұл есептегіш құрал қойылған жағ­дай­да ғана. Егер ғимараттарда ондай мүм­кін­дік қарастырылмаса, тариф құны 1 Гкал үшін 180 мың теңгеге көтеріледі деп отыр монополистер.

Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Әмірғалинның ай­туын­ша, бюд­жет­тік мекемелерге қарас­ты­рылған тариф жүктемесі мемле­кеттің әлеумет алдындағы жауап­­кер­ші­лігіне салмақ түсіруі мүм­кін. «Жылу кәсіпорнының қал­та­сына миллиондап құйы­латын бұл қаражаттарды біз әлеуметтік мұқтаждықтарға жаратуға тиіспіз. Тарифті өсіру туралы әңгіме қозғаудың өзі әлі ертерек сияқты. Себебі шаһар қысқа жылыту мау­сы­мына толық дайын емес, көп үйлерде жылу жүйесі теңестірілмеді. Біз әуелі жылу беретін кәсіпорынның жұмы­сын­дағы нәтижелерді көруіміз керек. Содан соң ғана тариф мәселесін талқы­ла­сақ болады», дейді ол.

Алайда «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-ның басшылығы келер жыл­дан тарифті өсірмесек, орталық­тың жағдайы тіпті мүшкіл болады деп отыр. Дәлел ретінде көмір баға­сының қым­­баттап жатқанын, кадр­лардың тұ­рақ­тамау­шылығы 25 пайызға жет­кенін келтіреді. Әрі қызмет­кер­лер­дің еңбекақысын жедел түрде көтеру керек. Былтырғы төтенше оқиға кәсіпорындағы құрал-жабдықтарды жаңалап, олардың жұмысын нықтай түсу керек екенін айқын аңғартты. Өткен жазда ЖЭО-дағы жабдықтарды жөндеуге аз қаражат құйылған жоқ. Десе де кәсіпорын қыста кідіріссіз қызмет көрсетуі үшін алдағы уақытта да жөндеу іс-шаралары үзбей жүргізілуі қажет. Сондықтан болашақ тариф сме­та­сында жөндеуге 3,6 млрд теңге қа­рас­тырылып отыр. Бұл жөндеуге жұм­­салатын шығындардың үштен бірі ғана көрінеді.

– Біздің қазіргі шығындарымыздың кө­беюіне уәкілетті органдардың та­рифті тежеп келуі себепші. Стан­саның техникалық ресурсы төмендеп кетті. «Екібастұз жылу-энерго» жыл сайын қоғамдық тыңдаулар өткізгенде тұты­­ну­­шылардан проблемаларға мұ­қият назар аударып, тарифті өсіруге келісуді сұрап келді. Алайда көп­ші­лік те, меморгандар да біздің ұсы­ны­сы­мызды қабылдамады. Биыл жазда жүргізілген жөндеудің нәтижесінде жабдықтардағы тозу көрсеткіші 43,7 пайыздан 38,3 пайызға дейін төмен­деді. Келер жылы қазандық агрегат­та­рын жөндеу жалғаса береді. Ал жылу желілеріндегі тозу 90 пайыз­ды құрап отырған уақытта біз жылу па­р­аметрлерін шектен тыс көтеруден қор­қамыз. Кез келген уақытта былтыр­ғы­дай кең ауқымды зақымдар пайда болуы мүмкін. Алдағы 10 жыл ішінде шамамен 35 шақырым желіні күрделі жөндеу қажет. Мұның барлығы өте көп қаражатты қажет етеді, – деп түсін­діруге тырысты стансаның бас директорының міндетін атқарушы Анатолий Моисей.

Жергілікті бизнес өкілдері тарифтің көте­рілуіне үзілді-кесілді қарсы­лық та­нытып жатыр. Айтуынша, көпте­ген бизнес және өндірістік нысандар­да жылудың тиісті параметрлері жет­кі­­лік­сіз. Сапалы жылу жоқ. Есептегіш құралда жылудың температурасы небәрі +48 гра­дусты көрсетіп отыр. Шын мәнінде, бұл көр­сет­кіш +55 градус болуға тиіс еді. Сондық­тан барлық то­­рап­тағы тұтынушылар сапалы жы­лу­ға қол жеткізбейінше тарифті өсіру туралы мәселені көтерудің қисы­ны жоқ деп есептейді.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов жаңа тарифтік жоба қараша айы­ның соңына дейін талқыланатынын ескерт­ті. Нақты шешім тұтынушылар тарапынан ай­тылған ұсыныс-тілектерді назарға ала отырып қабылданбақ.

Екібастұз қаласының тұрғыны, мүлік ие­ле­рі­ республикалық бір­лес­тігінің басқа­ру­шы директоры Александр Разумовский қаладағы көп­қабатты үйлердегі жылу желілері жазда толыққанды шайылған жоқ деп есептейді. Себе­бі қазіргі жылу тасымалдағыштар мамандар айтқандай стансадан қалыпты шыққанымен үй орамдарына жеткенде төмендеп кетеді. «ПИК-тер мен басқарушы компаниялар өкілдері келтіріп отырған цифрлар мүлде шындыққа сәйкес келмейді, менің есебімше жылу құбыр­ла­рының 50 пайызы дұрыс шайылған жоқ. Ендеше, алдағы қыста көпқабатты үй­лер қауіпті аймақта қала бермек. Қа­зіргі күні жергілікті мем­лекеттік орган­дар көпқабатты баспана­лар­дағы санитарлық нормаларды да назардан шығарып алды. Жертөлелердің жағдайы адам шошырлық», дейді тұтынушы.

Айтып өтейік, «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС «ОАЭК» АҚ-ның құра­мына енеді. Екібастұз қаласы бойынша стансаның 50 мың­нан аса тұтынушысы бар. Оның 49,5 мыңы – жеке азаматтар. Былтырғы апаттан кейін стан­са­дағы бірнеше жылыту агрегаты мен жылу же­лілерінің жартысы жергілікті атқарушы би­лік­тің меншігіне берілгені мәлім.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы