«Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім, аралап жердің жүзін жүрер сөзім..» дейтін әйгілі Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің тақиясы мен тұтынған басқа да заттары ақын есімімен аталатын ауылдағы мектеп музейінде тұрғанын бұрыннан білетін едік. Жұртқа ортақ жәдігерге айналған мұраны мектепке осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын шайырдың ұлы Әбдірауық ақсақал табыстаған екен.
Екі мыңға жуық мұра топтастырған музейдің негізі 1973 жылы қаланыпты. Осы жылы Қазақ КСР-і оқу ісінің үздігі, методист мұғалім Қаражан Қожабаевтың бастамасымен № 29 мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинетінен «Сыр елі – жыр елі» деп аталатын бұрыш ашылады. Мұғалімдер мен оқушылардың ізденістері арқылы ең алғаш осы бұрышқа жергілікті ақын-жыршылар шығармалары, өмір деректері жинақталыпты. Кейіннен мәліметі молыққан бұрыш мұражайға айналып шыға келеді. Осы істің басы-қасында жүргендер Тұрмағамбет шайырдың 100 жылдығына орай мәліметтер толықтырылып, зерттеу жұмыстары жандана түскенін айтады. 1989 жылы бала санының өсуіне орай мектеп жанынан қосымша мектеп ғимараты бой көтеріп, мұражай жаңа мектептің бір бөлмесіне көшіріліпті.
«Ол кезде мектеп директоры Дариха Әмзебекова апай болатын. Жаңа ғимараттағы музейдің ашылу салтанатында Тұрмағамбет атамыздың баласы Әбдірауық әкеміз Сыр сүлейі киген шапан мен тақияны табыстаған еді. Сол сәтте мұражайдағы жәдігерге айналған заттар қатарында шайыр ұстаған пышақ пен оның қыны, көзәйнегі болды. Тұрмағамбет атамыздың Шығыстың шоқ жұлдызы Фердоусидің «Шахнамасын» 10 айда 11 буынмен тәржімалағанын білесіздер. «Шахнаманың» машинкаға алғаш басылған нұсқасы да екі кітап болып осы музейде сақталып тұр», дейді кезінде мектеп басқарып, зейнетке шыққан ұлағатты ұстаз Зарипа Тасымова.
Бес бөлімнен тұратын мектеп музейінде соқпағын Жиенбай жырау салған жыр мектебінің үздік өкілі Көшеней Рүстембековке, Сырдағы сал өнерінің көрнекті тұлғасы Ешнияз салдан бастап күні бүгінге дейінгі жергілікті жырауларға, шежіреші Үбісұлтан Аяпов, Әлиакбар Жұматаев, Запа Дәулетбаевқа арналған бөлімдер бар. Осы топыраққа қатысты тарих пен Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев, Социалистік Еңбек Ері, батыр ана Сәлима Жұмабекова жайлы деректерді де осы жерден табасыз.
Мектеп директорлығынан бұрын ұзақ жылдар тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болған Зарипа Жаппарқызы оқушылар мен мұғалімдердің бірлесіп зерттеуі арқылы музей мұрағаттары жыл сайын толыға түскенін айтады. Мектеп директоры болған жылдары өз қаражатымен музейді толық қайта жабдықтап шығыпты.
Сырттан арнайы келіп, мұндағы мұрағаттар дерегін диплом, ғылыми жоба жазуға пайдаланатындар көп. Өлкетану сабақтары, айтыс, түрлі жыр байқаулары осында өтеді.
Өлке тарихы қатталған мектеп мұражайы осылайша көп қазынасына айналып отыр.
Қызылорда