Үкімет басшысының жұмыс сапарының екінші күні Өскемен қаласында жалғасты
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған топ дүйсенбі күні кешке қарай Ұлан ауданының орталығы Молодежное кентіндегі “Өскемен құс фабрикасы” АҚ-қа келді. Мұндағы “Еуразия” жобасының мақсаты –қазіргі өндірісті қалпына келтіру және жаңғырту жолымен өндірісті кеңейту, жаңа қуаттарды салу. Жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Бұл Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобасына енген. Үкімет басшысы К.Мәсімов облыс әкімі Б.Сапарбаевқа Елбасы Н.Назарбаевтың азық-түлік бағасын қымбаттатпай, халықтың жағдайын ойлау жөніндегі тапсырмасына назар аудару қажеттігін ескертті.
Ертеңінде Үкімет басшысы К.Мәсімов бастаған топ Халық банкінің жаңа мекемесіне кіріп, ондағы қызмет түрлерімен танысты. Жаңадан салынған тоғыз қабатты банк іші айнадай жарқырайды, клиенттермен қызмет көрсетудің жаңа үлгілері келгендерге ұнады. Бұдан кейін К.Мәсімов “Казцинк” акционерлік қоғамының жаңадан салынып жатқан қорғасын балқыту және электролиз цехтарының жұмысымен танысты. Еліміздегі индустрияландыру бағыты Кенді Алтайда жақсы жолға қойылған. Барлығы 22 жоба қолға алынса, оның 12-сі биыл жүзеге аспақ. “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “жаңа металлургия” бағытымен жұмыс істеп жатыр.
“Казцинк” АҚ вице-президенті Ю.Гусев қоршаған ортаны қорғауға кәсіпорынның миллиардтаған теңге қаржы бөліп отырғанын тілге тиек етті. Қала жұртшылығының екі зауыттың іске қосылуына байланысты экология бүлініп кете ме деп қауіптенетіні белгілі. Алайда, жаңа технологиямен салынып жатқан өндірістік қуаттар ауаға зиянды қалдықтарды аз тарататын көрінеді. К.Мәсімов осы орайда басқа кәсіпорындардың да қала тазалығына үлес қосуын талап етті.
Шығыс Қазақстан мәшине жасау зауытында болған кезде Үкімет басшысы шығарылып жатқан жаңа бұйымдарды тамашалады. Еліміздегі көптеген кәсіпорындар аталмыш кәсіпорынның бұйымдарын сатып алады. Ендеше өнім сапасына көңіл бөлу қажет, деді Үкімет басшысы.
“Даниел” супермаркет сауда үйінде болған кезде К.Мәсімов азық-түлік бағасының тұрғындардың қалтасы көтерерліктей болуы қажеттігіне назар аударды.
Бұдан кейін орталық Мәдениет үйінде “Жүйе құрушы кәсіпорындардың кіші және орта кәсіпкерлікті дамытудағы рөлі” тақырыбында өңірлік форум болып өтті. Онда сөз алған өңір басшысы Б.Сапарбаев индустрияландыру картасы жайлы айтып берді. Өткен жылы облыста 500 миллиард теңгеге жуық өнеркәсіп өнімі шығарылыпты. “Қазақмыс”, “ҮМЗ”, “Казцинк” кәсіпорындары шағын және орта бизнесті өркендетуге лайықты үлес қосып келеді. “АзияАвто”, Семейдегі “ДЭУ”, “СемАЗ” зауыттары да көліктердің жаңа түрлерін игеріп жатыр. Форумда сөз алған “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма бастығы Б.Мұқышев, “Казцинк” АҚ-тың вице-президенті Ю.Гусев, “Цеснабанк” АҚ басшысы Дәурен Жақсыбек, “Азия Авто” кәсіпорнының президенті Ержан Мандиев, тағы басқалар атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. “Даму” қоры орта кәсіпкерлікті қолдауға қыруар қаржы бөліп отыр. Тіпті Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне де қаржы бөлуді көздепті. Ал Е.Мандиев отандық өнімдерді қорғау жөнінде өз ойын білдірді.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Шығыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан істерге жоғары баға берді. Қаржы дағдарысы кезінде де сіздер тамаша жұмыс жасадыңыздар, ол үшін алғысымды білдіремін. Елбасының тапсырмасын орындауда да сергектік танытудасыздар. Алайда, кемшіліктер де бар. Өскеменге қарағанда Семей қаласында орта және шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған сияқты. Демек, жұмысты ширату қажет. Көрші Моңғолия, Ресеймен қарым-қатынасты күшейте түскен жөн. Кеден одағына бірігуіміз нәтижесін берер деген ойдамыз. “Жол картасы” биыл да жалғаса бермек, белгіленген жобаларды жүзеге асыру қажет, деді Үкімет басшысы.
Бұдан кейін бірқатар ірі кәсіпорындар мен компаниялар басшылары облыстық әкімдікпен келісім-шарттар жасасты. Форум соңында К.Мәсімов ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, ӨСКЕМЕН.