• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 09 Қараша, 2023

Туристерді арбаған Көлсай

377 рет
көрсетілді

Тянь-Шань тауларының солтүстік беткейінде, әсем орманымен хас зергердің қолынан шыққан жақұттай жарқырап жатқан Көлсай – табиғаттың ғаламат сыйы. Қанша сұқтансаң да сұлулығына көзің тоймайтын мұндай мекендер төрткүл дүниеде сирек болғандықтан, жыл өткен сайын оны тамашалауға келетін шетелдік жиһанкездер саны да көбейіп келеді, оның ішінде өз отан­дастарымыз да бар.

Дегенмен Көлсай Алматы сияқ­ты мегаполиске жақын орна­ласқандықтан, туристік маусымда бұл нысанда туристер кептелісі пайда болады. Алайда оның айналасында саяхаттағандарға естен кетпестей әсер сыйлай алатын жеті бағыт бар екенін екінің бірі біле бермейді. Қазірге оның екеуі ғана қыдырған жұрттың қызығына жарап, белсенді жұмыс істеп тұр.

Ал енді бір замандарда зілза­ладан кейін пайда болған көлдің сұлулығы өз алдына, алайда «Көл­сай көлдері» ұлттық паркінің айна­ласын замана талабына бейім­деп, қағаз жүзіндегі талай жоба іске асыруды қажет етіп отыр­ғандықтан, мұнда атқарылуға тиіс жұмыс әлі де көп.

Орайы келіп тұрғанда айта кету парыз, жуырда ғана бір топ жур­налиспен Көлсайда жолымыз түскенде, біз басқа нысандарды аралап жетеміз дегенше қас қарайып кетіпті. Жұрттың бәрі көрген сайын сүйсінетін жерге жеткенде тас қараңғы болды да, Көлсайдың түбіне келіп тұрып, көлді көрмей кеттік. Демек, көлді түнде де алақаныңдағы айнадай көрсететін айналасынан түсетін жарық керек, әрі бұл – сол жерде қона-жатып демалып жүрген туристердің қауіпсіздігі үшін де ауадай қажет мәселе. Мысалы, күннің көзінен қуат алатын жарық көздері. Мүмкін электр жарығы тартылған да болар, бірақ бүкіл БАҚ өкілдері барып отырғанда айналасы тас қараңғы болды.

Сонымен, биыл Көлсайда нен­дей өзгерістер болып жатыр, ілге­рілеу бар ма деген сауалдар туындайтыны анық. Бұл ретте біздің сапарымыздан кейін іле-шала Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңын­да «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері баспасөз жиынын өткізді.

Алдымен ресми мәліметтер­ге тоқталатын болсақ, «Көлсай көл­дері» ұлттық табиғи паркі ди­ректорының орынбасары Ха­мит Ахметов өткен жылы Тө­менгі Көлсай көлі мен Қайың­ды кө­ліндегі рекреациялық жүк­темені, жоғарыда айтып отырған «кеп­телісті» азайту мақсатында ұлт­тық парктің инфрақұрылы­мын дамытудың бас жоспары әзірленгенін, осы жоспарда ұлттық парктің учаскелері жеке және заңды тұлғаларға конкурстық негізде қысқа мерзімді пайдалануға беру қарастырылғанын айтады.

Мәселен, 2022 жылдың шілде, тамыз айларында Экология, гео­логия және табиғи ресурс­тар министрінің бұйрығымен бекі­тілген ережеге сәйкес, туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктің жер учаскелерін инвесторларға бекіту жөнінде байқау өткізіліп, қыркүйек айында конкурс жеңім­паздарымен қысқа мерзімге пай­далану жөніндегі шарттар жа­салған. Жалпы, байқауға Саты, Құрмет шатқалында орналасқан учаскелермен бірге, туристерді барлық бағытта тарату мақсатын­да Төменгі Көлсай мен Қайыңды шатқалдарында орналасқан учас­келер де қойылған.

«Төменгі Көлсай көлі шатқа­лында жоғарғы автотұрақ ауда­нындағы учаскелерді пайдаланушылар (инвесторлар) тарапынан сауда-жәрмеңке аймағы, қоғамдық тамақтану орындары, қазақ халқының салт-дәстүрлері сақталынған киіз үйлер орнатылды. Оған қоса Алматы облысы­ның туризмді басқару желісі ар­қылы ұлттық парк үшін Орталық Азиялық WWF бағдарламасы­­ның гранттық жоба есебінен қазақ ­ауы­лы салынып, қосымша дәретха­налар мен қоқыс жәшіктері орнатылды», дейді Х.Ахметов.

Ендігі жерде шетелдіктер болсын, жергілікті туристердің де Көлсайға келіп, ұлттық дәстүрдің шетін көріп, жергілікті ұлттық тағамдардан дәм татып, этно-ауыл­ға баруға мүмкіндігі бар. Осы орайда төменгі Көлсай көлінен 12 шақырым жерде тұрған Саты ауылының орны бөлек екеніне ерекше тоқтала кеткен жөн. Ұлт­­тық парк айналасындағы елді мекендердің адамдары отан­дық ­туризмге қызмет етіп отыр­ғанымен, түйткілді мәселелер бар. Тіп­ті мұны Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі мен құзырлы органдар көз жұмып қарап отырған жағдайлар десек те болады.

Көлсайдың тереңдігі 80 метрге дейін барады десек, мұнда 110-ға жуық қайық бар. Әр қайыққа кемінде 4-5-тен адам отырса, бір уақытта көлдің бетіне 550 ту­рист шығады. Қоқыс тастайды, көл тез ластанады. Оның үс­тіне қайықты жалға беретін жерде кәсіби құтқарушылар жұмыс істемейді. Тек жеке кәсіпкер ре­тін­де тіркелген, кәсіби білігі жоқ адам­дар жалға беріп отырған көрі­неді. Жөнін білетіндер қайық заң бойынша тереңдігі 12 метр­ден аспайтын жерде ғана болуы керек­тігін айтады. Яғни Көлсай ерек­ше қорғалатын аумақта орна­ласқандықтан, не қайықты азайту керек, не алып тастау керек. Көл­сай көлдері қайықпен жаппай серуендеуге арналмаған, сондықтан тұм­са табиғатты сақтау үшін мұн­да да Қайыңдыдағы сияқты мүл­дем қайықты шектесе дұрыс болмақ.

Туған жеріне жаны ашитын, туристік қызмет пен қауіпсіздік дегеннің не екенін білетін көзі ашық, көкірегі ояу жергілікті аза­маттар «жабайы» таксилердің де жұмысын реттеп, бөлек атты маршрут жасау қажеттігін жасыр­майды. Оған қоса жазда, турис­тік маусым қызған кезде Саты ауылындағы амбулатория мен Жа­лаңаштағы аурухананың жұ­мысын күшейту, Көлсай мен Қа­йыңдыда туристік полиция қою мәселесі де кезек күттірмей­ді. Жұрт­ты қорқытып, үркітуден аулақпыз, алайда осы өлкенің сырын білетіндер Көлсайдың айналасында криминалды топтар да пайда бола бастағанын жасырмайды. Демек, құқық қорғау органдары да өз кезегінде қалғымауға тиіс.

Қалай десек те, алдағы уақытта шешімі табылуы керек күрделі мәселелерге тоқталмас бұрын, атқарылып жатқан төмендегідей тірліктерді тізбектеп шыққан жөн. Мәселен, Таушелек, Құрмет, Көлсай, Қарабұлақ орман шаруа­шылықтарынан тұратын «Көл­сай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде абаттандыру жұ­мыстары аяқталған.

«2023 жылдың басынан бері саябақ аумағында 99 топтық рейд жүргізіліп, тексеру нәтижесінде парк қызметкерлері демалушылар арасынан 47 тәртіп бұзушылық­ты анықтап, 405 375 теңге көлемін­де айыппұл салды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Саты ауылы – Қайыңды көлі» туристік бағытын абаттандыру кезінде қосымша жол белгілері, күркелер мен орындықтар орнатылды. Алматы облысының туризм басқармасының қаражаты есебінен бақылау алаңы, күрке-шатырлар, орындықтар мен көпірлер салынып, Көлсай, Қайыңды көлдерін­де 30 қоқыс жәшігі мен 16 үлкен қоқыс багы қойылды. «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы» туристік маршрутының сол жаға­лауында демеушілердің көме­гімен ұзындығы 370 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды, оның бойында орындықтар мен қоқыс ыдыстары орнатылды», дейді ұлттық табиғи паркі басшысының орынбасары.

Қазіргі күні Алматы облыс­тық туризм басқармасының қаража­ты­на Төменгі Көлсай көліне апара­тын жаяу жүргіншілерге ар­на­л­ған айналма жол салынып жат­қанын айта кетуге болады. Бір қуан­тарлығы, биыл көктемде «Шренка» шыршасының 95 080 көшеті отырғызылып, 0,06 гектар алқапқа шырша тұқымын себетін уақытша орман тұқымы учаскесі ұйымдастырылған.

«Туристік нысандарда 2 жаңа ағаш күрке салынды, Қайыңды көлінің жаяу жүргіншілер және ат жолының қоршаулары жаңар­тылды, осы нысандарда әктеп-сырлау жұмыстары жүргізілді. Ұлттық парк аумағында 10 сани­тар­лық-гигиеналық қондырғы орна­ласқан, оның төртеуі Төменгі Көлсай көлінде, екеуі Қайыңды көлінде жұмыс істейді», дейді Х.Ахметов.

Орайы келіп тұрғанда ұлттық саябақтың аумағында бұғы (640), елік (397), Сібір тау ешкісі (584), қабан (646), арқар (26) бар екенін, Қызыл кітапқа енген хайуанаттардан Тянь-Шань қоңыр аюы (22), қар барысы (18), Түркістан сілеусіні (64) мекендейтінін де қоса кетуге болады. Жалпы, осы аумақтың жан-жануарлар әлемі мен сирек кездесетін өсімдіктер, шипалы шөптерді сақтау, қорғау мәселесіне бөлек ораламыз.

Сол сияқты жұрттың эколо­гия­лық сауатын арттыру мақса­тында насихат жұмыстары жүр­гізіліп, жыл сайын «Парктер шеруі» акциясы, байқаулар өткізіліп жатады. Биыл оған 9 мектептен 141 оқушы қатысып, 27 оқушы ба­ғалы сыйлықтармен, 12 мақтау қағаз­дарымен марапатталған. Ха­лық­аралық туризм күніне орай, яғни 27 қыркүйекте ұлттық парк аумағындағы туризмді дамытуға үлес қосқан жеке кәсіпкерлер де қошеметке ие болған. Ұлттық парктің штатында жұмыс істейтін 126 адам отбасын асырап отырса, оның аумағында арнаулы келісімшартпен 9 туристік фирма тұрақты жұмыс істейді.

Жоғарыда атап өткендей, алдағы уақытта шешімі табылатын күрделі мәселелерді атап айтсақ, барлығы 604 шақырымды құрайтын Ұлттық парктің ішкі жолдары мен өрт қауіпсіздігін алдын алу жолдарын салу немесе күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі көрініп тұр. Қолда бар және жоспарланған қызметтік үйлерді электр қуатымен толықтай қамтамасыз ете отырып, визит-орталығын немесе табиғат музейін салу мәселесі де бар. Ең бастысы Қайынды көлін сақтап қалу үшін көлге тоспа салу, өзен бойларына көпір салуды алдағы уақыттың еншісіне қалдыра берудің жөні жоқ.

«Ендігі жерде «Көлсай көлдері» аумағында ішкі туризм жыл өткен сайын дамып келе жатқандықтан, шетелдік туристер үшін экскурсия жүргізуге дайын кәсіби гидтердің жетіспеушілігі жоқ. Шетелдік туристердің басым бөлігі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағына Алматы қаласынан турфирмамен келеді, яғни әрбір турфирмада дайындалған кәсіби гид пен экскурсияны жүргізетін мамандар бар. Олардың негізгі міндеті – шетелдік туристі ертіп жүру. Тиісінше, туристік фирмалар ұлттық паркпен туристерге, оның ішінде шетелдік туристерге қызмет көрсету туралы келісімшарт жасайды. Жалпы, «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында туризм бөлімі жұмыс істейді, оның штатында туризм мамандары мен шет тілдері курстарында оқыған гидтер бар», дейді Х.Ахметов.

Оның айтуынша, жаз жаң­быр­лы, жауын-шашынды болса, сәйкесінше туристердің де қарасы азайып қалады екен. Жал­пы, ұлттық парк аумағындағы ішкі туризм нарығы жыл өткен сайын дамып жатыр. Туристік соқпақтардың ұзартылуына байланысты ұлттық парктің бүкіл аумағында басқа көлдерді қам­титын 7 туристік маршрут бар.

Ендігі жерде «Көлсай көл­дері» ұлттық табиғи паркі мемле­кет тарапынан тиісті түрде қаржы­лан­дырылатын болса, әсіресе бір күн­де 4 мыңдай адам келетін жаздық туристік маусымдағы кептеліс тар­қатылып, туристер Көлсай мен Қайыңдыдан бөлек, оның айна­ласындағы Таңбалытас, Орта Меркі, Шет Меркі сынды жаңа ту­ристік бағыттарға тарап, бұл сапар­лар қыдырып келген жұртқа естен кетпестей сәттер сыйлайтыны сөзсіз.

 

АЛМАТЫ