• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Қараша, 2023

Ғасырлық ғибратхана

419 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Еліміздің батыс қақпасы атанып, ұлан-байтақ өңірдің шежіресін құнттап сақтап отырған мекеменің ғасырлық жолына көз салсақ, тиянақты еңбек, жанкешті жұмысты көреміз.

Кез келген ұлт, халық үшін ең басты құндылық – тарихы мен мәдениеті. Ал осы құндылықтың материалдық бөлігін сақтайтын бірден бір орын – әрине, архив.

– Сол себепті де архив ісіне жүк­­телетін жауапкершілік өте зор. Ар­­хивтің арқасында уақыт байла­нысы, мәдениет пен қоғамдық өмір­­дің даму тарихы сақталып, құ­­­жат­тармен баяндалады. Архив та­­­рихи шежіре қоймасы ғана емес, әр­бір ұлттың басты қазынасы да. Қа­­зақстан мемлекеті тарихының қа­лыптасуында архивтердің маңы­зы да зор болды, – дейді Батыс Қа­­зақ­стан облыстық мемлекет­тік ар­­­хи­вінің басшысы Айжан ­Сауға­баева.

 

Бәрі Бөкейлікте басталған

Батыс Қазақстандағы архив ісінің тарихы ХVIII ғасырдың со­ңы­нан бастау алады. Тұңғыш ар­хив­тің құрылуына Бөкей хан мен оның ұрпақтары себеп болыпты. Ал Бөкейдің ұлы Жәңгір ханның тұсында архив ісі қалыптасып, кәдімгідей дами бастады. Хан ордасының архиві 1784 жылдан басталып, Бөкей ордасын басқару, экономикасы, мәдени өмірі, кіші жүз қазақтарының тарихы, Исатай Таймановқа қатысты құжаттарды қамтыған. Алайда 1917 жылы қаржы тапшылығы, құжаттарды сақтайтын арнайы ғимараттың болмауы, білікті мамандардың жетіспеуі салдарынан Бөкей архиві дағдарысқа ұшыраған. Сол себепті Қазақ ССР-інің Орталық архивін басқарған Александр Мелков 1924 жылы Хан архивін басқа құ­жаттарымен бірге Орталық архивке көшіру туралы мәселе көтерген. Осылайша, Қазақстан Халық Ко­миссарлар Кеңесі төрағасы Нығмет Нұрмақовтың жеке өкімімен Бөкей хан­дығының және Орынбор архи­ві­нің құжаттары тікелей Алматы қа­­ласына көшірілді. Ол құжаттар қа­­зірге дейін сол жерде сақталып тұр.

Ал Батыс Қазақстан облысы­ның мемлекеттік архив қоры Аза­мат соғысынан кейінгі жылдар­­да құ­рыла бастады. 1917 жылдың 1 қа­­занына дейін жергілікті тарих­қа бай­ланысты құжаттар Мәскеу, Орын­бор, Алматы, Астрахан, Санкт-Петербург қалаларының жә­не Ресей Федерациясының бас­қа қала­ларының ведомостволық ар­хив­теріне қойылып сақталған. Сол кездері көптеген құжат жоғал­ып, жыртылып және өртеніп кеткен.

1923 жылы 10 мамырда губер­ниялық атқару комитеті Пре­зи­диумының «Орал губерниялық архив бюросын ұйымдастыру туралы» шешімі шықты. Міне, дәл осы күн Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің туған күні болып аталып келеді.

 

Бір ғасырдың қазынасы

Әрине, Орал қаласы пат­ша­лы Ресей кезінде де, кеңестік Қа­зақстан тұсында да маңызды елді мекен, қалыптасқан орталық болды. Қалалық мәдениеттің, үлкен өлкенің кіндігі ретінде архив ісі де жедел дами бастады. Орал губерниялық статистика­лық бюросы құжаттарынан бастал­ған архивте 1924 жылдың аяғына қарай 53 қор, 15 270 іс тіркеліпті. Ал 1932 жылдың 1 сәуірінде 412 қор, 108 677 іс, 87 газет тігіндісі жиналған.

1941 жылы соғыс басталған­да Оралға одақтас республикалар­дың эвакуацияланған архивтері – Сталинград, Астрахан, Николаев, Одесса облыстық мемлекеттік архивтері, Молдавия КСР ІІХК Кишинев уездік мемлекеттік ар­хиві, КСРО-ның түрлі мекеме архивтері көшірілді. Ал 1942 жылы Батыс Қазақстан облысы архиві құрамынан Гурьев архиві дербес бөлініп шықты.

1953 жылы Батыс Қазақстан облыстық архиві құрамынан бі­раз құжат алынып, Мәскеу, Алматы архив­теріне берілген. Бұлар негізі­нен әскери бөлімдер мен госпи­таль­дардың құжаты, сондай-ақ революцияға дейінгі бірқатар қор­лар еді.

Бүгінде Батыс Қазақстан об­лыс­тық мемлекеттік архивінде 2 499 қор, 677 680 сақтау бірлігі бар екен. Бұл дегеніңіз өңірдің ғасырдан артық жылнамасы, мил­лиондаған адамның тағдыры деген сөз ғой. Құрылуы 1923 жыл де­генмен, нақты құжаттардың да­тасы 1919 жылдан басталады. Сондай-ақ 1864-1927 жылдар ара­лығында толтырылған метір­келер – жергілікті мешіттер мен шіркеулердің тіркеу кітаптары да генеалогиялық зерттеу, өлкетану ізденістері үшін таптырмас ақпарат көзі. Архивте сақтаулы 59 мерзімді басылым тігіндісінің ең әрісі 1860 жылдан басталады.

– Әсіресе 1860-1930 жылдар аралығында шыққан көне ба­сылымдар көбірек сұранысқа ие. Мысалы, «Яицкая правда» жә­не «Красный Урал» газеттері жиі қаралады. Сондай-ақ 1863 жыл­­дан бастап шыққан кітап қоры­мыз да бар. Мұнда әскери атаман­дар­дың есептері, жалпы санақ қоры­тындылары, Орал облысына шо­лу, округ пен ауылдар туралы, атаулы күндер тізбесі секілді құн­ды құжаттар бар, – дейді Айжан Нұрғалиқызы.

 

Тәуелсіздік шежіресі

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген сөз рас қой. Облыстық ар­хивтегі тарихи құңдылығы жо­ғары дүниенің бір парасы – 1991 жылдан қалыптаса бастаған құжат­тар. Бұлардың құнды болатын себе­бі – жас, тәуелсіз Қазақстан Рес­пуб­ликасының, соның ішін­де ше­ка­радағы Батыс Қазақстан об­лы­сының да қалыптасуы мен да­муының елеулі сәттері баян­далады.

Мәселен, майдангер Жым­пи­ты және Орда аудандары­ның «Құрметті азама­ты» Мұхтар Әжі­ғұлов, белгілі сурет­ші Сәкен Ғұмаров, еңбек арда­ге­рі, мәде­ниет саласының еңбек сіңір­ген қызметкері Наурызғали Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжалиев, жазушы Энгельс Ғаббасов, Қазақстанның еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері Жай­сан Ақбаев тапсырған құжат кол­лекциялары өзінше қызықты маз­мұнды құрайды.

Жергілікті архивистер Қазақ­стан және Ресей мемлекеттері­нің архив қорларынан Сырым Датұлының 250 жылдығына және Бөкей хандығының құрыл­ғаны­на 100 жыл толуына байланысты құ­жаттарды анықтап, көшірмелерін архив қорына тапсырды.

– Егемендік алғаннан бастап құрылып жатқан құжаттама­ның маңызы зор, өйткені онда жас еге­мен мемлекет – Қазақстан Рес­­публикасының және онымен бірге біздің облыстың құрылуы, қа­лыптасуы мен дамуының негізгі ке­зеңдері бейнеленген, – дейді архив басшысы.

 

Толайым табыс

Әрине, кез келген саланың жұ­мысын алға сүйрейтін сапалы мамандар ғой. Батысқазақстандық архивистер де еліміз бойынша үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрген үлгілі ұжым.

2015 жылы қараша айында Ал­маты қаласында өткен жас мұра­ғатшылар байқауында Ақ Жа­йық өңірінің жас архившілері I орын­ды, 2019 жылы Қызылордада ІІ орынды жеңіп алды. Ал 2021 жы­лы пандемия кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жә­не ведомстволық архивтер ара­сын­дағы IV Республикалық жас ар­хившілер байқауы Орал қала­сын­­да онлайн өтті. Ел тәуелсіз­дігі­нің 30 жылдығына арналған, Қа­зақстанның әр аймағынан 7 коман­да қатысқан сайысты оралдық ар­хившілер тамаша ұйымдастыр­ған болатын.

Архив мамандары бұрын-соң­ды ғылыми ортаға, жалпы көп­ші­лікке беймәлім құжаттарды жүйе­леп, құжаттар жинағы мен анық­тамалықтар шығаруды жол­ға қойған. Мысалы Орал архив­шілері дайындаған алты томдық «Боздақтар» Зерде кітабы, Бөкей Ордасының тарихына арналған «История Букеевского ханства. 1801-1852 гг» атты жинақ бүгінде зерттеушілердің қолынан түспейтін құнды еңбекке айналды. «Кітаптар мен құжаттар жинағын шығарудың мәні өте жоғары. Себебі бір тақырып немесе тарихи оқиға бойынша топтастырылып, жинақталған архив­тік құжаттардың негізінде өлкетану­шы ғалымдарымыз еліміздің тарихын жазып, белгісіз тұстарын ашуға септігін тигізеді», дейді архив басшысы Айжан Сауғабаева. Өкініштісі, архив қызметкерлері дайындаған жинақтың бәрін кітап етіп шығаруға қаржы тапшы­лы­ғы­нан мүмкіндік бола бермейді.

 

«Болашақтың архиві»

Қазақстанның қиыр шетінде жатса да, Батыс Қазақстан облыс­тық мемлекеттік архиві – еліміз бо­йынша электронды қызмет көрсе­туде алда тұрған мекеменің бірі. Мұның сыры – Орал архивінің жаңа технология­ға, инновация­ға ерекше көңіл бөлуінен деп ойлаймыз. Сонау 2015 жылы-ақ БҚО архивінің директоры Айжан Сауғабаева және зерттеушілер­мен жұмыс және ақпараттық тех­нологиялар секторының меңгеру­шісі Айгүл Исқақова әзірлеген «Электрон­дық үлгіні пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар» атты жұмыс республикалық бай­қауда жүлде алған еді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Бір­ыңғай электронды архив құжат­тары» атты ақпараттық жүйе жобасы Батыс Қазақстан облысында кең ауқымда жүргізіліп отыр.

– Бүгінге дейін біздің архив қоймасы және цифрландыру бөлі­мі мамандары 112 қор, 78 345 мың іс, 12 329 807 парақ құжатты сканерлеп базаға салды. Ғылыми еңбектерді, әлеуметтік-құқық­тық құжаттарды бірінші кезекте э-фор­матқа көшіріп жатырмыз. Бұл – өте керек іс. Әсіресе індет кезінде он­лайн, цифрлық, электрондық фор­маттың қаншалықты маңызды екенін көрдік қой, – дейді Айжан Сауғабаева.

Қазіргі таңда архивтің оқыр­ман залы 200-ге жуық тұлғаға офлайн және онлайн бағытта қыз­мет көрсетеді. Зерттеушілер қата­рында Ресей Федерациясынан және Қазақстан Республикасының Астана, Қостанай, Ақтау, Алматы, Қарағанды, Атырау, Тараз, Ақтөбе қалаларынан келетін ғалымдар да бар. Орал архивінің электронды қызметін пайдаланған талай адам жүрекжарды ризашылығын пікір парағына қалдырып жатады.

«Мен БҚО Мемлекеттік мұра­ға­­тында электронды архив ба­рын әуелі фейсбук парақшасы­нан көрдім. Бірден сайтқа кіріп, қор­лармен таныса бастадым. Ме­нің зерттеу тақырыбым «Соғыс ба­ла­лары» (1941-1945 жж) болған­дық­тан, бірден ҰОС-ға арналған құжаттар жинағын көріп, қуана әрі қызыға қарадым. Айта кететін жайт, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары архивтерінің сайтына кіріп едім, электронды базасы жоқ болып шықты. Сонда Қазақстан бойынша сіздің мекеме бірінші болып үкіметтің ақпаратты цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырған екен. Бұл – басқа мұрағаттарға үлгі боларлық үлкен көрсеткіш. Әсіресе зерттеушілермен жұмыс және құжаттарды пайдалану бө­лімінің архившісі Ботакөз Нағы­моваға ерекше ризамын. Элек­трондық оқу залына тіркелу, қа­жет­ті құжатқа тапсырыс беру жол­дарын қайта-қайта түсіндіріп, үйретті», деп жазыпты тарих ғылы­мының кандидаты Гүлбану Сүгірәлімова.

 

Түйткіл тезірек шешілсе...

Ғасырлық тойдың үстінде жұ­мысқа кедергі, көңілге қаяу түсі­ретін жайттарды айтпай кетуге де болар ма еді?

Бірақ айтпауға болмайды. Жа­қында се­н­атор Дархан Қыдыр­әлі Үкі­мет басшысына депутаттық са­уал жолдап, бірнеше мәселе кө­терді. Соның бірі – архив қойма­ларының күрделі жағдайы.

«Кез келген елдің өткенін қат­тап, бүгінін болашақпен жалғай­тын жады, ұлттың тарихи санасын қалыптастыратын құнды құжаты, мемлекеттің меншігін айқындайтын айғағы – архив екені белгілі. Бізге келген хаттарға байланысты архивтеріміздің жай-күйі қандай деген сұраққа жауап іздеген едік. Жағдай көңіл көншітерлік емес екен», дейді сенатор.

Дәл осы мәселе Батыс Қазақстан облыстық архивінің де басында бар. 1978 жылы салынған архив ғимараты әбден толған әрі тозығы жеткен. Құжаттарды қалыпты температуралық және ылғалдық режімде сақтауға мүмкіндік жоқ. Қазақстанның барлық облысында қалалық архив бөлек мекеме болса, Батыс Қазақстанда ол жоқ. Осының бәрі облыстық архивтің жүктемесін еселеп арттырады. Мысалы, құжат қорына есептегенде БҚО архивінде 83 маман қызмет етуге тиіс. Алайда архив штаты 28 адам ғана. Архившілердің орташа жалақысы 120 мың теңге шамасында. Қазақстанның батыс өңіріндегі үш облыстың архившілері ауылдық жерде жұмыс істегені үшін 25 па­йыз үстемеақы ала алмай отыр. Шын мәнінде, өңірлердегі архивтерге кешенді өзгеріс қажет.

Тәуелсіздік жыл­дары Алматы, Астана, Түркіс­тан, Қызылорда, Шымкент қала­ларында ғана жаңа архив ғимараты салынған. Өзге облыстар «құрыққа сырық жалғап», амалсыздың күнін кешіп келеді...

 

Батыс Қазақстан облысы