• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сараптама 13 Қараша, 2023

Шикізат нарығы құбыла түспек

224 рет
көрсетілді

Біз негізінен шикізат экспорттаушы ел болғандықтан, әлемдік аре­­на­­дағы кез келген жағдайға, әсіресе мұнай бағасына әсер етуі ық­ти­­мал оқиғалардың өрбуіне айрықша құлақ түріп қала­мыз. Таяу Шы­ғыстағы қақтығыстың тым ауқымды сипат алып ке­туі, тіпті, Ре­сей-Украина қақтығысының өзін көлеңкеде қалдыр­ған­дай. Мұнайдың әлемдік бағасына да әжептәуір әсерін тигізді.

Дүниежүзілік банк таяуда баяндама жариялап, шикізат нарықтары үшін қақтығыстың қысқамерзімді салдары қан­дай боларына қатысты алдын ала бағалау жасады. Банк­тің базалық болжамына сәй­кес осы тоқсанда мұнай бағасы барреліне 90 доллар төңірегінде тұрақтайды. Содан кейін, яғни келер жылы 81 долларға төмендеуі мүмкін, өйткені ол кезде жаһандық эко­номикалық өсім де баяулайды. Ал келер жылы шикізат тауар­ларының жалпы бағасы 4,1 па­йызға құлдырайды деген жорамал бар. 2024 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы төмендеуі мүмкін. Түс­ті металл да біршама құнын жоғал­­та­ды деген болжам бар. Шикізат тауарлары­ның бағасы тек 2025 жылы қалпына келіп, тұрақ­тала бастамақ.

«Қақтығыстың жаһан­дық шикізат нарығына әсері әзірге шектеулі. Жанжал бас­талғалы бері мұнайдың жалпы бағасы 6 пайызға өсті. Ауылшаруашылық өнімдері, метал­дардың көбі және өзге тауарлар бағасы өзгере қойған жоқ. Егер қақтығыс ауқымы артса, онда шикізат тауарларының бағасы төмендейді», делінеді баяндамада.

Дүниежүзілік банк мамандары үш сценарийді алға тартады. Бірінші нұсқа бойынша, мұнайдың әлемдік жеткізілімі күніне 500 мың – 2 млн баррельге дейін қысқарады. Мұндай жағдайда баға 3 және 13 пайызға өсіп, барреліне 93 және 102 долларды құрауы мүмкін. Екінші нұсқа бойынша, мұнайдың әлемдік жеткізілімі күніне 3-5 млн баррельге дейін қысқарып кетеді және баға 21-35 пайызға шарықтап шыға келуі мүмкін. Ондайда мұнай бағасы барреліне 109-121 доллардан кем тұрмайды. Тәуекелге толы үшінші сценарий жағдайында қысқару деңгейі күніне 6-8 млн баррельді құрайды және баға өсімі 56-75 пайызды құрап, нәтижесінде «қара алтын» барреліне 140-157 доллардан саудалануы мүмкін.

«Таяу Шығыстағы қақтығыс шикізат нарығы үшін ең үлкен шок (1970 жылдан кейінгі тіркеліп отырған) болды. Бұл жаһандық экономикаға жойқын әсер етті. Саясаткерлер мейлінше мұ­қият болуы керек. Егер қақтығыс ауқымы кеңи түссе, онда әлемдік эконо­ми­ка он жылдықта алғаш рет күрделі энер­ге­тикалық соққыға ұшырайды», дейді Дүниежүзілік банктің бас эко­но­мисті Индермит Гилл.

Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары Айхан Косенің айтуынша, мұ­най бағасының жоғарылауы азық-тү­лік бағасының да өсуіне алып келеді. «2022 жылдың соңында 700 миллионнан астам адам аштық құрсауында қалды. Соңғы қақтығыстың эскалация­сы тек өңір ішін­де ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлік қауіп­сіз­дігіне қатер төндіреді» дейді сарапшы.

Осы уақытқа дейін жанжалдың та­уар бағасына шамалы ғана әсер еткен­дігі әлемдік экономиканың мұ­най бағасының күйзелісін сіңіру қабі­ле­тінің жақсарғанын көрсетуі мүмкін. Баяндамада 1970 жыл­дар­дағы энер­ге­ти­калық дағдарыстан кейін әлем елдері осындай күйзелістерден қорғанысын нығайтты делінген. Олар мұнайға тәуел­ді­лікті азайтты, ІЖӨ-нің 1 долларын өн­діруге қажетті мұнай мөлшері 1970 жылдан бері екі еседен астам төмен­деген.

«Оларда мұнай экспорттаушылардың әртараптандырылған базасы және жа­ңар­тылатын көздерді қоса алғанда, кеңейтілген энергетикалық ресурстар бар. Кейбір елдер мұнайдың стра­тегиялық қорларын құрды, жет­кізілімдерді үй­лестіру тетіктерін ойлас­тырды және мұнай тапшылығының бағаға әсерін азайту үшін фьючерстік на­рықтарды дамытты. Осындай жақ­сар­тулардың нәтижесінде қақ­тығыстың күшеюі бұрынғыға қара­ғанда жеңілірек әсер етуі мүмкін. Деген­мен сая­саткерлер көз­жұмбайлыққа са­­лынбауы керек. Кейбір шикізат тауар­лары, мысалы алтын перспек­ти­васы туралы ойлануға тура келеді. Қақ­ты­ғыс бас­талғалы алтын бағасы 8 пайызға өсті. Алтын бағасының геосаяси проблемалармен бірегей байланысы бар. Қандай да бір белгісіздік және жанжал кезінде оның бағасы өседі және бұл өз кезегінде инвес­торлар сенімінің әлсірегенін біл­діреді», дейді баяндамашылар.

Қазақстан мұнай сервистік компания­лары одағының төрағасы Рашид Жақсы­лы­қов­тың айтуынша, әлемдік эко­но­микаға мұнай бағасы барреліне 90-110 доллардың арасында болғаны тиімді.

«Қазір мұнай бағасының құбылуы байқалады. Кейде 90 доллардан асып кетеді, 100 деңгейіне барып, қайта тү­седі. Бірақ жыл сайын баға тек өсе бер­мек. Себебі, сұраныс көп, оны өтеуге біздің шамамыз жетпейді. Сонымен қатар сұ­ра­ныс­тың өсуі бағаны да қымбат ете түседі. Қазір жаһан нарығы үшін бағаның 90-110 диапазонында болғаны өте тиімді. Мұндай баға тұтынушыға да, өндірушіге де өте ыңғайлы. Өндіруші дегенде тек жер қойнауын игерушілерді айтпаймыз, олардың қатарында инвесторлар да бар. Олар ең бірінші кезекте салған ақшасын тезірек әрі ойдағыдай етіп қайтаруды көздейді», дейді сарапшы.