• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 14 Қараша, 2023

Өр де кесек мінез иесі

316 рет
көрсетілді

Ел мүддесін қара басының қамынан жоғары қойып, шырқыраған шындық пен аяққа басылған әділдікті қызғыштай қорғап, қолындағы қаламын қару етіп ұстанып өткен әріптестеріміз аз емес. Олардың ішінде, әсіресе көзі тірі болса бүгін 80 жасқа келетін ақмылтық журналист Мәлік Мұқановтың орны тым ойсырап тұрғаны анық.

Есімін «Жалын» республи­калық жастар журналында жа­рияланған «Кішкене күн» әңгі­месінен білетін Мәлік ағамен Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінің редак­циясына тілші болып жұмысқа орналасқан кезімде таныс­­тым. Хат бөлімінің меңгерушісі екен. Редакция басшылығы­­ның оны осы қызметке неге қой­ған­ды­ғының себебін кейін білдім. Мәкең жер-жерден ағылып келіп жататын хаттардың біразының авторлары облыстық партия комитетінің беделді органынан әділдік күтетін қарапайым азаматтар екенін ескеріп, олардың мұқтаждықтарын орындауға аянбай күш салады екен. Бұл жұ­мысына қазақ және орыс тіл­деріне бірдей жүйріктігінің тигі­зетін пайдасы зор болып шықты. Себебі ол кезде – кеңес өкіметі тұсында Қызылжар өңірінде іс қағаздары тек орыс тілінде жүр­гізілгендіктен, жергілікті пар­тия және кеңес органдарына ре­дак­цияның атынан жолдана­тын қатынас қағазды сауатты жазу талап етілетін. Оның үстіне Мәлік аға әділетшіл, бір­беткей мінезінің арқасында «қа­дал­ған жерінен қан алатындай» табан­дылық танытып, талай көкей­кесті мәселенің оң шешілуіне ұйытқы болған. Бұған өз басым «Ленин туының» Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүргенімде көз жеткіздім: Мәкең бір ауылда тракторшы болып істейтін қыздың жаңа трактор ала алмай, қиындық көріп жүргендігі туралы жазылған хатты маған тексертіп, газетке сын мақала жаз­дыртты. Онымен қоймай, тиісті орындарға осы жөнінде редак­ция атынан қатынас қағаз жазып, ақыры тракторшы қарын­дасымызға су жаңа трактор бері­луіне қол жеткізді.

«Батыр болсаң, жау қайтар» дейді қазекем. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында КСРО компартиясының бас хатшысы Михаил Горбачев жариялаған қайта құру мен жа­риялылық саясатын пайдала­­нып, «Біз Ресейді қалай көркейте­міз?» деген атышулы мақаласын жаз­ған жазушы Александр Сол­женицыннің айтағына ерген Петропавл қаласындағы казачество өкілдері сепаратис­тік пиғылдарын ашық айта баста­ған. Бұл жергілікті қазақтардың ашу-ызасын туғызған. Сол бір сын кез Мәлік ағаның ел мен жер тұтастығы үшін күрескен сая­саткер журналист деңгейіне кө­терілуіне түрткі болды.

– Жайнап тұрған жаз айы болатын. Казактар саяси ағарту үйінің алдында рұқсатсыз митинг өткізуге жиналып жатқанын естіп, біз, бір топ қазақ жігіті жүгіре басып жеттік. Бір кезде казактардың біреуі өзімен бір­ге ала келген КСРО-ның етек­тей қызыл туын желбіретіп қа­дай бастады. Оны бәріміз де бір­ден байқадық. Ал Мәлік болса біздей ойланған жоқ: қызыл туды жұлып алды да, лақты­рып жіберді. Абырой болғанда, еді­рейген казактар туға жармаспады. Мәлікке де тарпа бас салмады. Мәлік Мұқанов, міне, осындай еді. Күрескерлік оның болмысына біткен қасиет-ті, – деп еске алады белгілі журналист, ақын Болат Қожахметов.

90-жылдары Петропавлда бір топ шовинист әртүрлі аран­датушылық әрекеттерге барып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан қа­зақ­тар мен орыстардың арасына ши жүгіртуге тырысқаны белгілі. Ал оларға қарсы күрестің басында Мәлік аға жүрді. Оның, әсіресе қазақ тілінің мүшкіл халі туралы орыс тілінде айтқан са­ли­қалы сөздері, жазған ой­лы мақалалары жергілікті орыс зиялыларының тарапынан қол­дау тауып, қоғамдағы этно­сара­лық келісім мен саяси тұрақ­ты­лықты сақтауға септігін ти­гіз­ді. Мәкең тіпті бір шектен шық­қан арандатушыны сотқа сүйреп, ақыры темір тордың арғы жағына тоғыттырды. Сол жолы оның ұлты орыс судьяға: «Сіз егер бұл арандатушыға әділ жазасын бермесеңіз, онда сіз де мұның айтқандарын қол­дайтын болғаныңыз, сіз де «қа­зақ тілі – жабайылардың тілі, қазақ­тардың өздері нас, надан» деп санағаныңыз», деген өткір сөзі көздеген нысанасына дөп тиген екен.

1991 жылы желтоқсан айы­ның ортасында Петропавлда казак­тардың жиыны өткізіліп, оған Ресейдің көршілес Омбы мен Қорған облыстарындағы казачество өкілдері қатысты. Бұған жергілікті қазақтар наразылық білдіріп, 7 сағатқа созылған бойкот жариялады. Сол себепті казактар жиынды соңына жеткі­­­зе алмай, тоқтатуларына тура кел­­ді. Алайда содан кейін жергілік­ті университеттің басшылығы бой­котқа қатысқан қазақ сту­денттерін қудалай бастады. Осы туралы Мәлік аға екі тілде «Араз­дықты қоздырудың тағы бір түрі» деген мақала жазып, газеттерде жариялаған соң ғана жастарды қудалау сап тыйылды.

1992 жылы жазда Сібір казачествосы Петропавлда тағы бір үлкен жиын өткізіп, күн тәр­­тібіне Солтүстік Қазақстан об­­лы­сын Ресейге қосуды талап ету мәсе­лесін шығармақшы бол­ды. Мұны естіген иісі қазақ­тың қаны басына шапшыды. Ал Жамбыл облысындағы Жаңа­тас қаласында тұратын жүзден ас­там жігіт «Азат» азаматтық қоз­ғалысы белсенділерінің ұйым­­дастыруымен пойызға мі­ніп, Қызылжарға тартқан. Осы жай­лы хабар құлақтарына ти­ген Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның басшылары қатты сасып, ықтимал қантөгістің алдын алу қамына кіріседі. Сол кездегі әкім Владимир Гартман дереу ел ішін­де беделі зор Мәлік Мұқановты ша­қырып алып, шиеленісті ушық­тырмауға көмектесуін сұ­райды. Ақылдаса келе, Мәкең бас­таған бірнеше беделді азамат жаңатастықтардың алдынан шығып, келіссөз жүргізу үшін арнайы көлікпен Ақмола қала­сы­на аттандырылады. Алайда олар ашуға булыққан жастарды Ақмолада пойыздан түсіре алмай, Петропавл қаласынан алпыс шақырымдай жердегі Смир­ново стансасына дейін үгіт жүргі­зіп, сол жерде әрең тоқтатады. Жаңа­тастықтар сол кезде «Ха­лық кеңесі» республикалық газе­тінің Солтүстік Қазақстан облы­сындағы меншікті тілшісі ретінде өзекті де өткір мақалаларымен елге танылған Мәлік ағаның са­бырға шақырған сөзіне ойланып, ашуды ақылға жеңдірген еді.

Мәкеңнің журналистік дарыны «Халық кеңесі» жабылған­нан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық телеарнасының шо­лушысы болғанында да жарқы­рай көрінді. Ол жүргізетін «Оқиға­лар ортасында» сенбілік апта­лық шолу хабарын Қызылжар өңірінің тұрғындары ерекше ықыласпен тамашалайтын. Ше­неу­ніктерге жарамсақтануды біл­мейтін журналистің рес­публика мен облыста болған ма­ңызды оқиғалар хақындағы сы­ни пайымы ешкімді бейжай қал­дырмайтын. Мәкең апталық шолу хабарын құрастырып болған соң сол кезде телеарна басшысы болып істейтін маған: «Мен айтар сөзімді айттым, қалғанын өзің білесің...», деп айтып кетуші еді. Бірақ ол сын айтудың жөні осы екен деп, шектен шықпайтын.

Облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласып, Қызылжар жұртшылығына кеңінен танымал қоғам қайраткеріне айналған Мәлік аға 1994 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол бір мандатты сайлау округінен баламалы негізде сайланған халық қалаулысы ретінде сайлаушылар мүддесін қорғауда да ерекше белсенділік танытты.

– 1995 жылы облыста әлеу­меттік-экономикалық жағдай өте ауыр болды. Облыстық мәс­лихаттың бір сессиясында сол кездегі облыс әкімі Владимир Гартман есеп беріп: «Жылу жоқ, газ жоқ, көмір жоқ, ақша жоқ, қайдан алуды білмейміз», деп жылаңқырай бастап еді, Мәлік орнынан атып тұрып: «Он­да сіз бұл жерде неге тұрсыз? Бұл сөзді бізге жылу-электр орта­лығының от жағушысы да айтып берер еді ғой. Ал халықты қараңғылықта тоңдырып-жаура­тып отырған, қолынан түк кел­мейтін сіздердей басшыларды ор­нынан алмақ түгіл, соттау керек», деп өзінше нығызсып тұр­ған әкімді бәріміздің айызымызды қандырып, жерден алып, жерге салып еді, – дейді облыстық мәслихатттың экс-депутаты Сабыр Сеңкібаев.

Облыстық мәслихаттың 1996 жылы 26 сәуірде болған сес­сия­сында сөз алған депутат Мәлік Мұқанов: «Мемлекет ауыл ша­руашылығына көмектесе ал­майтынын көріп отырмыз. 1994 жылы мемлекеттік тапсырыс нағыз Драконның әдіс­терімен орындалды. Ол үшін шаруа­шы­лықтар әлі күнге есеп айырыса алмай отыр. Мемлекет халық ал­дында қарыздар. Көп жыл бой­ғы алдау әлі де жалғасып жатыр», дей келіп, жергілік­ті ком­мерциялық құрылымдар 1 тон­­на бензин үшін шаруалар­дан 2,7-2,8 тонна ғана бидай сұра­ғанымен, оларды көзге ілме­ген облыс басшылығының қол­да­уына сүйенген көршілес Көк­шетау облысының «Сине­горье» компаниясы жергілікті шаруашылықтарды тақырға отыр­ғызып, 1 тонна бензин үшін 4 тонна астық алғанын, мұның өзі өңірдің ауыл шаруашылығы саласына ауыр соққы болға­нын әшкерелей айтты. 1997 жылы күзде болған бір сессияда Мәкең: «Шетелдік компаниялар елді ­тонап жатыр. Өйткені билік төменгі буыннан бастап жоғары жаққа дейін сыбайлас жемқорлыққа белшесінен ба­тып отыр. Мен мұндай үкі­меттен түңілдім. Жағдайдың түзе­летініне еш үмітім қалмады», деп күйзеле сөйледі...

Мәлік ағамыз ақжарқын, жал­ғандық атаулыға жаны қас, өті­рік көлгірсуді білмейтін, кімге болса да айтар сөзін бет-жүзіне қарамай, тура айтып салатын, шыншыл да бірбеткей мінезді адам еді. Журналистік беделі зор бола тұра, шенеуніктерден өзінің жеке басының мәселесін шешу үшін бірдеңе сұрап көрген емес. Тіпті өмір бойы жазған өлеңдері мен әңгімелерін бір жинақ етіп шығару үшін қаржысы жетпей жүргенін айтқаны бар. Оның бұл жоспары көзі тірісінде жүзеге аспай, қайтыс болғаннан кейін «Алуа – менің айдыным» кіта­бын Әдия Ысқаққызы жеңгеміз шығартты.

Мәкеңнің адамгершілігі зор еді. Кісілік жолынан жы­ғы­­лып көрген емес. «Әлі есім­де, тоқ­саныншы жылдары Петро­павлға Мұрат Әуезов пен Петр Своик бір шаруаларымен келетін болды. Сол кезде бұл екеуі де оппозицияда болғандықтан, үкімет тарапынан қағажу көріп жүрген еді. Сонда Мәкең өзімен сыйлас жігіттерді жинап алып: «Мұрат – асылдың тұяғы ғой. Мүмкін, қателіктері де бар шығар. Бірақ шенеуніктер қуғынға ұшыратты екен деп, біз сыртқа теппейік, жақсылап қарсы алайық», деді», деп еске алады Сабыр Сеңкібаев.

Мәлік аға өзі таңдаған журналист мамандығына адалдық үлгісін көрсетіп өтті. «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі болып жүргенінде де талай кем­шіліктің бетін ашып, елге жа­риялады. Жоғары жаққа өті­рік ақпар беретін әкімдерді дә­лелді түрде әшкерелеу үшін қасына облыстық телеарнаның журналисі мен операторын ер­тіп алып, көзге ұрып тұрған кем­шін жайларды бейнетаспаға түсірткізетін әдеті де бар еді. Ал осындай іссапарға бірге барған әріптестері Мәкеңнің газетке шыққан сын мақаласын оқып, оның журналистік шеберлігіне тәнті болып жататын.

Мәкеңнің ақындығын біреу білсе, біреу білмейді. Терең ойлы ақын еді. «Бір ашу керек» өлеңінде:

Тынышын күннің өмірде ту қып өтсек те,Барша есіктерге тек күліп қана енсек те,Алыс пен жақын сөзіне бірдей сенсек те,Кешірімділікті қаншама керек десек те,Намысқойларды таңсақ та неше өсекке –Зұлымдық асып, бел алған кейбір кездердеҰялмас үшін қадалған сәби көздерденБір ашу керек әрі өр, әрі кесек те - деп жазған екен Мәлік ақын.

Мұндай ашу оның сонау қилы кезеңдегі ерлікке пара-пар іс-қимылынан, айтқан сөзінен, жазған мақаласынан анық сезіліп тұратын.

Ол қасиетті қаламын ақтық демі таусылғанша қолынан тү­сірген жоқ. Дауасы жоқ дертке ұшырап, онкологиялық дис­пансерде емделіп жүрген соң­ғы күндерінде жазған «Тірі аруақ­тардың мұңын кім мұңдайды?» деген ақырғы проблемалық ма­қаласы сай-сүйегімізді сыр­қы­ратқан еді...

Өзі де өр әрі кесек тұлға еді ғой, жарықтық.