• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қараша, 2023

Өңір мәдениетіне тың серпін керек

2363 рет
көрсетілді

Жайшылықта Тараз туралы тол­ған­ғандар Шығыстың жеті жұл­дызы тамсана жырлаған шаһар жайында аузының суы құрып әңгі­ме айтып жатады. Ол аз десеңіз, әйгілі Жамбыл атымен аталатын облыста Кененнің әндерін шыр­қамайтын қазақ кем. Талай текті тұлғаның кіндік қаны тамған өлке­нің мәдениет саласында бір жа­ғы­нан ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатқанымен, екінші бір жа­ғы­нан қарасаң, талай өткір мәселе шешімін таппай тұрғанын аңға­расың. Қазақ хандығының қазы­ғы қағылған киелі өңірдің мәде­ниеті расымен де кері кетті ме? Кім білсін? Бір анығы, салаға қа­тыс­ты сараптау жүргізген облыс­тық мәслихаттың депутаты, тұрақ­ты ко­миссия төрағасы Фарида Жүнісова­ның облыстық мәслихат сес­сиясында жасаған баяндамасы ойландырмай қоймайды.

Қаптаған үйірмеден қайыр бар ма?

Облыстық мәслихат төраға­сы­ның өкіміне сәйкес құрылған депу­таттық жұмыс тобы аудан­дар мен Тараз қаласындағы мәде­ниет саласына қарасты мекеме­лер­дің жұмысымен танысқан. Жүр­гізілген жұмыстардың нәтижесіне зер салсақ, бірқатар мекеменің шы­ғармашылық жұмыстары мен құ­жат­тарында ішінара кемші­лік­тер анықталыпты.

«Мемлекеттік мекемелердің қар­жы жоспарын жасауда бюд­жет қаражатын артық жоспарлаған­дықтан қаржы толық игерілмеген. Бұл – бюджет қаражатын бөлуді жоспарлау барысында тиянақты зерттеулер мен сараптаудың өз дәрежесінде жүргізілмеуі салдарынан болатын жағдай.

Осыған орай зерделеу жұ­мыс­тары барысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында балалар мен жас­өспі­рімдерге арналған жеке шығармашылық үйір­мелерге жергілікті бюджеттен 2023 жылға 1 112 500 мың тең­ге қара­жат бө­лінген. Осы жыл­дың бірінші шілде­сіндегі дерекке қарасақ, қызмет көрсетуші саны 48-ді құрап, 4-17 жас аралығындағы 5 626 балаға қызмет көрсетілген деген ақпарат берілді.

Осы бағытта жүргізілген зер­де­леу жұ­мыс­тары барысын­да об­лыстық бюд­­­жет­тен қарас­ты­рылған қаржының мақ­­сатты жұм­салуына бақылаудың мүл­­дем жоқтығы анықталды. Себебі Мем­­ле­кет бас­шысының жарлығымен ор­та­­лық мемлекеттік және жергілікті ат­қа­рушы органдарға шағын кәсіп­керлік субъек­ті­лерін тексеруге салынған мораторий мер­зімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзар­тылған. Осыны ұтымды пайдалана білген кейбір кәсіпкерлік нысандары artsport.edu.kz сайтына тіркеліп, тиісті құжаттарды жіберу арқылы қаржы алып отыр.

Әрине, өте сапалы қызмет атқа­рып отыр­ған кәсіпкерлер де жоқ емес. Деген­мен үйірме қыз­меті­мен таныспақ болған жұ­мысшы топтың мүшелері үйірме қа­тысу­шылары түгілі үйірме өтетін ғима­ратты таба алмай қалған кездері болды.

Мысалы, Тараз қаласындағы Жібек жолы көшесі, 81Б мекенжа­йында ор­налас­қан деп көрсетіл­ген жеке кәсіпкер Д.Турабековтің ғимаратын табу мүм­кін болмады. Осы іспетті «Suret design» жеке кәсіпкерлік нысаны көрсеткен Сүлейменов көшесі, 70 үй мекенжайында тұратын адамдар бұл ме­кеме туралы білмейтінін айтты.

Осыған ұқсас 38 баланы үйір­мемен қамтып отырған Тараз қаласы, Желтоқ­сан көшесі, 128 үйінде орналасқан ЖК «Dlight» ғимараты жабық тұрды. Көрші орналасқандар бұл үйірменің жұмысы­нан хабарсыз екендіктерін айтты», дейді Фарида Жүнісова.

Облыстық мәслихаттың депутаты кел­тірген уәжге сүйенсек, үйірмелердің жұмысын жүргізу мақсатында қазына­дан қомақты қаражат қарастырылға­­ны­­на қара­мастан, тиісті жұмыс өз деңге­йін­де жүргізілмегенін аңғаруға болады. Сонда бақылауға тиіс басшылар қайда қарап отырған? Тым құрығанда үйірме жұмыстарымен толықтай танысуға кім кедергі келтірді екен?

Халық қалаулысының айтуын­ша, бала­лардың бос уақытын тиім­ді пайдалану үшін үйірме жұ­мысын жүргізудің мәні зор. Әйт­кенмен талапқа сай жабдық­тал­ған бөлмелердің жетіспеушілігі үлкен мәселеге айналған. Бұл да назар ауда­рарлық проблема екені даусыз.

«Қазіргі кезде көптеген елді ме­кенде үйірме сабақтары сахнада өтіп жатыр. Осы іспетті көр­­кем­өнерпаз жанры бойынша үйір­мелерге қажетті аспаптар, құрал­дардың жетіспеуі орын алып отыр.

Сонымен қатар облыстағы ірі ауқым­ды іс-шараларды жүзеге асы­ратын, мәде­ниет үйлері мен клуб­тардың қызметін үйлес­ті­ріп, әуесқой көркемөнерпаздар ұжым­­дары мен үйірмелеріне әдіс­те­мелік-тәжіри­белік көмек көр­се­ту жұмыстарын атқаратын жал­ғыз мекеме облыстық ха­лық шығар­ма­шылығы орталығын талап­тарға сай ғимаратпен қамтамасыз ету қажет­тігі туындап отыр.

Осы мекеменің 2016-2021 жыл­дар ара­лығында Тараз қаласы, А.Ас­қаров көшесі, №47 мекенжайында орналасқан ғима­ра­ты облыстық халық шығармашылығы орталығының теңгерімінде болған. Алай­да 2021 жылы облыс әкімі­нің тапсыр­ма­сы­на сәйкес, қаржы басқармасының ­бұй­­рығы негізін­де ғимарат Тараз қаласының бі­лім бөлімінің теңгеріміне өтеусіз өтіп кеткен. Осы жерде ауқымды іс-шаралар­ды өткі­зуге жауапты мекеменің қажетті ғи­маратын облыс әкімдігінің мәдениет бас­қармасы басшылығы еш қарсы дә­лел­ді уәж айтпастан бере салғаны түсініксіз», дейді депутат.

Облыстық мәслихат депутаты келтір­ген деректерге жүгінсек, салада ілкімді іс-шаралар жүзеге асып жатқанына қара­мастан, кө­кей­кесті мәселелердің аз емес­тігін де аңғара түсеміз...

 

Салынған нысандарда сапа жоқ

Басқаны былай қойғанда мә­дениет саласына мемлекет тарапынан да, жергілікті атқарушы билік тарапынан да айрықша қолдау көрсетіліп жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Жыл өткен сайын өңірдің елді мекендерінде ондаған мәдени нысандар бой көтеріп жатыр. Алайда жаңадан салын­ған нысандардың сапасы көңіл көншіте ме?

«Жаңадан салынып жатқан мә­дениет нысандарының сапасының нашарлы­ғы, аталған нысандарда кемшіліктің көп­тігі байқа­лып отыр. Оның негізгі себебі тех­никалық қадағалаушылардың құры­лыс нысандарында жоқтығы десе де болады. Осы себепті құры­лыс сапасына бай­ла­нысты туын­даған көптеген сұраққа жауап алу мүмкін болмады.

Мысалы, Қордай ауданы Бет­қайнар ауыл­дық клубының құры­лы­сымен танысу бары­сында қауіп­сіздік шаралары мүл­дем сақ­тал­­мағандығын көрдік. Жұмыс жү­ріп жатқан ғимарат ішінде әр жер­де жерге тақтай төсеп ұйық­тап жатқан жұмысшылардан бөлек, жылу жүйесі құбыр­лары мен электр сымдары бірге ора­лып, қа­быр­ғалар арасына бетонда­лып тас­талған. Осы сияқты кемшіліктер Қақ­патас ауылындағы мәдениет үйінің құрылысында да анықталды.

Көрермен залында апатты жағ­дайға арналған қосымша есік жоқ­тығынан бө­лек, қабырғалардың қиылысқан жерлері ашылып кетіп, ол жерлерге пеноплекс тығындап қойылған. Осы ретте облыс әкім­дігінің мемлекеттік сәулет-құры­лыс бақылау басқармасы қайда қарап отыр­ғаны түсініксіз.

Осы іспетті бөлек арнайы мә­де­ниет үйі немесе ауылдық клуб ретінде салынған нысандарға кітапха­наларды апарып орналас­тыру нәтижесінде мәдениет үйі қызметкерлері ғимаратқа кіре бе­рістегі киім ілетін орынға орналасу деректері бірнеше ауданда кездесіп, оның ішінде Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы мәдениет үйінің кіреберіс гардеробында отырған 3 маман туралы облыстық мәс­лихаттың депутаттары фейсбук желісінде пост та жариялаған еді.

Бұл мәдениет нысандарын бастапқы­да жобалау бары­сын­­да кітапханаларға мән беріл­мей­тінінің айқын көрінісі. Осы се­­бепті алдағы уақытта салынатын мә­­дениет нысандарының жо­ба­сын облыс­т­ық мәдениет басқар­ма­сының мамандарымен келісе отырып жасау қажет деп есеп­тейміз», дейді депутат.

Мәдениет үйі дегеннен шығады. Бүгін­де Жуалы ауданына қарасты Ақсай ауыл­дық округіндегі Қай­рат ауылындағы мәде­ниет үйінің құрылысы Манастың «ырындай» созылғанын айтып жүргендер аз емес. Тіпті жергілікті басылымдар 8 айда құ­­ры­лысы аяқталуға тиіс ғимараттың 15 ай­­ өтсе­ де жартысы да бітпегенін жазып жатыр.

Қайраттағы мәдени нысан­­ның ел игілі­гіне берілуіне жаңадан сайланған аудан әкімі Жалғас Мұр­таза жауап бере ме, әлде облыс әкім­дігі мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасы жауапты ма? Әлде құрылысқа жауапты басқа мекемелердің құ­зырындағы іс пе? Әрине, мердігер компания­ны жауаптылар сотқа берер, басқа да шаралар қабылдай жатар. Алайда жауапсыз ұйыммен жұмыс істегендер жауапқа тартыла ма? Кім білсін...

 

Үкілеген үміт ақталмады

Қа­зақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойы қарсаңында бой көтерген «Көне Тараз» музе­йі­нің халі мүшкіл екені БАҚ бет­терінде талай рет жарияланғаны бел­­­гілі. Өңір тарихын танытуға тиіс ғима­рат­қа қыруар қаражат қа­рас­тырылса да, елдің үміті ақтал­мады.

«Көне Тараз» музейінің құ­ры­лысын салуға жалпы құны 950, 2 млн теңгеге 2015 жылы ке­лісім­шарт жасалған. Өкінішке қа­рай, көне мұралар мен жәдігер­лер­дің музейі болады деген үміт ақ­талмады. Қазір­гі уақытта ғи­мараттың шатырынан су өтіп, жер­төлесі жарамсыз күйге түс­кен. Зерделеу барысында ғимараттың сырт­қы қабырғаларының гипсокартонмен қапталып, ортасына жылу материалдары салынғаны анықталды.

Тараз қаласының көне келбе­тіне кө­­рік беретін, елді танытудағы мәні ерек­­ше мәдени ғимараттың тағ­дыры аяныш­­ты халде. Деген­мен қазіргі уақыт­­та сол сапасыз са­лынған нысанды қабыл­дап алған бас­шыларға қандай шаралар қол­да­ныл­ды? Сонда қоғамда орынды ре­ніш туғызғуға себепкер болған, мем­­лекет қар­жысын құмға сіңген су­­дай жоқ қылғандар анықталмай ма?

Біз медицина саласында аудан­дарда бір медициналық құрал пай­даланылмай тұр­са соған шара қолданамыз. Ал мұнда үл­кен ғи­марат 7 жылдан бері пайдаланусыз тұр. Ғимаратты қалпына кел­тіру құны шама­мен 320 млн теңгені құрайды. Дегенмен нақ­ты сметалық құны сараптама қорытын­дысы алынғаннан кейін бел­гілі болады. Сон­да осы нысанға бас аяғы 1 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалатын болады», дейді облыстық мәслихат депутаты.

Расында да өңір тарихын танытады деген мақсатта салынған музейдің аяныш­ты күйі кімді де болса ойландырса керек. Мә­се­ле қай саладағы қаражатқа са­лын­­ғанында емес, сол бөлінген қар­жының сұрауы болуға тиіс емес пе? Әлде 8 жыл бұрын бой көтер­ген ғимаратқа қатысты кемшілік жабулы күйінде қала бере ме?

 

«Екеуміз таласып бір сахнаға...»

Облыс орталығы Тараз қала­сында бір ғана театр ғимараты бар. Өңір­дегі театрға қатысты әң­гіме қозғала қалса, хитмен жігіт­тер Қайрат Нұртас пен Сы­рым Исабаев орындаған «Қос жүрек» әні ойға орала кететіні бар. Сол әндегі «Екеуміз қалап бір гүлді, бұйырады айтшы кімге?» деген тармақты қазақ және орыс театрының қызметкерлері: «Еке­уміз таласып бір сахнаға, бұйы­рады айтшы кімге?» деп шырқап жүрген шығар деген ойға батасың. Өйткені екі театр Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасын бөлісіп жүр...

Өңір театрларына бөлек ғи­ма­рат қажет екені талай рет айтылса да, бір шешімін таппай-ақ қойды. Осындайда құдайы көр­шімізге көз тігетініміз бар. Мәсе­лен, Шымкентте кемі 7-8 театр бар ғой... Ал біз екі театрымызды жа­рылқай алмай отырмыз...

«Драма театрға көрермен тар­ту – бүгінгі күннің өзекті мәсе­ле­лерінің бірі. Себебі қазіргі кө­рер­меннің талғамы жоғары, оларды арзан, дүмбілез дүниемен ал­дай алмайсыз. Ендігі мақсат – қа­лай болғанда да театр өнеріне қызы­ғушылығы бар көрерменді тарту. Ал енді А.Тоқпанов атындағы об­лыстық қазақ драма театры үшін аса қажетті білікті кәсіби режиссер, театртанушы мен театр сыншылары сияқты мамандардың тапшылығы және арнайы өнер академиясын бітірген кәсіби жас әртістердің өңірлік жерлерге кел­мейтіні өзекті мәселеге айналып отыр. Осы себепті бүгінде театрдың режиссері қызметін актриса атқарып отыр.

Театр мамандарының тапшы­лығы­ның орын алуының бас­ты себебі – Тараз қала­сында жас ма­мандардың әлеуметтік мәселе­ле­рін жақсарту мәселесі шешімін тап­пай отырғандығында. Осы себепті ­театр қызметкерлерінің жа­лақысын кө­теру, жас әртістер­дің ай сайынғы пәтер ақы­ла­рын бюджет есебінен төлеуге мүм­кін­дік жасау және олардың арнайы жеңіл­детілген бағдарлама бойын­ша пәтер алуларына ықпал ету мә­селесі шешімін табуы қажет.

Әр елдің мәдениеті – рухани айнасы. Өздеріңізге белгілі, елі­мізде Тәуелсіздік алған 30 жыл ішін­де Батыс Қазақстан, Түр­кіс­тан, Қарағанды, Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Шым­кент қаласында жаңа театр­ ғимараттары салынды. Ендігі кезекте Тараз қаласында да заманауи театр ғимаратын салу уақыт талабы болып отыр.

Себебі біздің өңірде 1967 жы­лы пай­да­лануға берілгеннен бері қазақ және орыс театры ұжымдары бір ғимаратта 56 жыл бірге жұмыс істеп келеді. Екі театр­дың бір ғи­маратта отырып ең­бек етуі бірін­шіден, екі ұжымның да шы­ғар­ма­шылық жұмыстарының сандық және сапа­лық көрсеткіштерінің дамып, жақса­руына кері әсерін тигізеді. Өйткені жоспарланған қо­йылымдар мен мәдени іс-шаралар өткізу үшін театр сахнасы мен көрер­мендер залын қазақ және орыс драма театрлары бір-бір аптадан кезекпен пайдаланып отыр», дейді Фарида Жүнісова.

Тараз – тарихпен тамырлас шаһар. Өңір мәдениетінде атқа­рыл­­ған жұмыс аз емес. Әйтсе де кет­кен кемшіліктің де жоқ емес­тігі айқын аңғарылып тұрған се­кіл­ді. Мәдениет саласында кадр тапшылығы орын алып отырға­ны­на ешкімнің күмәні жоқ. Мәселен, об­лыстық мәслихат депутаты кел­тірген дерекке жүгінсек, кейбір ауыл­дық кітапханалар мен клубтар­да маман тапшылығына бай­ланысты экономист, менеджер, есеп­ші және аудитор мамандары еңбек етіп жатыр екен.

Депутаттың айтуынша, 2011 жылы Тараз мемлекеттік педаго­гикалық инсти­тутының жанынан «Мәдениет және өнер колледжі» ашылған. Алайда Қазақстан Республикасының «Мем­лекеттік мүлік ­туралы» заңына енгі­зілген өзгерістерге байланысты 2013 жы­лы ашылған оқу ­орны жабы­лып, бар­лық студент Абай атын­дағы Жам­был гуманитарлық кол­леджіне ­ауыс­тырылған. Осы­ған ұқсас 2019 жы­лы облыс орта­лығында «Музыка» мектеп-ин­тер­натын ашу бойынша екі бас­қар­­маға (білім мен мәдениет) об­лыс басшылығы тарапынан нақ­ты тапсырма берілгені­мен, мәселе шешімін таппапты. Бұл мәселені өңірдің жаңа басшысы өзі қадағалама­са, өткір мәселенің шешімін табуы қиын секілді.

Тілші түйіні: Мәдениет саласын өркендетуге талай әкім­дер мен жауапты басшылар мүдделі бол­са да, саладағы бірқатар проблема әлі күнге шешімін табар емес. Мәслихат сес­сия­сында көтерілген мәнді мәселелер ал­дағы уақытта ретімен шешілсе деген тілек көкейде тұр. Әсіресе өңірдегі екі театр­ды еншісін бөліп бөлек шығарса, өнер­сүйер қауым дән риза болар еді. Жер­гілікті билік мәдениет саласындағы қор­да­­ланған мәселеге назар аударатын кез келді... 

 

Жамбыл облысы