• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 15 Қараша, 2023

Алматыда жаңа теміржол құрылысы басталды

262 рет
көрсетілді

Алматы облысында Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бағытында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобаның құрылысына 1 400 адам қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 23 млн тоннадан артып, тарихи максимум­нан асты. 2023 жылдың басынан бері аталған көрсеткіш тағы 22%-ға өсті. Мұндай жағ­дайда негізгі халықаралық бағыт­тардың қиылысында орналасқан Алматы темір­жол торабына жүктеме артып отыр. Осы ретте жаңа жобаны іс­ке асыру Алматы стансасын айналып өтетін «Жетіген – Қазыбек бек» жаңа теміржолы­на жүк ағынын қайта бағыттау­ға мүм­кіндік береді. Жалпы, бұл желі Алматы торабындағы жүктемені 40%-ға азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады.

Теміржол желісі құрылысын бастау рәсіміне қатысқан Премьер-министр Әлихан Смайылов «Алтынкөл-Қорғас» шека­ралық өткеліндегі теміржол бағы­тын­да кейінгі жылдары өсім қарқын алғанын атап өтті.

«Аталған транзиттік дәлізде Алма­ты теміржол торабы Шу, Ақтоғай, Алтынкөл, Алматы-2 бағыттары бо­йынша пойыздар қозғалысын қамтама­сыз етеді. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есеге қысқартады»,  деді Премьер-министр.

Ол сондай-ақ жобаны жүзеге асыру барысында отандық өнім үлесі кемінде 85% болатынын айтты. Құрылыс кезінде 1 400 адам жұмыспен қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Шпал, рельстер мен трансформаторлар шығаруды, инертті материалдар, құм және қиыршық тастарды жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады», деді Әлихан Смайылов.

Жалпы құрылыс барысында 130 шақырым теміржол төселеді, 3 станса, 13 көпір, 5 теміржол және 1 автокөлік өткелі салынады.

Ресми іс-шарада құрметті теміржол­шы, еңбек ардагері Қалтай Сәмбетов сөз сөйледі.

«Жетіген – Қазыбек бек» бекеттері­нің арасында теміржолшылар көптен күт­кен жол құрылысы басталды. Бұл жол­дың маңызы зор, өйткені ол ел эко­но­ми­касының дамуына, өсіп-өркен­деуі­не ықпал етеді. Аталған теміржол бағы­ты Қазақстан мен Қытай, Орталық Азия мен Ресей арасындағы транзиттік мүм­кіндіктерді едәуір арттырады», деді ол.

Отандық өнімнің үздіксіз экспортталуын қамтамасыз ету және жүк транзитін арттыру мақсатында елімізде теміржол инфрақұрылымын дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатқанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, өткізу қабілетін арттыру үшін «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолдар салынып жатыр. Жақын арада Қытаймен үшінші халықаралық түйісу нүктесіне шығатын «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» теміржол желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

«Бүгін біз Алматы торабын айналып өтетін теміржол желісінің құрылы­сын бастаймыз. Ол Орталық Азияға, Еуро­паға және Каспий теңізі порттарына бағытталған транзиттік жүктердің өтуін жылдамдатады. Бұл желі соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан Алматы торабын жеңілдету үшін өте қажет. Әсіресе, Алматының маңы, өнеркәсіп дамып келеді. Өткізу қабілетін қажет ететін көлік-логистикалық орталықтар да салынып жатыр», деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.

Оның айтуынша, бүгін Алматы торабына келетін жүк 1,5-2 тәулікке кешігіп жатыр. Алайда жаңа теміржол желісінің арқасында тораптың жұмысы айтарлықтай жақсарады.

«Менің ойымша, мұнда қызмет көрсетілетін барлық жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар мұны бірден сезінеді. Бұл жұмыс Президенттің еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін дамытуға қатысты тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізіліп отыр. Бүгінде республикада жүктерді жедел өткізу үшін шын мәнінде қолайлы жағдайлар жасала бастады», деді ол.