Алаш арысы, кейінгі жастарға зор сенім артқан Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өзге этнос өкілдері арасында «Мағжан оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Алдаспан ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында қолға алынған іс-шараға 35 жасқа дейінгі жастар қатысты.
Түрі басқа болғанымен, тілегі бір өзге этнос өкілдерінің Мағжан шығармаларына асқан жауапкершілікпен қарағаны көңіл қуантты. Қазаққа ғана тән дыбыстарды таза айтқан 25 қатысушының барлығы Мағжан поэзиясымен тереңнен сусындағаны айқын аңғарылып тұрды.
Мағжан мұрасын өзге этнос жастары арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында қатысушылар Алаш арысының оннан аса өлеңін мәнерлеп оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Байқау қорытындысында ерекше мәнерімен көзге түскен Анель Айдаралиева 1-орынға ие болса, Нармина Кая-оғлы мен Хамза Афлатунов 2-орынды бөлісті. Данил Поличук, Севилья Ибрагимова үздік үштікті түйіндеді.
«Қазақ әдебиетінің мәңгі сөнбес жұлдыздарының шығармаларын жастар жаттап өсуі керек. Сонда ғана олардың бойында елге деген құрмет арта түседі. Мағжан ақынның мұрасы қай кезде де өзінің құндылығын жоймайды. Сол үшін де өзге этнос өкілдері арасында осындай байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. Алдағы уақытта да Алаш арыстарының шығармашылығын кейінгі толқын арасында насихаттау жұмыстарын жалғастыра береміз», дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Жамбыл облысы