• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Олимпиада 15 Қараша, 2023

Панамадан жеткен жеңіс

139 рет
көрсетілді

Панамада World Robot Olympiad өтті. Ел тарихында тұңғыш рет отандық үш команда WRO тұғырына көтеріліп, қоржын екі күміс, төрт қоламен толықты.

World Robot Olympiad – бүкіл әлем бойынша роботтехника мен STEM білім беру жүйесін дамытатын жаһандық олимпиада. Дүниежүзілік додаға Қазақстан командасы биыл бесінші рет қатысып отыр. Ел құрамасы WRO ел чемпионатының қорытындысы бо­йынша жасақталған. Елор­дадағы «Robotek» мектебінің оқу­шылары Әмір Қарабаев пен Аңсар Сауырбаев «Future Engineers» категориясы бойынша WRO-2023 күміс жүлдесін қан­жығаларына байлады. Сондай-ақ Вагиз Дисембаев пен Жан­арыс Қапаров ел қоржынын қоламен толықтырды. Қызылорда қала­сындағы Назарбаев зияткерлік мек­тебінің оқушылары Максим Усольцев пен Дінмұхамед Әбдиев «Robomission» категория­сы бо­йын­ша үшінші орын алды.

«Бұл менің осындай халық­аралық жарысқа екінші келуім. Осыған дейін Дортмундта болған сайысқа қатысқанмын. Шынымды айтсам, биыл өзімді еркін әрі сенімді ұстадым. Жарыстың бі­рінші күні-ақ жақсы нәтиже көрсеттім. Жалпы, роботтехникада ең бастысы логика мықты болуы керек», дейді  жеңімпаз Жанарыс Қапаров.

Панамада өткен жылдың бас­ты жарысында 81 ел бақ сынады. Қатысушыларды қолдауға өткен жылы Дортмундта WRO эс­тафетасын қабылдаған Па­на­маның бірінші ханымы Язмин Колон Картизо келді. Қазақстан жасаған стендте Язмин Колон Картизо біздің жігіттерге сәттілік тілеген де болатын. Дүниежүзілік ро­боттехника олимпиадасының ж­а­һандық күн тәртібі адам мен робот ынтымақтастығын та­быс­­ты және қауіпсіз ету мәсе­ле­сіне арналған. WRO-ның не­гізгі тақырыптары дәстүрлі түр­де БҰҰ-ның тұрақты даму мақ­саттарымен байланысты. 2023 жылға арналған тақырып әлем ел­деріне ортақ – «Connecting the World», «Әлемді байланыстырамыз». Командалар цифрлық индус­трия үшін инфрақұрылым мен логистиканы жасайтын роботтармен жұмыс істеді.

«Әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың талабы биік, ынтасы жоғары. Ел мойындаған зерек балалар жарысқа бар күш-жігерін салып келді. Бір мақ­сат жолында, жеңіс үшін келген ба­лалардың талабы көңіл көншітеді», дейді Қазақстан құра­масының бапкері Мирас Мұратханов.

Үш күн бойы World Robot Olympiad әлемдік фина­лын­да отан­дық құлтемір құрастыру­шылар бірегей шығармашылық, инженерлік шешімдер мен же­ңіске деген сенімділігімен көз­ге түсті. Жалпы есеп­те Қазақстан құрамасы Ма­лайзия құрамасына ғана есе жіберіп, екінші орынға көтерілді. Айта кетейік, Қазақстан туының бай­рақты бәсекеде үш рет жел­біреуі цифрландыру және ақпа­раттық технологиялар күніне сәй­кес келген болатын.

Панамада өткен Бүкіләлемдік роботтехника олимпиадасы ая­сында елордалық «Robotek» ком­­паниясы Америка Құрама Штат­тары, Қытай мен Әзербай­жан­ның танымал роботтехника мектептері, клубтары­мен ынтымақтастық туралы ме­мо­рандумдарға қол қойды. «Ал­дағы уақытта Қазақстанмен бір­лесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Себебі қазақ оқушылары өте та­лантты. Бүгінгі жарыста бізді тән­ті етті», деді ұйымдастырушы Уйльям Уонг.

World Robot Olympiad бас хат­шысы Клаус Кристенсен «Ro­botek» мектебінің елдегі WRO, STEM білім беру және робот­техниканың жаһандық миссиясын ілгерілету бойынша ауқымды жобаларын жоғары бағалады. Клаус Кристенсен информатика мұ­ғалімдері мен мектеп оқушы­ларын оқытуға және робот­тех­никаға қызығушылықты арт­тыруға арналған танымал «Ozyq Urpaq» жобасын ерекше атап өтті.

Роботтехника – зияткерлік автоматтандырылған техникалық жүйелерді әзірлейтін, оны өн­діріске енгізетін қолданбалы ғылым. Бұл ғылымды дамыту елді цифрландыруды жеделдетеді.