Батыс Қазақстан облысында биыл 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жол қатынасы жөнінен еліміз бойынша ең төменгі орын алатын өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен көлік-логистика саласын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асып жатыр. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Қолға алынған нақты істер
«Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Жыл басынан бері өткен 9 ай ішінде облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсім бар. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 20,5%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 42%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5%-ға, негізгі капиталға инвестициялар – 23%-ға, ішкі сауда көлемі – 19,2%-ға, көлік қызметтерінің көлемі – 8,3%-ға өсті», деп бастады баяндамасын өңір басшысы. Әрине, бұл сандардың астарында мыңдаған адамның еңбегі жатқаны анық.
Қазіргі халықаралық жағдайларға байланысты Мемлекет басшысы алға қойып отырған ең басты міндеттің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу.
«Сондықтан өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алуымыз қажет», деді Н.Төреғалиев.
Еліміздің қорғаныс саласына Орал қаласындағы зауыттар үлкен үлес қосып келеді. 2023 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша оралдық кәсіпорындар жалпы құны 38 млрд теңге болатын 35 шарт жасаған.
«Біз өңір экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асырамыз», дейді облыс әкімі.
Ауыл және шағын кәсіп
Өңірдің оң жамбасына келетін саланың бірі – ауыл шаруашылығы. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінген еді. Қазір 714 өтініш бойынша 4,9 млрд теңге несие өз иесін тапты. «Жыл соңына дейін қаржыны толықтай игереміз», дейді әкім.
Қазір азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселе өте өткір тұр. Батыс Қазақстан облысы биыл 91 мың тонна картоп-көкөніс өнімін жинап алды. Қазір олар 32 қоймада сақтауға қойылды. Әкімнің айтуынша, өңір тұрғындарының қажетін толық қамту үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынбақ.
Өңірде етті мал шаруашылығы да жақсы дамыған.
«Облыс халыққа ең қажетті 19 түрлі азық-түлік тауарының 7 түрі бойынша өзін толық қамтамасыз етеді, 8 түр бойынша 75%-ға дейін қамтып отырмыз. Ал әлеуметтік маңызы бар қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз секілді өнімдер облыста өндірілмейді», деді өңір басшысы.
Әрине, ауыл шаруашылығын дамыту бірнеше факторға тәуелді. Соның бірі – су мәселесі. Су ресурстарын тиімді пайдалану, табиғатқа зиян келтірмей, шаруашылыққа тиімді жүйе қалыптастыру – өңір басшысы ерекше назар аударып отырған сала. Кейінгі жылдары облыста ұзындығы 185 шақырым болатын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Бүгінде ұзындығы 66 шақырым «Ащы – Азнабайс – Тайпақ» каналын жөндеу жұмысы аяқталған.
«Бұл жобалар Жайық өзенінің сол жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді», дейді әкім.
Жолдар, жолдар...
Әңгімені жол тақырыбынан бастап едік. Өйткені қысы-жазы жол азабын жиі көретін батысқазақстандықтардың бас ауруы осы. Мемлекет басшысы өз Жолдауында автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі өз шешімін табуға және жұмыстар уақтылы әрі сапалы жасалуға тиіс деген болатын.
Міне, Президент тапсырмасы аясында биыл өңірде 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделіп жатыр. Мұның 148 шақырымы – республикалық жолдар, 336 шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, ал 133 шақырымы – көше желілері.
«Қазіргі таңда 513 шақырым жол жөнделді. Жыл соңында жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 52%-ға жеткіземіз», дейді облыс әкімі. Күні кеше ғана асфальтты жолдың үлесі 30 пайызға да жетпеген өңір үшін бұл – өте үлкен секіріс.
Ал келер жыл бұдан да қызу болады! 2024 жылы жол құрылысына 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сөйтіп, түрлі деңгейдегі 800 шақырым жол қайта салынбақ. Бұл – 139 жоба!
«Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жолдың 104 шақырымын биыл аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыс жүріп жатыр», деді Нариман Төреғалиев.
Әлеуметтің әлеуеті қандай?
«Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба аясында 25 мың адам әртүрлі жұмысқа тартылды. Одан бөлек, 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыс орындарының басым көпшілігі (80%) ауылдық жерде», дейді әкім.
Сондай-ақ биыл 25 мың отбасыға 2 млрд-тан астам теңгенің әртүрлі әлеуметтік көмегі көрсетілген. Соның нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны 3 117-ден 2 240 отбасыға азайған.
Орал қаласында 7,5 млрд теңгеге 150 орындық әлеуметтік оңалту орталығы салынып жатыр. Бұл мүгедек адамдарға арналған заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес мекеме болмақ.
Білім беру саласында да жаңалық көп. Қазіргі таңда өңірде 27 мектеп салынып жатыр. Оның 12-сі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында өңірде 12 медициналық нысан құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұлардың бәрі де жыл соңына дейін халық игілігіне тапсырылады. Ал 2024 жылы осындай 38 медициналық нысан салынады.
«Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2023-2024 жылдары 4,6 млрд теңгеге 476 пәтер сатып алуды көздеп отырмыз», дейді әкім.
Облыстың 47 ауылдық елді мекенін ауыз сумен қамтуға 6,3 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде бұл жоспардың жартысынан астамы жүзеге асты. Жыл соңына дейін өзге жобалар да аяқталып, 33 мың халық сапалы суға қол жеткізеді. Соның нәтижесінде, жыл соңына дейін ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 94%-ды құрайтын болады.
P.S. Нариман Төреғалиұлы өңірде атқарылып жатқан өзге де істер туралы айтып, журналистердің сауалдарына жауап қайтарды. Мысалы, өңір үшін өте өзекті болған киік санын реттеу бойынша да түрлі пікір тарап жүргені рас. Газет тілшісі арнайы сапарға шығып, бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп қайтты. Ол мақаланы таяудағы сандарымыздың бірінен оқисыздар.
Батыс Қазақстан облысы