Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумына қатысты. Ауқымды іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 58 млрд теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттарға қол қойды.
Шетел инвесторларының және республиканың барлық өңірінен 2 мыңнан астам делегаттың қатысуымен өтіп жатқан форумда ел экономикасы нақты секторының қажеттіліктері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді локализациялауды кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануды, көмір өнеркәсібін, көлік және энергетика салаларын одан әрі дамыту мәселелері талқыланып жатыр.
Форумның пленарлық отырысы басталар алдында Үкімет басшысы «Өндірісті локализациялау бойынша отандық тауар өндірушілердің болашағы мен мүмкіндіктері» атты цифрлық көрмемен танысты. Көрмеде отандық машина жасау, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үздік үлгілері, құрылыс материалдары, химия индустриясы тауарлары, инженерлік коммуникациялар саласындағы озық шешімдер және т.б. ұсынылды. Көрмеде өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларында жұмыс істейтін барлығы 100-ден астам компания таныстырылды.
Премьер-министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде ел экономикасы кейінгі жылдарда сыртқы жағдайларға бейімделгенін және тұрақты өсу жолына түскенін баса айтты. Атап айтқанда, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады.
«Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары арқасында инфляция 10,8%-ға дейін, яғни 2 есеге баяулады. Алдымызда әрі қарай инфляцияны төмендету міндеті тұр. Тиісті шаралар кешені аясында отандық өндіріс көлемін ұлғайту – негізгі бағыттардың бірі», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау – Үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Сондықтан бизнестің мәселелері Үкіметте «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді.
«Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36,4%-ға дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ға өсіп, 4,3 млн адамды құрады», деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар республикада бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылданып келеді. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда. Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқарады.
«Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалады. Бұл, сонымен бірге, тексерулер санын 2 есеге қысқартады», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді әрі қарай дамыту үшін оны цифрландыру жұмыстары жалғасады. Шағын және орта бизнесті салықтық ынталандыру шеңберінде биылдан бастап 4% мөлшерлеме бойынша бөлшек салық режімі енгізілді. Бұл ретте микро және шағын бизнес үшін енбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем бекітілді, және оның жүктемесі 20%-ға төмендетілді.
Бұдан басқа, ірі бизнес жаңа өндіру жобаларына инвестицияларды салуды ынталандыру үшін 5 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады.
«2025 жылдан бастап жаңа Салық кодексі іске қосылады. Онда барлық өңдеуші секторларының жаңа жобалары 3 жыл мерзімге салықтардан босатылады», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов бизнесті қаржыландыру мәселесі өте маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы тұрғыда даму институттарының рөлі ерекше.
Мәселен, «Бәйтерек» холдингі жыл басынан бері бизнеске 2,2 трлн теңгенің көлемінде қаржылық қолдау көрсетті. Соның ішінде, Қазақстан Даму банкі арқылы 314 млрд теңге бөлінді. Өнеркәсіпті дамыту қоры жалпы құны 195 млрд теңгеден асатын жобаларды қаржыландырды. Қосымша 300 млрд теңгенің жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. «Даму» қоры арқылы 115 млрд теңгеге тікелей несиелер берілді. Бұл ретте бөлінген субсидиялар мен кепілдіктер есебінен банктер бизнеске 930 млрд теңге несие берді.
«Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде қазақстандық қамтуды 60%-ға дейін жеткізу бойынша нақты міндет қойды. Ол үшін қажетті әлеует пен ресурстар бар. Бұл, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендетуді талап етеді», деді Әлихан Смайылов.
Мысал ретінде Үкімет басшысы мұнай-газ саласын келтірді, онда сатып алулардың ең үлкен үлесі 3 ірі консорциумға тиесілі. Бұл – бүкіл энергетика саласындағы сатып алулардың – 75%-ы.
«Жыл басынан бері сатып алулардың көлемі 3,5 трлн теңгені құрады, оның 1,9 трлн теңгесі – жергілікті қамту үлесіне беріліп отыр. Оның небәрі 9%-ы ғана тауарларға тиесілі», деді Премьер-министр.
Басқа салаларға тоқтала отырып, Үкімет басшысы тау-кен секторында сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі – 15%, машина жасауда – 13,5%, фармацевтикада 20%-ды құрайтынын атап өтті.
«Сондықтан «Атамекен» ұлттық палатасының қатысуымен өндірушілер мен ірі кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстар орнату бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру маңызды деп санаймыз. Бұл біздің ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Үкімет республиканың барлық өңірінің орта бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін айтты. Оларға жергілікті өндірісті ұйымдастыруға перспективалары жоғары өнеркәсіптік бағыттар ұсынылды.
«Ол үшін инвестициялық заңнамада мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Бизнес өкілдерін өндірістерді локализациялау үшін белсенді жұмыс істеуге шақырамыз», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының сөзінше, ірі кәсіпорындар өздерінің жергілікті қамтуды дамыту бағдарламаларын қабылдауға тиіс. Оның ішінде ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу негізгі құрал болуы керек.
Бизнес тарапынан бірқатар ұсыныс айтылғанын, олардың көбі Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бірлескен жұмысының арқасында іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бұл отандық өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылармен және басқа да ірі компаниялармен жасаған оффтейк-келісімшарттарын несиелер мен инвестициялар тарту үшін кепіл ретінде тануға қатысты.
«Біз бұл мәселені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге пысықтадық. Квазимемлекеттік және BB- халықаралық рейтингі бар компаниялармен, сондай-ақ ірі жүйе құраушы кәсіпорындармен жасалған оффтейк-келісімшарттар несие үшін сенімді кепіл бола алады деген тиісті нормативтік шешім қабылданды. Мұның қалай болатынын көреміз. Әрі қарай осындай кепілдерді қолдану өрісін кеңейтеміз», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан толығымен алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұл шешімнің қашан және қалай күшіне енетіні туралы ақпарат кейінірек БАҚ арқылы таратылатын болады.
Оған қоса Премьер-министр отандық өндірушінің мәртебесін растайтын CT-KZ және индустриялық сертификаттардың күшін жою жөніндегі жұмыс туралы айтты.
«Біз «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық өнім өндірушілердің бірыңғай тізілімі болады деген шешім қабылдадық. Ешқандай сертификат алудың қажеті болмайды. Өндірушілер мен олар шығаратын тауарлар туралы мәліметтер осы тізілімде онлайн түрде қолжетімді. Кез келген уақытта барлық мүдделі тұлға оған кіріп, қажетті ақпаратты ала алады. Осылайша, біз осы сертификаттарды беру тәжірибесін тоқтатамыз. Ақпарат барлық пайдаланушы үшін онлайн түрде тегін әрі қолжетімді», деді Әлихан Смайылов.
Бизнестің барлық сындарлы ұсынысы форум қорытындысы бойынша жинақталып, Үкіметтің одан арғы жұмысында пайдалану үшін жүйелендірілетінін де атап өтті.
«Барлық қатысушыны өз ұсыныстарын айтуға шақырамын. Сіздермен бірге экономиканы, елімізді алға жылжыту үшін дұрыс шешімдер қабылдауға дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы кадрлық қамтамасыз етуді күшейту мәселелеріне де тоқталып өтті.
«Біз шетелдік мамандарды алмастыратын өз кадрларымызды оқытуымыз қажет. Бұл тұрғыда ірі кәсіпорындарымыз оқу орындарына қамқорлық жасап, содан кейін түлектерді жұмысқа алуы керек», деді.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов отандық қамтуды дамыту ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
«Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Үкімет өз тарапынан, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеруге дайын», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар форум аясында отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған келісімшарттарға қол қою рәсімі өтті. «ERG», «Қазақмыс», «Қазмырыш», «KAZ Minerals» компаниялары сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен оттандық өндірушілер арасында жалпы құны 58 млрд теңге болатын оффтейк-келісімшарттар, ұзақмерзімді шарттар мен меморандумдар жасалды.