• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

АСТАНАНЫҢ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ ДОКТРИНАСЫ

5273 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің Аста­на­мыз қай жағынан қарағанда да кісі қы­зы­ғар­лықтай, Шығыстың да, Батыстың да ай­шық­тарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді. 

Қазақстанның жаһандық брен­діне айналған Астананың Шығыс пен Батыс сәулет өнер­лерінің жауһарларын үрдей үйлестірген сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті төрткүл дү­ние­ні жылдан-жылға тамсандырудан бір танбай келеді. Астананың ақыл­гөй авторы, заманауи ре­фор­матор Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің беделін баламасыз бас қа­ласымен барша әлемге паш етіп, Алаш айбынын асқақтатуды аң­саған ата-баба аманатын ұлық­тауды армандаған еді. Арман ақиқатқа айналды. Қазақ ұл­ты­ның ұлы тұғыры, Алаш жұр­ты­ның мәңгі айбары – ару Астана ет жүрегі елім деп соққан Елба­сының, Арқа төсіндегі ғасыр ға­жа­йыбы авторының ақыл-ойы, мақ­сат-мүддесі, арман-қиялының қыш болып қашалып, тастай құ­йылып, болашаққа мұра қылған бел­гісіндей күннен-күнге биіктеп барады.

Елорда – Елбасының төл пер­зенті. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың алғашқы қазығы қағылған күннен бастап, қаланың әрбір ғимаратын, әрбір құрылыс алаңын жүрегінің жылуымен аялап, бас жоспарынан бастап, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды. Болашақ бас қаланың бас жоспарын жа­сау­ға тұңғыш халықаралық бай­қау жариялатып, әлемдік сәулет өнерінің сұңғылалары жіберген жүздеген жобаларды сара­птаудан өткізді. Сол бір сындарлы сәт­тер­ді Мемлекет басшысы өзінің “Еу­разия жүрегінде” атты кіта­бында былай деп еске алады: “Конкурсқа айтулы сәулет дер­жа­ва­ларынан және бұл тұрғыда әлем­ге жайылған атақтары бар: Жа­пония, АҚШ, Австралия, Ита­лия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәк­стан, Польша, Чехия, Ук­р­аи­на, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына то­лық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топ­тамасының ішінен халық­аралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қа­зылар алқасының қарауына ірік­телді. Сөйтіп, конкурс қоры­тын­ды­сы бойынша, Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жос­пары ретінде заманымыздың аса көр­некті сәулетшілердің бірі – ж­а­пон концептуалисі Кисе Курокаваның (шын аты Нориаки деп біршама басқаша аталады) жобасы қабылданды”.

Иә, әлемдік сәулет өнері та­рихында өзіндік қайталанбас та­лантымен танылған, Амстердам қала­сындағы Ван Гог мұра­жайы, Куала-Лумпурдың ха­лық­аралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Бол­га­рия­дағы “Витоша” қонақүйі, “Сони” корпорациясының мұ­на­расы сияқты жобалардың ав­то­ры, атақты жапон архитекторы Кисе Курокава Астана бас жос­па­рының атасы атанды. Ку­ро­ка­ва­ның бас жобасы бойынша жү­зеге асырыла бастаған Ас­та­на­ның архитектуралық ансамблі бү­гінгі заманның өскелең дизайні мен Азияның сәулет ко­лоритінің бірегей үндестігін құрайды.

Доктор Курокава Астананы дамытудың бас жоспарының негізіне жаңа философиялық көзқарасты тұғыр еткен. Оның тұжырымдауынша “ХХ ғасыр Ме­ханикалық Принциптер үстем­дік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр Өмір Принциптеріне көшетін дәуір бо­­лады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы “симбиоз” атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс”. Ақиқатында қала құрылысының бұл жаңа идеологиясы жаңа ғасырдағы қалалар тұрғызудың шешуші бағытына айналуы мүмкін. К.Курокава идеясының мәні, қала құрылысы мен табиғи эко­логиялық жүйенің үйле­сім­дікпен дамуы болып табылады.

Қала құрылысы док­три­на­сының нақ осындай үлгісі тұң­ғыш рет Астана қаласы құрылыс алаңдарында тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қа­зақстандық архитекторлар Ас­тана қаласының бас жоспарына уақыт өте келе өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізді. Бұл орайда өңірдің экологиялық жүйесімен қала құрылысының бірегейлене салынуына басты назар аударылды. Елорданың бас архитекторы Елбасы өңірдің табиғи жағдайларын, ауа ра­йының құбылмалылығын ескере келіп, қала маңында жасанды орман алқабын қалыптастыруды күн тәртібіне қойды.

Мемлекет басшысының бас­та­масымен “Жасыл аймақ” мем­лекеттік кәсіпорны құрылып, Астана аумағын көгалдандыру шаралары қолға алынды. Қаланы Арқаның аңызақ желі мен сұрапыл дауылдарынан қорғау үшін жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, жасыл белдеу жасалынды. Халық арасында “Президент орманы” аталып кеткен бұл жасыл белдеу бүгінде 50 мың гектар алқапты алып жатыр. 10 жыл ішінде бой көтерген ағаштар сыңсыған жы­ныс­ты орманға айналды. Қазір бұл орманда қоян, түлкі, қарсақ, елік сияқты аңдармен қатар, өңірдің сәнін келтіретін жүздеген құстар ұя салуда. Ел­басының алға қойған мақсаты бойынша, алдағы уақытта бұл Астана орманы Бурабай өңі­рін­дегі қалың табиғи орманмен қосылуы керек. Сонымен бірге қаланың ішін көгалдандыру, әрбір құ­ры­лыс алаңын жасыл желекті баққа айналдыру жұмыстары да кең көлемде жүзеге асырылуда. Міне, осылайша доктор Курокаваның архитектуралық идеясының ар­ма­нына айналған “симбиоз” жүйесі алғаш рет Астанада жүзеге асты.

Сөйтіп, экологиялық жүйемен өзара үйлесімді жарасымдылық табатын қала құрылысын салудың “симбиоз” атты жаңа идеологиясы Арқа төсінде өмірге келді. Нә­ти­жесінде жартылай шөлейтті қазақ даласында төрткүл дүниені тамсандырған жерұйық қала – Астана салтанат құрды.

Ақиқатында Астана құрылысы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына айналды. Көкжиекпен көмкерілген жазира далада аспанмен таласқан ғи­ма­рат­тар сән жарастырып, сәулет өне­рінің салтанатын асырды. Аста­на­лық архитектуралық ансамбльде шығыс сәулет өнерінің жауһарлары мен батыс сәулетшілерінің батыл идеялары жарқырай көрініс тапты. Бас қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші Кисе Курокава жасаса, Астананың архитектуралық айбынын айшықтаған “Пирамида” мен “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығы атақты ағыл­шын архитекторы Норман Фостердің шығармашылық ізде­ні­сінің жемісі, ал бас қаланың сәулет және мәдени өмірінің сәнін асырған киноконцерт залы италия­лық сәулетші Манфреди Нико­лет­тидің қолтаңбасы болып табылады.

Лондон қаласындағы атақты Mіllennіum Brіdge ғимаратын, Пе­киндегі әлемдегі ең ірі әуежай құ­рылысын салған ағылшын сәу­лет­шісі, бүгінгі әлемдік архитек­ту­ра­лық ақыл-ойдың сұңғыла көш­бас­шы­ларының бірінен саналатын Норман Фостер дүние жүзі таныған реформатор Нұрсұлтан Назар­баев­тың идеясымен жүзеге асырылып жатқан қазақ даласындағы ғасыр ғажайыбы – Астана қаласының құрылысынан сырт қала алмады. Мемлекет басшысының шақы­руы­мен ол ғасырлық құрылыс алаңына келіп, Президенттің тікелей тап­сыр­масымен бас қаламыздағы Бей­біт­шілік және келісім сарайының ғимаратын тұрғызды. Сонымен бірге атақты архитектор әзірге сәулет өнерінде баламасы жоқ “Хан шатыр” ғимарат кешенінің құрылысын салды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. 

БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ САРАЙЫ “Әлемдегінің барлығы уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады” (көне египет мақалы).

Мысыр еліндегі ғасырлар қойнауынан сыр шерткен пира­ми­далар әлемнің жеті кереметінің бірінен саналады. Көне заманда тұр­ғызылған пирамидалар уақыт­пен тайталасып, мәңгілікті паш етіп, әлі күнге дейін ғалымдарды қайран қалдырып келеді. Ұлы­бри­тания­лық сәулетші Норман Фостер Астанадағы пирамида тұрғы­сын­да­ғы бұл сарайдың құрылысын 2006 жылы жүзеге асырған болатын.

Пирамиданың биіктігі – 62 метр. Ол топырақтан тұрғызылған биіктігі – 15 метр жасанды тө­бешіктің үстіне салынған. Астанадағы Пирамиданың жалпы аумағы 25,5 мың шаршы метр алаң­ды алып жатыр. Ғимараттың құрылысына 12 мың шаршы метр гранит тасы, 52 мың метр құрылыс ағашы, 15 мың тонна құйма бетон, 900 шаршы метр шыны жұмсалған. “Сембол-Иншаат” компаниясы ғимаратты 13 айдың ішінде салып бітірген.

Пирамиданың бірінші қаба­тында 1,5 мың орындық опера залы орналасқан. Залдың қақ ортасында үлкен сахна бар. Сахнадан 2,8 метр төмендікте оркестрге арналған орын лайықталған. Оған 80 адам сияды. Төртінші қабатта патша зал – Атриум залы қоныс теуіпті. 2090 метр аумақты алып жатқан Атриум залынан кейін “Бесік” залы бар. Залдың “Бесік” деп аталуының аста­рында әлемдегі негізгі 4 діннің арасында ешқандай алауыздыққа жол берілмей өмір сүру мағынасы жатыр. Залдың архитектуралық ансамблі тыныштық пен татулық бе­сігінде тербеле өмір сүруге үндейді.

“ХАН ШАТЫР”

Лорд Норман Фостердің қия­лынан шыққан тағы бір сәулет ға­жайыбы – “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығының ғи­ма­раты болып табылады. Бұл құрылыс Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архи­тек­ту­ра­лық жоба болып табылады. Тұ­ғыр­лы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған бұл кешеннің биіктігі 200 метрді құрайды. Оның негізгі қаң­қасы фторполимермен қап­талған ұсақ торлы алып шатырдан тұрады. Қаптауға пайдаланылған фторполимер ETFE – жарықты молынан өткізіп, ғимараттың ішін ыстық пен суықтан қорғайтын ғажап құрылыс материалы болып табылады. Құрылыс нысанының металл қаңқасы – 2300 тонна, шатырдың биіктігі – 150 метр.

“Хан Шатырдың” ішкі көлемі 110 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Бұл сауда және ойын-сауық орталығында ең үлкен қалалық бақ, ірі сауда орта­лық­тары, кинотеатр, концерт залдары болады. Сонымен бірге ғимараттың барлық қабаттарында дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан. Орталықтың ішінде тропикалық бақтар, гүлзарлар, субұрқақтар бар. Шатырдың шырқау биігінде 38 метр аумақты алып жатқан тө­ңіректі тамашалау мұнарасы бо­лады. Осы мұнараға шыққан аста­налықтар мен қала қонақтары елордамыздың ерен бейнесін құс қанаты жететін биіктіктен тамашалайды. Балалардың тамаша демалысы үшін биіктігі 7 және 4 метрді құрайтын су сырғанақтары жабдықталған.

 

“АБУ ДАБИ ПЛАЗА АСТАНА” 

Көркімен де, келбетімен де, көлемімен де көңіл өсіретін Астананың архитектуралық ансамбліндегі тағы бір айшықты құрылыс – Н.Фостердің ізде­нісінен туындаған “Абу Даби Плаза Астана” кешені болмақ. Құрылысы қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан бұл кешен биіктігі 88 қабат болатын мұ­нарадан, қонақ үй ке­шендерінен, мейрамхана-ойын-сауық орталығынан, дәстүрлі шығыс базарынан құралған. Сонымен бірге мұнда футбол алаңындай көлемді алатын қыс­қы бақ қоныс тебеді. Арқаның ақырған аяздарында бұл баққа келген астаналықтар шіліңгір шілденің ауасын жұтып, қысқы бақтың көк-жасыл кереметін тамашалайды. Бұл кешенде жеңіл метро-стансасы жұмыс істейтін болады. Кешен тәулік бойы жұмыс істеп, тұтыну­шылардың демалысы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды.

“БУРАБАЙ ЛЕЙКС РЕЗОРТС”

Астананың архитектуралық доктринасына сәйкес бас қала сәулет өнерінің өскелең же­тістіктерімен бірге таби­ғаттың тамаша тартулары жиын­ты­ғының симбиозын үйлестірген ХХІ ғасырдың ғажайып туын­дысы екендігін паш етті. Шындығында да жақын бо­ла­шақта Астана туристік Мек­кеге айналады. Оған Бри­танияның белгілі архитекторы Эрик Кюхненің жобасы бо­йынша жүзеге асырылып жат­қан “Бурабай Лэйкс Ре­зортс” кешенді демалыс аймағы дәлел болмақ. Эрик Кюхненің пікі­рінше Бурабайды Альпі, Анд немесе АҚШ-тың Құзды тау­лары сияқты әлемдік курортты аймақтармен ғана салыстыруға болады.

Егер Бурабай курорты толық мүмкіндігінде жұмыс істейтін болса, оған демалу үшін Қазақстанның жарты халқы келеді, дейді британдық сәулетші. Жоба толық жұмыс істей бастаған кезде Бурабайға жыл сайын 90 миллион турист келетін болады. Сонымен бірге мұнда еліміздегі құмар ойындар орталығы орналасады. Қорыта айтқанда, жер ұйығы Бурабайда табиғат құдіретімен жасалынған су, орман, тау ерекшеліктеріне негізделген барлық демалыс түрлері жұмыс істейді. Елі­міздегі ең үлкен гольф алаңы да осында орналастырылмақ. Ең бастысы, осы өңірдің 50 мың тұрғыны тұрақты түрдегі жұмыспен қамтылады.

*** Хью ПИРМАН, Британдық архитектура сыншысы. Әлем пирамидасы дала төсіндегі жаңа елордада салынатын орасан зор пирамида, ол қазіргі заманғы әлем кереметінің бірі бола алады. Ғимарат бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің, зорлық-зомбылықтан бас тартудың, адамдардың сенімі мен теңдігін нығайтудың нышаны болады деп жоспарлануда. Осындай ғимарат салуға тапсырыс беру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болу керек.

*** Жан-Клод РИГЕ, Халықаралық Сәулетшілер одағының Бас хатшысы. Халықаралық Сәулетшілер одағының Құрмет белгісімен ерекше жағдайларда әлемнің түрлі елдерінен сәулет өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан аса көрнекті қайраткерлер марапатталады. Жоғары награда Президент Н.Ә.Назарбаевқа оның Қазақстан сәулет өнерін дамытуда көрсеткен, әсіресе жаңа елорда – Астана қаласының салынуына байланысты көрсеткен айрықша көмегі мен қолдауы үшін берілген еді.

*** Шота УӘЛИХАНОВ, сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Қала дүние жүзіндегі үздік архитектура бойынша салынып жатыр. Мұнда бой көтерген кешендер, әуелі, әлемдік сәулет өнерінің жаңа туындылары болса, екіншіден, қазақ халқының арман-мұратын бойына сіңірген дүниелер. Әсіресе “Бәйтерек”, “Қазақ елі” секілді алып нысандар көне тарихтан сыр шертіп тұр. Бұл халық санасындағы қиял-ғажайыптың тірілген болмысы.

Осылайша жаңадан дүниеге келген Астана сұлулықтың, әдеміліктің символы. Кешікпей тұсауы кесілетін “Хан Шатыр”, “Абу-Даби Плаза Астана” кешендері мен 30 мың орындық жабық стадион, 3500 орындық киноконцерт залы елорданың ажарын ашатын дүниелер екені анық.

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.